Елдің басым бөлігінде жел күшейіп, аяз болады.
7 облыста дауылды ескерту жарияланды: 15 желтоқсанға арналған ауа райы болжамы
© РИА Новости
3,294
оқылды

«Қазгидромет» синоптиктері 15 желтоқсанда Қазақстанның 7 облысында дауылды ескерту жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Алматы облысының солтүстігінде, орталығында солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 18-23 м/с, кей тұста 28 м/с дейін жетеді деп болжанады. Түнде облыстың оңтүстік-шығысында өте қатты аяз болады: -30°C...-31°C. Қонаевта солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 18-23 м/с болады. 

Маңғыстау облысының батысында, оңтүстігінде, шығысында көктайғақ болады. Түнде облыстың шығысында боран соғады. Түнде облыстың шығысында, солтүстік-шығысында шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с құрайды. Ақтауда көктайғақ болады. 

Түркістан облысының оңтүстігінде, тау бөктерінде тұман болады деп болжанады. Облыстың таулы аудандарында қар ұшқындап, жаяу бұрқасын жүреді. Шымкентте түнде және таңертең тұман болады. Түркістанда түнде шығыстан, оңтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с құрайды.

Қызылорда облысының шығысында, орталығында солтүстік-шығыстан, шығыстан 15-20 м/с, кей тұста 23-28 м/с, түнде және таңертең 30 м/с және одан да жоғары жылдамдықпен жел соғады. Қызылордада шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с, кей тұста 23 м/с дейін жетеді.

Жамбыл облысының оңтүстігінде, батысында, таулы аудандарында тұман, көктайғақ болып, жаяу бұрқасын жүреді. Облыстың оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында, таулы аудандарында солтүстік-шығыстан 15-20 м/с, кей тұста 23-28 м/с, түнде 30 м / с және одан да жоғары жылдамдықпен жел соғады. Таразда 16-17 желтоқсанда тұман, көктайғақ болады. 

Ақтөбе облысының оңтүстігінде, орталығында шығыстан, оңтүстік-шығыстан 15-20 м/с, түнде облыстың орталығында 25 м/с жылдамдықпен жел соғады деп болжанады. 

Түнде Жетісу облысында қатты аяз болады: -24°C...-29°C. Талдықорғанда түнде қатты аяз болады: -26°C...-28°C.