Қыстың нағыз қытымыр аязында жылусыз қалу халық үшін аса үлкен қатер екенін Екібастұздағы жағдай былтыр тұтас елге айқындап бер­ген. Өкінішке қарай, сабақ алмаған секілдіміз.
Жылусыз қалды мына жұрт
коллаж: Елдар ҚАБА
1,183
оқылды

Биыл елдің бірнеше аймағында жылу желілеріндегі апаттың салдарынан ондаған мың халық күні бүгінге дейін жылусыз қалып отыр. Қыс басталмай жатып, жылу желілеріндегі болған жары­лыс­тар құзырлы органдардың жаз бойы «Шырылдауық шегірткедей ән салғанын» айғақтайтын сияқты. Сонымен қатар Кеңес заманында салынған жылу желілері мен ЖЭС-ның қай-қайсысы болса да, 90 па­йыз­ға дейін тозып жырым-жырым күйге түскені баспасөз бетінде ай­тылып та, жазылып та жүр...

Желтоқсанның жетісі күні Ақмола облысының өндірістік аймақтарының бірі – Степногорда жылу желісінде тағы бір ірі апат болып, қаланың бірнеше шағын­аудандары бірнеше тәулік бойы мүлде жылусыз қалды. Қаланы жылумен қамтуға жауапты «Степногор теплотранзит» ЖШС-ы жылудың магистралды торабын­дағы жарылудың салдарынан қаланың 3, 6, 7, 9 шағынаудандарында жылудан то­лық­тай ажыратылғанын хабарлады. Шаһардағы жылу желісіндегі апаттан 9 мыңнан астам халық 30-35 градус аязды күндері бірнеше күн бойы жылусыз әрі жарықсыз қалуға мәжбүр болған. Жылу трассасындағы апатты қалпына келтіру жұмыстарының басы-қасында облыс әкімі Марат Ахметжанов та болды. Өңір басшысының тікелей тапсырмасымен қаладағы жылу жүйесін қалпына келтіру үшін жедел штаб құрылды. Арада бірнеше сағат ішінде жылу желісіндегі апат болған құбыр жөнделіп, қалаға жылу беріле бастаған. 

Ақмола облысының әкімдігі жылу жүйе­сіндегі апат жойылып, қаладағы жылумен қамтудың қалпына келтірілгенін мәлімдеді. 

– Үш энергетикалық қазандық пен 1 ыс­тық су қазандығы жұмыс істеп темпера­туралық режим қалпына келтірілді. Бар­лық тұрғын үй қоры жылумен қамтамасыз етілген. Температураның нормадан – 35%-ға дейін төмендеуіне байланысты қалалық әкімдік тұрғындардың өтініштеріне жедел әрекет ету үшін жергілікті топтар құрылған жедел штабта жұмысын жалғастырады. Коммуналдық қызметтер тәулік бойы жұ­мыс істеуге ауыстырылды. Штаб құрамына әкімдік, төтенше жағдайлар, ЖПҚ, ден­саулық сақтау саласының қызметкерлері мен еріктілер кіреді. Энергетикалық мекемелердің қызмет­кер­лері үй ішіндегі жылу жүйесінде ақау­лар бар үйлердің бар-жоғын анықтау үшін қалалық жылу жүйелеріне мониторинг жүргізеді. Үйлері ішкі жылу жүйесіне қа­тысты ақауы бар азаматтарды тез арада шешу үшін ҚСК-ға ақпарат беруін сұрай­ды, – деді Ақмола облысының әкімдігінен.

5 миллиард теңгеге жөнделген 

Ал осыған дейін қараша айында Степногор қаласының әкімі Алпысбай Қайыржанов шаһардың жылу жүйесіне 5 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалып, жылу жүйелері жөндеуден өткенін хабарлаған. Жылу желісінің тозуы 80 пайыздан асқан. Мұнымен қоса Үкіметтің резервінен бөлінген қаржымен қаланың 7,8 мың шақырымдық ішкі жылу магис­траль мен тағы осынша көлемдегі жылу жүйесі кәсіпорынның өз есебінен жөндел­ген. Алайда миллиардтар жұмсалған жылу желіcі арада ай өтпестен апатқа ұшырады. 

Қала және облыс әкімдіктері жылу жүйелері қалпына келтіріп тұрғын үйлер жылытылды дегенімен, қалтырап тоңып шағымданып жатқан тұрғындардың қата­ры қалың. Қаланың бірнеше шағын­ауданында жылусыз қалтырап қалған тұрғындар шағымын айтып, редакцияға ащы жанайқайын жеткізді. Атап айтқанда, Степногордың іргесіндегі Заводской кентімен шаһардағы бірнеше шағынаудан­да жылу берілгенімен жылу жүйелері жарылып, тұр­мыстық техникасы мен дүние-мүлкі бү­лінген жұрт үйлерінің күні бүгінге дейін адам төзгісіз суық болып тұрғанын айтып отыр. 

– Бірнеше тәуліктен бері дос құрбым­ның үйін паналауға мәжбүрмін. Қаланың бірнеше тұрғын үйінде жылу жүйесі жарылып, су кетті. Қабырғалар ісініп, үй­ іші малмандай су болды. Тұрмыстық техникалар істен шықты. Қазір үй іші толықтай сыз басып тұр. Жылу да, жарық та жоқ. Қатып қалған құбырларды өз есебімізден ауыстыру керек екенбіз. Пәтер иелері кооперативіінің ештеңеге қатысы жоқ сияқты. Үйде «Теплотранзит» жұмысшы­лары жұмыс жүргізіп жатыр. Қазір үйде тұру мүмкін емес. Басқа пәтерлер жылыт­қыш қосып амалдап тұрып жатыр. Ал менің пәтерімде қабырғалар су болған­дықтан электрді іске қосу мүмкін емес, – дейді Степногор қаласының тұрғыны Екатерина Сергеевна. 

Әкімдік жағдайдың реттелгенін хабар­лағанымен, тұрғындар қалада төтенше жағдай жариялауын талап етуде. Қала тұрғындарының айтуынша, шаһардың бірнеше шағынаудандарында әлі күнге дейін жылу жоқ. Алайда жылудың ПИК ақысының тарифі де еселеп өсіп кеткен. 

«Төтенше жағдай жариялау керек!», «Екібастұздағы жағдай қайталанды», «Степногор мұздап отыр. Төрт тәуліктен бері жылу жоқ. Пәтерлерде температура 12 градустан аспайды. Апаттан қалпына келтіруге адамдар жетіспей жатыр. Жұбай­ларымыз шатырда тұрбаларды өздері қыздырып жүр», – деп жазды тұрғындар. 

Батереялардан су орнына мазут аққан

Степногор қаласымен қоса өңірдің басқа қалалары мен аудандарында жылу жүйелері апатынан жылусыз қалған жұрт­тың қарасы қалың. Щучинск қаласында батареялар мұздап кеткен соң үй темпера­тура­сын аз-маз болса да көтеру үшін тұрбалардан ауа шығармақ болған. Бірақ судың орнына қап-қара мазут аға бастаған. 

Қалада жылу желісінде апат болғанын Бурабай әкімдігіне қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мойын­дады. Апат №12 жылу қазандығында болған. Мұндағы жылу жүйесіне екі мыңнан астам абоненттер қосылған. Сондай-ақ жылумен «Бурабай курорты» стансасының теміржол кәсіпорындары мен «Станционный» шағынауданы қамтылады. Жылу желісінде мазут сыйымдылығының диаметрі 32 милеметр  тұрбасы жарылған болып шықты. Ведомство басшысы мазут жылу жүйесінде сумен араласып ішкі жылу жүйесіне еніп кеткенін айтты. Сондықтан батареялардан ауа босатпақ болғандар сумен араласқан мазуттың куәсі болған. 

– Биыл біз Щучинск қаласындағы жылу қазандықтарына жөндеу жүргізген­біз. Қалада жеті жылу қазандығы бар. Бұл мақ­сатқа бюджеттен 500 миллион теңге бө­лін­ген. Оған жылу агрегаттарын, тиісін­ше сорғы топтарын ауыстыру кірді. №12 жылу қазандығында бір қазандық жөн­делді. Біреуін толықтай аустырып мазут қоймасы қапталды. Мазут қоймасы дәл осы қазандықта болып барлық мазутты сақтауға арналған. Сонымен қатар қалған барлық алты жылу қазандығын мазутпен қамтамасыз етеді. Яғни, барлық вагон осы қазандыққа жеткізілетін. Мазутты қыз­дыру үшін бу қолданылады. Бу осындағы қазандықтың арнайы қазандарында өңде­леді. Жақында қазанның соңы қарашаның басында осы сыйымдылықтың жарылғаны анықталып, тиісінше бу құбырына мазут түскені белгілі болды. Одан кейін мазут конденсат сыйымдылығына кейін жылу жүйелеріне кеткен. Мұның аса қауіпті деп айта алмаймын. Мазут ыстық судың ықпа­лы­мен еріп жуылады. Толығымен болмаса да 80 пайызға дейін жуылады. Әрине, қабырғаларында қара дақ қалады. Қазір суды кері айналдырып мазуты ағызып жатырмыз. Бәрі сәтті жүріп жатыр, – дейді ТҮКШ бөлімінің басшысы Арман Әб­дірахманов.  

Аудан әкімдігі қаланың барлық 7 жылу қазандығы штатты режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Дегенмен «Бурабай су арнасы» тұрғындардан жылу жүйесіндегі суды кәрізге төкпеуді өтінді. Олардың айтуынша, бұл кәріз жүйесін толықтай апаттық жағдайға әкелмек. 

– Мұнай өнімдерінің қаланың кәріз жүйесіне түсуі тазарту қондырғылары кешендегі бактериялардың өлуіне әкеліп соғады. Олар қаланың кәріз жүйесін тазартады. Бактериялардың өлуі тұтас қалада, тіпті тұтас Бурабай ауданын эко­логиялық апатқа ұшыратады. Өйткені ағынды кәріз суларын тазарту мүмкін болмайды, – дейді «Бурабай су Арнасы» коммуналдық кәсіпорнынан. 

Тұрғындар радиаторлардағы мазутты осыған дейін де тазалауға мәжбүр болға­нын жеткізді. Зерендіде де жылу желісінде апат жиі болып тұр. Тек өткен айда ғана электр энергиясы апатты жағдайдан ажыратылып, жергілікті блок-модульды қазандықтан жылу беру тоқтап қалған. Коммуналдық кәсіпорындар күйіп кеткен жабдықты ауыстырып, орталық жылу торабына қыздырылған суды жіберуге мәжбүр болды. Осы жылдың наурызында да қатқан мұз жылу жүйелерінің тіреулерін құлатып, салдарынан алпыстан астам көп қабатты үй мен төрт жүзден астам жеке­мен­шік үй және ондаған әлеуметтік нысан жылусыз қалған. Қыстың алғашқы суығын зеренділіктер де үйлерінде мұздап қарсы алды. Тұрғындардың айтуынша, үйдегі крандағы су да қатып қалған. Аудан орта­лығында жылу желісі бар жаңа қазандық арғы жылы ғана салынған. Жобаға бюд­жеттің 850 миллион теңге қаржысы шы­ғын­далған еді. Аудан әкімдігі қазандықтың дұрыс салынбай бас мердігермен соттасып жатқанын да мойындаған. 

Соңғы күндері облыс орталығы – Көкшетауда да жылу мәз емес. Қаланың бірнеше шағынауданында халық мұздап отыр. Жылу электр орталығы жоқ елдегі жал­ғыз облыс орталығында жаңа ЖЭО салынатыны жөнінде облыс әкімі Марат Ахметжанов жақында Ресеймен келісім жасалғанын хабарлаған. Қазір оның жоба­лық сметалық құжаттамасы жасалуда. Ал қа­зіргі жылу қазандықтары қаланы толық­тай жылумен қамтуға қауқары әлсіздігі осыған дейін де айтылған. 

 

P.S. 

Қысқасы, өңірдің жылу жүйелері жыл­дар бойы жөндеу көрмегендігінен қарапайым халық зардабын тартып отыр. Түйін қашан толықтай тарқатылатыны беймәлім. Тұтас ел бойынша жылу жүйесінің тозып, жылу жүйелерінің бірінен соң бірі жарылуда Үкімет пен тиісті министрлік жедел әрекет етпесе одан әрі бұдан да ірі апаттардың болары анық сияқты... 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы