Қазақстан Республикасының Тәуел­сіздігі күні мерекесі қар­саңын­да еліміздің ең қиыр оңтүстік нүктесі – Жетісай қаласы «АМАNАТ» партиясының аудандық филиа­лында «Кітап-АМАNАТ» мәдени-ағартушылық орталығы ашылды.
Шекаралық аймақ қазақтілді кітаптармен қамтылды
1,321
оқылды

Партиялық алаң осылайша Прези­дент айтқан ұлттың жаңа сапасын қа­лыптастыруға үлес қосып,  адам­ның ішкі әлемін байытып қана қой­май, оны адамгершілік қасиетке, азаматтық ізгілікке, елжанды мі­нез­ге тәрбиелейтін ортаға айнал­мақ.   

«Кітап-АМАNАТ» жобасының маңызы жөнінде партияның Түркістан облыстық филиалы төрағасының мін­детін атқарушы Қалыйма Жантөреева баяндады. 

«Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда кітап басып шығару ісі идеология жұмысындағы бас­ты бағыттың бірі екенін айтты. Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды басып шығару өте қажет екеніне көңіл бө­ліп, балаларды ұлттық құндылық негізінде тәрбиелеу үшін сол бағыттағы кітаптарды оқытып, жалпы кітапқа деген қызығу­шылығын оятудың маңы­зы­на тоқталып, арнайы тапсырма берді. «АМАNАТ» партиясы осы міндет ая­сында барлық өңірлерде арнайы орталық ашып отыр. Түркістан өңірі партия бас­тамасын ше­каралық аймақ саналатын Жетісай ауданынан ашып, қазақтілді әдебиетке кең өріс ашып отыр», – деп атап өтті.

Орталықта жұртшылық кітапты жа­зып алып та, сатып алып та оқуға мүм­кін­­дік алмақ. Партияның облыстық фи­­лиалы баспагерлік ұйымдармен ар­найы меморандумға қол қойып, сұ­ра­нысқа ие қазақтілді әдебиеттердің ха­лық арасында кең таралымға ие болуы­на жәр­демдеспек. Бұл бағытта Же­тісай ау­да­нындағы мәдени-ағартушылық орта­лыққа алғашқы 1 500 кітап жет­кізілді. 

Орталықтың ашылу салтанатына қатысқан Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов көзі ашық, көкірегі ояу Жетісай жұртшылығы кітаптың қадір-қасиетін ұғатынын жеткізді. Ауданда жуырда өткен кітап фестивалі оған дәлел бола алатынын атап өтті. Бүгін осы дәстүр ізімен партиялық алаңда «Кітап-АМАNАТ» жобасының іске асуын жақ­сылыққа балайтынын айтты. Идеоло­гиялық жүктемесі ауқымды бұл бастама арқылы тұрғындардың әдеби танымын кеңейту, оларды баспадан шыққан қазақтілді жаңа кітаптармен таныстыру, тұрғындардың сапалы әдебиетке қол жеткізуіне жәрдемші болу міндеті ат­қарылатынын атап өтті. Сондай-ақ пар­тия ашқан алаңда отандық әдеби ор­тамен, кітап авторларымен, баспагерлік ұйымдардың өкілдерімен мәністі жүз­десулер өтіп, көркем және балалар әде­биеттерінің, танымдық кітаптардың, ғы­лыми публицистикадағы соңғы жаңа­лықтардың таныстырылымдары, шы­ғармашылық кездесулер тұрақты түрде өткізілетінін жеткізді.

Ағартушылық орталықтың ашылуы­на ауданның белді азаматтары қатысып, игілікті бастаманың сәтті болуын тіледі. Сондай-ақ аудан тұрғындарына ақжарма тілектерін партияның Түркістан об­лыстық филиалы жанындағы MIRAS кеңесінің мүшелері де білдіріп, аудан тарихындағы елеулі жоба табысты болатынына сенімдерін білдірді. 

Айтулы жобаның қиырдағы қасиетті Жетісай топырағында жүзеге асып жатқанына шын қуаныштарын білдірген көпшілік ұлт пен жұрттың райы мен шырайын білдіретін кітап әлемі өміршең құндылық екенін жеткізді. Кітаптан алар тағылым мен қуат, өнеге мен үлгі орасан екенін айтты. Айта кету керек, Түркістан өңірі ежелден білім-біліктің қасиетті қара шаңырағы, үздік өркениеттің ордалы мекені болған. Тарихта ізі қалған әйгілі «Отырар кітапханасы» қазақ да­ласы байырғы дәуірдің өзінде-ақ ғы­лымға дем берген, адамзатты білімге бас­таған шамшырақ жұрт – Жерұйық болғанын көрсетеді. Жетісайда ашылып отырған ағартушылық ортақ бұрын­ғының игі дәстүрін жалғайтынына се­німіміз мол.

Кітаптың ғибратты мәнін халыққа жеткізіп, ағартушылық қызметімен ел ырысын арттыруға «АМАNАТ» пар­тия­сы Жетісай аудандық филиалының «Кітап-АМАNАТ» мәдени-ағартушылық орталығы белсене үлес қосады деген сенімдеміз. Жетісай бастап берген жо­баны өңірдің басқа аудандары жалғап, кітаптың салтанат құрған құт қадамы ауыл-аймақтардағы кітап шеруімен ел көңілінен шығады деген ойдамыз.

Берік БЕК