Сот шешімімен 19 жастағы жігіт 16 жылға сотталды.
Түркістан облысында жасөспірім қызды пышақтап өлтіргендерге сот үкімі шықты
1,066
оқылды

Түркістан облысында 9-сынып оқушысы Аружан Орынбайды қатыгездікпен өлтіргендерге қатысты үкім шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Сот шешімімен 19 жастағы жігіт 16 жылға сотталды. Ал қылмысқа қалай барғанын толық мәлімдеген 17 жастағы екінші сотталушы 1 жыл төрт айға бас бостандығынан шектелді. Алайда оған прокурор 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады, – деп хабарлайды Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

«Сот үкімімен сотталушы Б. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 194-бабының 1-бөлігімен, 99-бабының 2-бөлігінің 10,14-тармақтарымен кінәлі деп танылып, оған түпкілікті 16 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеу тағайындалған. Сотталушы Т.-ға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің  434-бабымен кінәлі деп танып, оған 1 жыл 4 ай бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындаған. Үкім заңды күшіне енген жоқ», – деді Түркістан облыстық сотының баспасөз хатшысы Әсет Серікбаев.  

Жасөспірім қызды 11-сынып оқушысы мен 19 жастағы ауылдасы өлтірді деген күдікке іліккен еді. Олар марқұмның фотосын әлеуметтік желіге жарияламас үшін миллион теңге талап еткен. Алайда Аружан бұл жайында туыстарына хабар бермек болған. Сондықтан екі ауылдасы оны пышақтап, арыққа ағызып жіберген.

Қаза тапқан қыздың анасы сот шешімімен келіспейтінін, сондықтан аппеляцияға жүгінетінін айтты.

«Бейбарыс деген баланың қатысы бар екен. Төлеп деген бала бұл жерде қызымды шығарып берген екен, бірақ ол да қызымды өлтіруге қатысты емес пе? Сондықтан соттың шығарған шешіміне мүлде келіспеймін. Адам өлтіріп тұрып бір баланы 16 жылға соттаса, екіншісін 1,5 жылға ғана үйқамаққа жібереді. Ол бұрынғы әкімнің баласы, бірақ кімнің баласы болса да, жасаған қылмысының жазасын алуы керек. Мен бұған қарсы болып отырмын», – деді марқұмның анасы Динара Зілғараева.