Ғылым дамыған сайын адам баласының өмірі мен тұрмысына да сан алуан өзгеріс еніп жатыр. Сондай озық технологиялардың бірқатары қоғамдық тамақтандыру мен ауыл шаруашылығы саласында да пайдаланылуда. Бүгінде кейбір елдердің шаруалары ғажайыбы мол ғылыми тәсілді пайдаланып, аэропоникалық шаруашылық құрып отыр.
Ауада өсетін азық
3,717
оқылды

Қазірдің өзінде кейбір фермерлер мұндайды өз құпиясы ретінде санайтын болған. Алғашқыда ерекше техно­логиямен өсірілетін көкөністер мен же­міс-жидектер көбіне көрші Қытай елінде қолданыла бастаған. Одан басқа, қазір АҚШ, Германия, Жапония мен Оңтүстік Кореяда да мұндай шаруа­шылықтар саңырауқұлақша қаптап барады. 2000 жылдардың басында Қытайда алғаш жеміс-жидектердің сыртқы пішінін өзгертіп өсіру жаппай қолға алына бастаған. Мысалы, сыртқы көрінісі төрт бұрышты қауын-қарбыз бен асқабақтардан бөлек, алманың өзінің сан алуан пішіні пайда болды. Мұның құпиясын тасымалдауға қо­­лайлы деп көрсетті. Қытай мұнымен тоқтамай, тіпті топырақты қажет етпейтін көкөністерді өсірумен көзге түсе бастады. Әрине, халық саны күн санап көбейіп жатқан көршіміз онсыз да жетпей жатқан жерінің бетін үнемдеп, өнім алудың құпиясын көп іздеген. Бүгінде мұндай жолмен өнім алу Қытай үшін де, өзге ірі елдер үшін де ерек тәсіл болып тұр. 

Ең алғаш топырақсыз әншейін бел­гілі кеңістікте өнім алуды картоптан бастаған Қытай бүгінде өзге көкөністерді де осы тәсілмен өсірудің сырын меңгеріп алған. Қазір көршімізді түгелдей картоп өнімімен 30 пайыз қамтып отырған «ШИ-СЭН» компаниясы өнімінің 30 пайызға жуығын осы топырақсыз ауада өсіру технологиясымен өндіріп отыр. Бір қы­­зығы, мұн­­дай жол­мен өсірілген кар­­­топ­тың сырт­қы фор­­­­ма­сында еш мін бол­­­майды. Сыртқы қа­бы­­ғы тегіс әрі жұ­мыртқадай жұмыр бо­­­лады. Тағы бір айтатыны, ауада өсірілген қартоптың көлемі де біркелкі стандартты болып келеді екен. 

«Картопты отырғызу мен жинау қа­­­­­шанда көп еңбекті қажет ететін шаруа екені шындық. Енді жаңа технологияның арқасында мұнша көп еңбек шы­­­ғын­­далмайтын болып отыр. Ауада өнім өсіруді ғылыми тілде «аэропоника» деп атайды. Оны бағбандықтың заманауи тәсілі деп айтсақ болады. Бұл – топы­рақсыз ылғалды ауада өсімдіктерді өсіруге арналған жаңа экологиялық таза технология. Өсімдіктердің тамырына үнемі сумен және қоректік заттармен тұманды су бүрку арқылы жүзеге асы­рылады. Бүркпе су арнайы тем­пера­турада болады және судың құра­­мында өсімдікке қажетті барлық элемент сақ­талып, асқан дәлдікпен тұманды кеңіс­тікке жіберіліп отырады. Міне, осындай тәсілді күніне бірнеше сағат қай­­­­талау ар­­­­­қылы өнім уа­­­­қы­­тынан тез әрі таза болып жина­­­ла­ды», – дейді ауыл ша­­руа­­шы­­лығы ғылым­­­­­да­­ры­ның кан­­дидаты, агро­­­химик Анар Уәлихан. 

Ғалымның ай­­туын­­ша, көп жағ­дайда адамдар гид­ропоника мен аэро­пони­каны шатыстырып жатады. Не­гізінен, екеуі екі басқа жүйе. Гидро­поника тәсілі бізге ертеректен,  ХІХ ға­сырдың соңынан бастап белгілі. Бүгінде еліміздегі немесе әлемдегі жылыжайлар мен гүл өсіру кешендерінің дені осы гидропоника тәсілін пай­даланады. Мұнда өсімдік тамыры бекіп тұратын арнайы ылғал сіңіргіш кұ­ры­лымдық жүйе немесе ағынды алмас­палы су бассейні бар. Суда өскен өсімдік мей­лінше қоректік заттарға бай бола­­­тыны белгілі. Бу жүйесіне де әдеттегі өсім­дікке қажетті минералдар енгізіліп, же­міс беруіне жағдай туындайды деген сөз. 

Көп адам дәстүрлі ауылшаруашылық немесе гидропоникалық жүйелерді оң шешім дейді де, аэропондық жүйені теріс деп қабылдамайды. Аэропо­­­­­­­ни­каның басты артықшылықтарының бірі – сол өсімдіктерді тез өсірумен қатар тез арада жеміс алынады. Мұнда плантациялық орта ретінде ештеңе дайын­даудың қажеті жоқ. Алдын ала тамырларды ретімен қойып, оттегіне ба­рынша мол жол ашу қажет. Бұл топырақ жағдайын дайындаудан мүлдем өзгеше және оңай тәсіл болмақ. Себебі алдын ала қойылып реттелген тамырлар топы­рақтағыдай физикалық орта ар­­қылы кері әсерлерге ұшырамайды. Сыртқы күштің әсері де болмайды екен. 

Өндірістің тиімді құралы ретінде аэ­ропониканың үлкен артықшы­­лық­та­рының бірі өскіндердің бір-біріне ешқандай кедергі келтірмеуі. Керісінше, бір-бірімен минималды байланыста бола алады-мыс. Сондай-ақ өте кіш­кентай кеңістіктен көптеген өнім алуға мүмкіндік туады. 

«Өсімдіктер ауада ғана орналас­қан­дықтан, топырақта болатын зиянкестер мұнда болмайды. Сонымен бірге түрлі өсімдікке тән аурулар мен саңырау­­құлақтармен күресу әлдеқайда жеңіл. Мұның бәрі өнімділігі жоғары және өндірісі сапалы факторларға айналады. Мұндай технологиямен өсірілетін өсімдіктерге салат жапырақтары, кар­­топ, және өзге де шөптесін жемістер жат­қызылып отыр. Ал ғылыми тұрғыдан жетілдіріле отырып, алдағы уақытта апельсин, лимон сынды шырынды же­містерді де өндіру қолға алынуда. Бірақ әзірге ғылыми жетілдірілу үстінде деп айтсақ болады», – дейді агроном Сұлтан Сауыров. 

Мамандардың айтуынша, әзірге мұндай технологияны енгізу біздің Қазақ­стан үшін тиімсіз болуы мүмкін. Себебі ең алдымен халық мұндай жол­мен өсірілген өнімге үрке қарап, өнім шығарған шаруашылықтар қыруар шығынға батып қалуы ықтимал. Екін­шіден, біздің елде ауыл шаруа­шы­лығына арналған алқаптар жеткілікті. Соны технологияға мұқтаждық та жоқ. Деген­мен бір айта кететіні, аэропони­­­­­­калық және гидропоникалық жүйеде өсірілген кез келген өнімді сақтау мер­­зімі өте қыс­қа болады. Себебін ғалымдар өнім­нің бойында стреске төзімділік қасиет қа­лып­таспай балғын ортада жетілумен түсіндіреді. 

«Осындай бір кешеннің жалпы ауда­ны техникалық жайларды қоса алғанда 4 мың шаршы метрді құрайды. Техно­­­­логия мен әзірленген құрал-жабдықтар кешені сыртқы климаттық жағдайлар мен маусымға қарамастан жыл бойына бір шаршы метр алаңынан салмағы 10-15 грамм болатын 3 600-ге жуық шағын түйнек жинауға мүмкіндік береді. Аэро­пондық технология мен қондыр­­ғылар­дың артықшылықтарына алынған өнім­дердің саны мен сапасын арттыру мүм­­­­кіндігі зор боларына көз жетті. Со­­­ны­мен қатар өсімдіктердің вегета­ция­­лық кезеңін қысқарту және жыл бойына өсу циклдарының санын кө­бейту, мине­­ралды элементтер мен суды үнемдеуге де болатыны белгілі болды. Сондай-ақ оң­­тай­­­ландырылған спектрлі жарық шам­­­дарды қолдану арқылы энер­гия шығын­­­дарын айтарлықтай төмен­­детуге қол жеткізілді. Технология картоп өсімдігі­­­нің түйнектену процесіне әсер ете­­­тін негізгі химиялық және физи­ка­лық фак­­­торларды мақсатты пайдала­нуды көз­­дей­ді», – дейді Ресейдің картоп тұқымын өндірудің базалық орталықтар желісінің ғалымы Александр Кособ­рюхов.

Әлем бойынша аэропоника тәсі­­­лі­мен жеміс-жидек пен көкөніс өсірудің көшін жоғарыда айтқанымыздай, Қытай елі бастап тұр. Бұл елде әр жылда кар­­топты қоспаған күннің өзінде шамамен 360 мың тоннадан астам көкөніс өсі­ріліп, ашық нарыққа шығарылады екен. Одан кейінгі орында АҚШ пен Мексика тұр.

Бердібек ҚАБАЙ