Қазақ елі үшін тәуелсіздіктің мәні мен маңызы айрықша. Тәуелсіздіктің арқасында тарихымыз түгенденіп, тіліміз бен діліміз қайта жаңғырды.
Мереке күнгі қуаныш
1,781
оқылды

Елеулі ұлық мейрам қарсаңында қиналған жұртқа қол ұшын созып жатқан жаны жомарттар көпшілікті қуанышқа бөледі. Осы орайда, «Жанұя» орталығында «Тәуелсіздік ел бақыты» атты әлеуметтік іс-шара өтті. 

Елорда тұрғындарының әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейін арттыру мақ­сатында құрылған «Жанұя» орталығы азаматтардың жекелеген санаттарына әртүрлі қызмет кешенін ұсынып келеді. Орталықта өткен ізгі шарада 30-ға жуық отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етіліп, 60 отбасына киім-кешек серти­фикаты табысталды. 

Сарыарқа ауданы бойынша отбасын әлеуметтік сүйемелдеу бөлімінің бас­шы­сы Айгүл Болатханқызының ай­туын­ша, көмекке зәру отбасыларға материалдық көмек қана емес, оларға заңгерлік, психологиялық және меди­циналық қолдау көрсетіледі. Орта­лықтың артықшылығы — қарапайым халық үшін қызмет ететін барлық сала мамандарының бір ұйымнан табы­луын­да. Мәслихат депутаттары да аптасына бір рет халықты қабылдап, олардың мұң-мұқтажын тыңдайды. 

– Тәуелсіздік мерекесіне орай ұйым­дас­тырылған шараға өзіміздің орталықтың сүйемелдеуінде тұрған отбасылар қатысып отыр. Олар – мемлекет тарапынан қолдауды қажет ететін мүгедектігі бар, жағдайы төмен, толық емес отбасылар. Бұл отбасыларға психологиялық кеңестер бере отырып, осындай мәдени-әлеуметтік шараларға шақыру арқылы қоғамға бейімдеп, әлеу­меттендіру жұмыстарымен де айна­лысамыз. Қиын жағдайға тап болған отбасыларды сүйемелдеуге аламыз. Оларды мемлекеттік бағдарламалармен таныстырып, қалай тіркелуге болатыны туралы кеңес береміз. Тіркеуде тұрған барлық отбасын аралап, тұрмыстық жағдайымен танысамыз. Бүгінде орта­лықтың көмегіне жүгініп отырған 295 отбасы бар, – деді А.Болатханқызы. 

Халықтың тұрмыстық жағдайына кө­мектесу мақсатында ұйымдастырыл­ған әлеуметтік шараға  демеушілік еткен KaspiMed ЖШС басшысының кө­мекшісі Айгерім Абайқызы:

– Биыл қаншама отбасына әлеу­меттік көмек көрсеттік. «Жанұя» орта­лығындағы көмекке мұқтаж адамдарға көмек көрсетуді бір ай бұрын жоспар­ла­дық. Азық-түлік себетін жинау бары­сында дүкен таңдауда біршама қиындық болды. Бүгін орталықтың көмегіне жүгініп отырған 300-ге жуық отбасына әлеуметтік қолдау көрсеттік. Бүгінгі іс-шарада 30 отбасына азық-түлік себетін ұсынып, 60 балаға киім-кешек дүкен­деріне сертификат бердік,– деді. 

Әлеуметтік шарада жомарт жандар­дан көмек алғандардың бірі – Маржан  Нұр­лыбаева. Отбасылық жағдайы тө­мен көпбалалы ана бұрын-соңды орта­лықтардың көмегіне жүгініп көрмеген. Осы жылдың жазынан бастап «Жанұя» орта­лығында көмекке мұқтаж отбасы­лардың тізімінде тұр. Ол өзі сияқты ата-ана үшін бүгінгі игі іс үлкен көмек екенін айтады. 

– Бес баланың анасымын. Осындай әлеуметтік көмекке мұқтаж жандардың қатарынанмын. Ең кіші баламда аутизм синдромы белгілі болғаннан бастап, көп­теген орталықтың көмегіне жүгін­дім. «Жанұя» орталығы туралы танысым айтты. Жаздан бері осы орталықтың атаулы әлеуметтік көмегін алып жатыр­мын. Бұған дейін азық-түлікпен қамта­масыз етті, енді жақында көмір түсіріп береді. Бүгін қуаныш сыйлаған жан­дар­дың барлығына алғысымызды білдіре­міз, – деп қуанышымен бөлісті қала тұрғыны. 

Психологиялық көмек көрсету бөлімінің маманы Гүлбахыт Мухама­диева­ның айтуынша, психологиялық көмекке жас балалардың анасы мен әйелдер тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша көп жүгінеді. Соңғы 10 айдағы көрсеткіш бойынша көмек сұрап келген халықтың жалпы саны 23 мың болса, олардың 1 пайызы психологиялық ке­ңеске жүгінеді екен. Қоғамдағы тұрмыс­тық жағдайы төмен отбасыға оймақтай болса да әлеуметтік қолдау білдіретін орталықтар қызметі жандана түссе, жаны жомарт жандар қатары көбейсе,  ұлт болып ұйысып, бір шаңырақ астын­дағы елдің болашағы да жарқын, ынты­мағы берік болатыны сөзсіз.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ