Қаржылық сауат алаяқтың айласынан сақтайды

Құқықтық статистика порталында көрсетілген мәліметтерге сүйенсек, Түркістан облысында 2015 жылдан бері қаржы саласындағы алаяқтық бойынша тіркелген қылмыстар саны 6 есеге азайғанын көреміз.

Мысалы, 2015 жылы облыста 31 мыңнан астам қаржылай қылмыс анықталса, биыл бұл көрсеткіш 4 800-ге тұрақтаған. Соңғы уақыттағы «Алаяқтық» бабы бойынша тіркелген қылмыс санының азаюына өңір азаматтары арасындағы қаржылық сауаттылықтың бәсеңдеуі де себепкер. Өйткені облыс қайта құрылғалы аймақта қоғамдағы қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылып келеді.

Технология жаңарған сайын ел ара­сында алаяқтықтың да түрлі тәсілдері пайда болуда. Дегенмен білімсіздіктің әсерінен әлі де адамдар банк немесе по­лиция қызметкері болып қоңырау шал­ғандарға және «ұлы немесе қызы апатқа ұшырағанына» сеніп қалады. Бұған дейін біз бірнеше бағдарламаның жүзеге асырылуы барысынан ақпарат берген едік. Бүгін қаржы алаяқтары қолданатын танымал әдістерге тоқта­луды жөн көрдік. Өзгенің қаражатына көзін сүзгендер тек жеке куәлігінің деректері арқылы басқа адамға несие рәсімдей ала ма? Қылмыс­керді оның сөйлеу мәнерінен қалай танимыз? Қаржы алаяқтарының құрба­нына айналмас үшін нені білген абзал?

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ел азаматтарына көшеде жүр­генде бейтаныс адам телефоннан қоңы­рау шалуды сұрағанда абай болуды ескер­теді. Сыртқы көрінісінен ол өте жақсы киінген, тіпті баласы бар болуы мүмкін.

Егер біреу сіздің көмегіңізге шыны­мен мұқтаж болса, телефонға өзіңіз нөмірді теріп, динамик арқылы ғана сөйлесуге рұқсат етіңіз. Қазіргідей ин­тер­нет жылдамдығы жоғары кезеңде бұл сізге қауіпті қосымшалардан сақтануға мүмкіндік береді. Себебі алаяқтар әп-сәтте ғаламтордан қауіпті қосымшаларды жүктеп, телефоныңызға орнатып кетуі мүмкін.

Қазіргі уақытта маркетплейстерде сауда-саттық жасау күнделікті іске ай­налды. Алайда бұл жерде де қырағылық аса қажет, себебі алаяқтардың құрығына түсіп қалуыңыз әбден мүмкін. Маркет­плейс online marketplace, online e-commerce marketplace деген ағылшын сөз­дері­нен шыққан және электрондық, виртуалды сауда алаңы деп аударылады. Мереке қарсаңында немесе үлкен жап­пай сатылымдар кезінде алаяқтар элек­трондық пошта арқылы маркет­плейс­терді пайдаланушыларға бұрын-соңды болмаған жеңілдіктер жөнінде қызық­тыратын ұсыныстар жібереді. Және бұл хабарламаларда ресми дүкеннің жалған ұқсас сайтына апаратын сілтеме болады, онда сізге нысанды толтыруды сұрайды, оны толтырған жағдайда алаяқ­тар сіздің картаңыздағы ақшаны ием­деніп кетеді. Есіңізде болсын, мұндай кеңестердің барлығына күмән­мен қара­ған абзал. Тым жоғары жеңілдіктерге сенбеңіз және ашатын сайттарды әрқа­шан тексеріңіз, деректеріңізді көрсетуге асықпаңыз. Электронды поштаңызға келіп түскен барлық ақпаратты маркет­плейстің ресми қосымшасында тек­серіңіз. 

Сонымен қатар алаяқтар әлеуметтік желілер дамыған заманда көңілі толмаған сатып алушылардың дәл сол жерде жағымсыз пікір жазатынын пайдаланып қалады. Мысалы, сіз маркетплейстің әлеуметтік желілердегі парақшасын тауып алып, пікіріңізді қалдырдыңыз делік. Осындай сәтте сізге өзін «тех­никалық қолдау бөлімінің қызмет­керімін» деп таныстырған адам хабар­ласып, жағдайды жылдам реттеуге ұсыныс жасайды. Бірақ ол үшін сіз арнайы сілтемеге өтіп, картаңыздың деректерін енгізуіңіз қажет. Келіскен жағдайда ақшаңыздан ғана емес, шо­тыңызда қалған барлық қаража­тыңыздан айырыласыз. Осы себептен жағымсыз пікіріңізді ресми қосымша­дағы арнайы нысан бойынша ғана қалдырыңыз не тікелей колл-орталыққа хабарласыңыз. Әлеуметтік желілерге сенбеңіз, себебі алаяқтардың арбауына түсу қаупі тым жоғары.

Соңғы кезде танымал тәсілдің бірі – аккаунт ұрлау. Алаяқтардың байла­ныстырылған карта арқылы зат сатып алу үшін маркетплейс пайдала­ну­шы­ларының есептік жазбаларын ұрлауы жиі кездеседі. Сонымен қатар сатып алу, әдетте, қосымша растауды қажет ет­пейтін белгілі бір сомадан аспайды. Мұндай жағдайда маркетплейсте құпия­сөзді үнемі өзгертіп отырыңыз, ең дұры­сы – онлайн сатып алуға азғантай лимит белгілеп қойыңыз және тек сатып алу кезінде ғана кіріңіз. Интернет-сатып алуға арналған шамалы ғана сомасы бар жеке карта ашып қойсаңыз тіптен жақсы. Егер алаяқтар сіздің аккаун­тыңызды бұзған болса, техникалық қолдауға жүгініңіз және тапсырыстың күшін жойып, тауардан бас тартқаныңыз үшін ақы төлеуге мәжбүр болмас үшін жағдайды түсіндіріп айтыңыз. Өтінішіңіз аяқсыз қалса, құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.

Онлайн маркетплейстерде тағы да мынадай айла жиі кездеседі. Қылмыскер сіздің жарнамаңызды тауып, соған ұқсас бірақ бағасы арзан хабарлама жасайды. Сонымен бірге сіздің нөміріңізді ақша аудару үшін көрсетеді. Сізге үшінші тұлғалардан, кейде басқа банктің карта­сынан сізге ақша аударымы түсуі мүмкін. Осыны білген алаяқ ақшаны сізден шығаруға тырысады. «Кешіріңіз, мен картаны таңдауда қате жібердім, ақшаны қайтарып беріңізші» деп бұл соңғы ақшасы екеніне сендіруі мүмкін. Сотқа беремін деп қорқытуы да ғажап емес. Ешбір жағдайда бұл ақшаны өзіңіз аудармаңыз. Егер Сіздің және сіздің шотыңыздың деректері шабуыл­дау­шыларға белгілі болса, жеке куәлік цифр­лық форматта болса, ақша сіздің шотыңызға салынып, сіз оны алаяқтарға аударып, телефон нөмірін ауыстырсаңыз, олар сізге микрокредит рәсімдей алады.

Сіз өзіңіздің банкіңізге хабарласып, тек сол жерде жіберушіге ақшаны қайта­руыңыз керек. Мұндай жағдайда: «Сіздің қателігіңіз менің проблемам емес, мен ақшаны қайтарудан бас тартпаймын, бірақ өз қауіпсіздігім үшін оны банк арқылы ресми түрде жасай­мын» деген ұстанымда болғаныңыз жөн. 

Сонымен қатар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «5 адамды алып кел, әрқайсысы 20 мың теңгеден алады» деген сынды жарияланымдарға сенбеуге шақырады. Сондай-ақ Telegram немесе WhatsApp арқылы жұмыс істейтін букмекерлік компанияларға мұқият болған абзал. Себебі олардың ресми сайттары жоқ. Сіз үшінші тұлғаларға ақша аударасыз, бұл –трансшекаралық аударымдар. Сізді алаңдататын нәрсе бұл жерде табыс сіздің ставкалардан қанша ақша табатыныңызға емес, сол жерге қанша адамды тартатыныңызға байланысты.

Айта кетейік, жақында өткен Қазақ­стан мен Словения құрамалары ара­сындағы футбол матчы кезінде осындай жағдайлар кездесті. Кейбір Telegram-арналарда әрқайсысы 20 мың теңгеден ставка жасап, қосымша 5 адамды әкелуге шақырды. Бұл қаржы пирамидасының тікелей белгісі екенін ұмытпаңыз.

Агенттік өкілдері кез келген банктік мәселелер телефон арқылы шешілмей­тінін әрдайым есте сақтауға кеңес береді.

«Сізге банкирлер мен Қазақстанның бас тергеушілері қоңырау шалмауы керек. Сізге қоңырау шалған сәттен-ақ оның алаяқ екенін бағамдай беріңіз. Егер сізде қандай да бір проблемалар болса, онда банк сіздің шотыңызды, картаңызды бұғаттайды және сізге хабарлама келеді. Сонда сіз банкке өзіңіз келесіз. Барлығы ресми болуы керек.

Сондай-ақ ол қылмыскерлердің әртүрлі ведомство қызметкерлерінің қызметтік куәліктерін қолдан жасауы да жиі кездеседі. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк қызметкерлерінің қызметтік куәліктері жоқ екенін білген жөн. Бұдан бөлек, «брокерлік компаниямыз, тіпті Ұлттық банк лицензиясы бар» деген хабарларды да тыңғылықты тексеріп барып іске кірісу маңызды.

Қаржы алаяқтары көбіне көрші елдерден хабарласуы да мүмкін. Себебі оларға ортақ тағы бір белгі – қазақ тіліндегі кейбір сөздерді дұрыс айта алмау.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алаяқтарға алданған адамдарды олардың әлеуметтік мәртебесіне бай­ланысты емес екенін айтады. Сондай-ақ соңғы кездегі саяси жағдайға байланысты Ресей мен Украинадан келген алаяқтар күшейген. Қарапайым ғана ұлттық валютамызды «тенге» деп айтқанның өзінде екпінді дұрыс қоймайды. 

Қандай жағдай болмасын, қылмыс­керді анықтау жәбірленушінің арыз­дануға барынша тез шешім шығаруына тікелей байланысты. Адам қылмыс­керлердің құрбаны болғанын тез түсі­нетін кездер болады. Ол бірден банкке, полицияға, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінеді. Содан кейін шоттарды бұғаттауға, төлемнің қайта­рылуы және т.б. мүмкіндігі бар. Өкінішке қарай, азаматтардың менталитеті олар­дың қателескенін мойындауға мүмкіндік бермейді. Сондықтан мұндай жағдайға тап болғанда барынша кез келген күмәнді әрекетке дереу мән беріп, өз қаражатыңызды қорғап қалуға тырысқан абзал.

Кәмила ЕРКІН