Бұл ретте Сенат депутаты, Кеңес мүшесі Ақмарал Әлназарова халықаралық тәжірибеде білім саласындағы әлеуметтік қызметкердің рөлі айрықша екенін атап өтті.
"AMANAT" жанындағы кеңесте білім мен ғылым мәселесі талқыланды
1,200
оқылды

«AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысының «Адал азамат» тұжырымдамасы негізінде ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін білім берудің барлық деңгейінде атқарылып жатқан істер, партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру барысы және отандық ғылымды қолдау мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы» деп атап көрсетті.

Осы орайда Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының тәрбие мазмұнына «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» енгізді. Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанның айтуынша, бағдарлама ұлттық, адами құндылықтарға негізделген.

«Мүдделі мемлекеттік органдарымен «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» іске асыру жөніндегі бірлескен жоспар әзірленіп, 2023-2024 оқу жылының кешенді жоспары жасалды. Онда «Ұлттық мүдде», «Ар-ұят», «Талап» құндылықтарына сай тақырыптар берілген. Бұл тақырыптар мектептің сынып жетекшісіне, педагог-психологына, тәлімгерге жүктелетін тәрбие сағатында қамтылады», - деді ол.

Бұл ретте Сенат депутаты, Кеңес мүшесі Ақмарал Әлназарова халықаралық тәжірибеде білім саласындағы әлеуметтік қызметкердің рөлі айрықша екенін атап өтті.

«Өзге елдерде баланың киімі бүтін бе, тамағы тоқ па, жалпы жағдайы мен отбасындағы ахуал дұрыс па соның барлығымен әлеуметтік қызметкер айналысады. Ал біз мектептердегі психологпен ғана шектеліп отырмыз және медицина саласында 10 мың адамға 1 ғана әлеуметтік қызметкер бар. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастырамыз деп үлкен істі бастағалы отырғанда, бұл мәселені тиянақты қолға алып, «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» мектептерде жүзеге асырумен кім айналысатынын анықтап алумыз керек деп ойлаймын», - деді сенатор.

Бұған қатысты вице-министр «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» жүзеге асыру үшін қосымша сағаттар енгізілмегенін, ол мектептегі тәрбие сағатының аясында жүргізілетінін жеткізді.

«Біз тәрбие сағаттарының мазмұнын анықтап беріп жатырмыз және оны ары қарай жетілдіруге шығармашылық еркіндік берілген. Ал әлеуметтік қызметкерлердің санына келетін болсақ, 500 балаға 1 педагог-психолог тәртібімен олардың штаты көбейтіледі», - деді ол.

«AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Жол картасының балаларға арналған қосымша білім беруді ұйымдастыру мәселесіне қатысты баяндама жасаған Еділ Оспан бүгінде елімізде 11 мыңнан аса балалар сауықтыру орталығы жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. 2023-2026 жылдар аралығында Жол картасы аясында еліміздің аймақтарында бірнеше сауықтыру орталығын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның ішінде Түркістан облысында – 5, Абай облысында 4 нысан, ал Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Маңғыстау, Ұлытау облыстары мен Шымкент қаласында 3 орталықтан іске қосылады. Батыс Қазақстан, Жетісу, Қызылорда, Павлодар облыстары және Алматы қаласында 2 орталықтан ашылса, Астана қаласы, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында бір ғана нысаннан іске қосылмақ.

«Өңірлер бұл тапсырманы жаңа құрылыс немесе әлеуметтік нысандарды, резиденцияларды қайта жасақтау есебінен орындауды жоспарлап отыр. Бүгінде 7 университеттің жанында студенттер мен балаларға арналған сауықтыру орталығы жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, 3 жоғары оқу орнында практикалық сабақтарға арналған спорттық-сауықтыру, оқу-өндірістік кешендері бар. Олардың қабырғаларында да сауықтыру орталықтарын құру мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынамыз», - деді Оқу-ағарту вице-министрі.

Бұл ретте Кеңес мүшелері жоғары оқу орындары базасынан ашылатын сауықтыру орталықтарындағы қауіпсіздік шараларына алаңдаушылық білдірді. Ал министрлік өкілі осыған дейін балалар лагерінде орын алған жағдайлар бұл саланың ешқандай мемлекеттік орган тарапынан реттелмей келуімен түсіндірді. Вице-министр оқу-сауықтыру орталықтарындағы балалармен жұмыс істейтін мамандарға, қауіпсіздікке қатысты талаптар күшейтіліп жатқанына сендірді.

Отандық ғылымды қолдау мәселесіне қатысты сөз алған Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жас ғалымдарды қолдау күшейтілгенін алға тартты. Оның айтуынша, жас ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыруға арналған конкурстардың нәтижесінде 913 жоба іске асырылуда.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты, Кеңес төрағасы Жұлдыз Сүлейменова, Мемлекет басшысының жас ғалымдарды қолдауға қатысты нақты міндет қойғанын алға тартып, осы бағытта қандай жұмыс атқарылып жатқанын сұрады.

Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Асылхан Бибосыновтың айтуынша, жас ғалымдарды қолдау бойынша бірнеше бағытта жұмыс атқарылып жатыр.

«Гранттар мен бағдарламаларды алсақ, оларды иеленетіндердің 30%-ы – 40 жасқа толмағандар. Екіншіден соңғы жылдары жас ғалымдарға бөлек гранттар беріледі. Жас ғалымға арналған индивидуалды және 7 адамнан тұратын ғалымдар тобына берілетін гранттар бар», - деді ол.

Дегенмен, Кеңес мүшелері бүгінде жас ғалымдарға көрсетілетін қолдау, оларды қоғам танып, ашқан жаңалықтарынан жұртшылық хабардар болуы үшін атқарылып жатқан жұмыстар жеткіліксіз деп есептейді. Сондықтан да аманаттықтар жас ғалымдарды, осы саладағы реформаторларды қоғам танымайды, жас ғалымдардың ортақ платформасы жоқ, ғылымның насихаты кемшін деген мәселелерді ведомство өкілдеріне жеткізді.