Құқық қорғаушы 5 жарым жас шамасында көршінің жеткіншек ұлы зорлағанын айтады.
«5 жасымда көршім зорлады»: құқық қорғаушы Ляззат Рақышева ел білмейтін құпиясын ашты
Фото: twitter.com
1,691
оқылды

Құқық қорғаушы Ляззат Рақышева ел білмейтін құпиясын ашты. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, – деп хабарлайды  Aikyn.kz. 

«Бесікте уілдеп жатқан бөбек тағдырдың жазуымен жетім қалады. Ана сүтінің дәмін татып та үлгермейді. Кейін кішкене сәбиді 5 жарым жас шамасында көршінің жеткіншек ұлы зорлайды. Балалықтың да бал дәмін татып үлгермеді. Уақыт өте тұрмысқа шығып, ең ауыр күндер басталады. Адам төзгісіз ауыр кезеңді бастан өткеріп, ақыры ажырасып тынады. Қолында көзі жәутеңдеп қызы қалды. Жар бақыты дегеннің не екенін де ұғыну бұйырмады. Содан соң өмір үшін күрес басталады. Бастан кешкеннің бәрін жеңіп, өзінің және кішкене сәбиінің болашағы жарқын болуы үшін тынбай еңбек ету, шаршамай күресу, өмірден өз үлесіңді алу үшін жан-тәніңмен тырысу керек екенін ұғады. Мұның бәрі шытырман оқиғалы киноның үзіндісі емес, менің бастан кешкенім. Біреу білсе, біреу білмес, қайғы мен қиындық дегеннің не екенін бір адамдай ұғынған, бастан өткерген жанмын», – деп жазған ол. 

Айтуынша, сынып кетпеуіне жақын адамдары көмектескен.

«Сынып кетуге шақ қалғам... Сынбадым...  Сынып кетпеуіме көмектесті көп адам. Менің өмірге деген құлшынысымды оятқан жан көп емес. Бірақ мен үшін өте қымбат, жаныма жақын: жан жарым, балаларым, туғандарым, достарым...  Ал кәсіби тұрғыда бастан кешкеннің бәрін ақылмен меңгеріп, психологиялық тұрғыда "қайта тірілуім" үшін маған психологтың көмегі керек болды. Маманды мықтап іздедім. Ақыры таптым. Арада қанша уақыт өтсе де, сол таңдауыма еш өкінген емеспін. Әлі күнге дейін бірге жұмыстанып, Ләззат Рақышеваның ең мықты нұсқасын бірге жасап келеміз. Әлі күнге әлсіреп, сынып кетуге шақ қалған сәттерде сабыр іздеп алдына барамын», – дейді ол.