«Мемлекет басшысының трансферттік баға белгілеу бойынша бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, заңға тиісті түзетулердің жобасы әзірленді.
Халықаралық операциялардан мемлекетке түсетін кіріс көбейеді – Қаржы министрі
698
оқылды

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, – деп хабарлайды  Aikyn.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

Құжатты әзірлеудің мақсаты – Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу саласындағы заңнамасын жетілдіру және трансферттік баға белгілеуді, сондай-ақ капиталды елден шығаруды бақылау шараларын күшейту.

«Мемлекет басшысының трансферттік баға белгілеу бойынша бақылауды күшейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, заңға тиісті түзетулердің жобасы әзірленді. Заң жобасы Экономкалық ынтымақтастық және даму ұйымының сарапшыларымен алдын ала пысықталып, қолдау тапты. Бұл ретте, еліміздің экономикалық ерекшеліктері ескерілді», – деді Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Министр тұжырымдамалық өзгерістерге тоқтала келе, нарықтық бағаны анықтау әдістерін қолдануды жетілдіру қарастырылғанын айтты.

«Қазіргі кезде заңда нарықтық бағаны анықтау әдісінің 5 иерархиясы қарастырылған. Мәселен, егер салық төлеуші бесінші әдісті қолдану керек деп санаса, онда ол алдымен алдыңғы төрт әдісті қолдану мүмкін еместігі туралы негіздемелер дайындауы керек. Осыған орай халықаралық мәмілелердің сипатын ескеріп, заң жобасында нақты қай әдісті қолдану керектігі анықталады. Бұл шешім салық төлеушінің де, тексерушілердің де әкімшілік шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Екіншіден, нарықтық диапазонды айқындау тетігін енгізу ескерілген. Қазір баға диапазоны мен рентабельділік нарықтық бағалардың минималды және максималды мәндерімен айқындалады. Ол нақты бағаларға сәйкес келмеуі де мүмкін. Заң жобасында неғұрлым әділ бағаларды белгілеу мақсатында диапазонды тарылту ұсынылды. Бұл қадам халықаралық практикаға сәйкес келеді», – деді Е. Жамаубаев.

Үшіншіден, капиталды шығаруға бақылауды күшейту мақсатында тараптардың өзара байланыстылығын айқындауды кеңейту қарастырылған. Себебі кейбір ірі салық төлеушілер жасанды делдалдық құрылымдар құрады.

«Шикізат өнімдерін сондай «эксклюзивті» трейдерлерге төмендетілген бағамен сату фактілері бар. Бұл ретте ондай трейдерлер бойынша қаржылық есептілікті алу мүмкін емес. Яғни тексерілетін мәмілелер бойынша жеткілікті ақпараттың болмауына байланысты елден капиталды алып кету тәуекелі туындайды. Сондықтан өзара байланысты тараптар ұғымын кеңейту ұсынылды», - деп түсіндірді Қаржы министрі.

Бұдан бөлек, тауар биржаларында жасалған мәмілелерге трансферттік баға белгілеу бойынша бақылау жасау қарастырылған. Қазіргі кезде трансферттік баға белгілеуге қатысты бақылау еліміздің тауар биржаларында жасалған мәмілелер бойынша жүзеге асырылмайды. Әдетте, ондай мәмілелер нарықтық құннан төмен бағамен жасалады. Бұл елден капиталды сыртқа шығаруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты, заңнан жоғарыда аталған норманы алып тастау ұсынылды.

«Аталған түзетулер әлемдік және отандық тәжірибені ескере отырып әзірленді. Бұл халықаралық операциялардан мемлекетке түсетін кірістерді ұлғайтуға мүмкіндік береді», – деді Е. Жамаубаев.