Оқушының бас сүйегі жарылып, жіліншігі сынып кеткен.
Өскеменде 4-қабаттан құлаған оқушы қыз суицид жасамақ болған
Фото: starhit.ru
883
оқылды

ШҚО Өскемен қаласында 4-қабаттағы терезеден құлап кеткен оқушы қыздың мақсаты суицид жасау болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Кеше Назарбаев даңғылында орналасқан көпқабатты үйдің төртінші қабатынан 14 жастағы жасөспірім құлап кеткені жөнінде хабарланған еді. Жедел жәрдем қызметкерлері қызды бірден Ана мен бала орталығына жеткізген. Баланың бас сүйегі жарылып, жіліншігі сынып кеткен. 

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір аталған факті бойынша тергеу басталды.

– Үлбі полиция бөлімі кәмелетке толмаған қыздың өз-өзіне қол жұмсамақ болу әрекеті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Басқа мәліметтер тергеу мүддесіне сәйкес жарияланбайды, – делінген ақпаратта.

Науқас қазір Өскемендегі Ана мен бала орталығының жансақтау бөлімінде жатыр. Оның жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.