Шортанды ауданына қарасты Бозайғыр ауылында қос қабатты тұрғын үйден өрт шығып, 8 бірдей отбасы баспанасыз қалды.
Сегіз отбасы баспанасыз қалды: Шортандыда қос қабатты үй түгелдей өртеніп кетті
864
оқылды

Шортанды ауданына қарасты Бозайғыр ауылында қос қабатты тұрғын үйден өрт шығып, 8 бірдей отбасы баспанасыз қалды, - деп  хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.

Қос қабатты тұрғын үйдің күл-талқаны шығып өртенгендіктен, 30 градустан астам аязда қалған тұрғындар далада қалған. Қазіргі уақытта жергілікті билік пен тұрғындар аса қиын жағдайда қалған отбасыларға қолдарынан келгенше қаржылай, киім және азық-түлікпен көмектесіп жатыр. Зардап шеккен өртенген үйдегі отбасылар уақытша болса да жергілікті колледждің жатақханасына орналастырылған. 

Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, тілсіз жау кеше түнгі сағат 23.51-де тұтанған. Өрт 00.30-да ауыздықталып, түнгі 01.30-да сөндірілген. Өкініштісі, сол бүгін таңғы сағат 08.35-те дәл сол үйдің №7 пәтерінде тағы да өрт болған. 

Қазіргі сәтте өрт ауыздықталды. Оқиға орнында 11 адам мен 2 техника бірлігі қызмет етуде. Сонымен қатар Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің 3 техникасы мен жеке құрамының 8 сарбазы жұмылдырылды. Абырой болғанда зардап шеккендер мен құрбан болғандар  жоқ. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр, - деді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен. 

Өрт шыққан үйде құрамында өрт зертханасы мен Төтенше жағдайлар департаментінің тергеушісі зерттеу жүргізуде. Жергілікті атқарушы органдар тұрғындарды көшіруге барлық шаралар қабылдауда. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы