"Лу Бань шеберханасы" – бұл электромобильдерге қызмет көрсететін инженерлерді даярлайтын орталық.
Шығыста "Лу Бань шеберханасы" ашылды
2,805
оқылды

Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық нәтижесінде  "Лу Бань шеберханасы"  ашылды.

Шеберхананың ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев, Қытайдың елшісі Чжан Сяо және Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты.

Бұл шеберхананы құру туралы келісімге Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына көктемдегі сапары кезінде қол қойылған еді.

"Лу Бань шеберханасы" қолданбалы технология және жоғары техникалық білім саласындағы жоба. Ол Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен Тяньцзинь кәсіптік институты арасындағы ынтымақтастық аясында жүзеге асырылды.

Бүгін елімізде тұңғыш рет "Лу Бань шеберханасы" ашылып жатыр. Мұны екі ел арасындағы достықтың нышаны деп айтуға болады. Бұл тікелей Мемлекет басшысының бақылауында іске асырылған жоба. Ғылым және жоғары білім министрлігі ең алғаш ашылғанда ел аумағында осындай зертханалар құру туралы тапсырма берген болатын. Бүгінде шетелдің ең мықты оқу орындарын елімізге шақырып, филиалдарын ашып жатырмыз. Алдағы 5 жылда еліміздің тағы 3-4 қаласында осындай шеберхана ашу жоспарымызда бар,  деді Саясат Нұрбек.

«Қазақстанда шеберхананың ашылуы студенттерімізге Қытайдың заманауи жабдықтарын пайдалана отырып, автомобиль технологияларын меңгеруге мүмкіндік береді және болашақ инженерлерді дайындауға ықпал етеді. Бүгінде әлемнің 19 елінде 20  "Лу Бань шеберханасы"  жұмыс істейді»,  деді Ермек Көшербаев.

Чжан Сяо өз сөзінде бұл шеберхананың маңызы зор екенін, екі ел арасындағы көпір болатынын, Қытай елінің алдағы уақытта да Қазақстанмен осындай жобаларды қолға алуға ниетті екенін жеткізді.

Айте кетейік,  "Лу Бань шеберханасы"  бұл электромобильдерге қызмет көрсететін инженерлерді даярлайтын орталық. Мұнда студенттер электр стансалары мен аккумуляторлық батареяларды жөндеуге машықтанады.