Ақсудағы жұмыс орынның қамқорлығы арқасында 55 энергетикке жеңілдетілген шартпен баспана берілмек.
Мейірім жүректен: Ақсуда 55 энергетик баспаналы болмақ
758
оқылды

"Біреу – біреуге сүйеу" деген осы шығар. Қол астындағы қызметкерлерін жұмыспен қамтып қана қоймай, олардың әлеуметтік мәселесін шешуге тырысатын басшылық көп емес. Әсіресе, бүгінгі қымбатшылықта, ақшаның құнсыздану заманында өзгеден жақсылық көру – үлкен бақыт. Сондай мекеменің бірі – Eurasian Resources Group (ERG). Шыны керек, кез келген қызметкер осындай мекеменің бір бөлшегі болғанын мақтан етеді.

ERG жұмысшылардың еңбегін көтермелеу мақсатында баспаналы болудың тағы бір жолын ойластырған.  Бұл – Отбасы банкімен бірлесе істелген жоба. Енді Отбасы банкі жылдық 5% үстемемен (ЖТҮС мөлшері 5,2%-дан басталады) займ бере алады. Бастапқы жарна межесі – бар болғаны 10%. Бұған тек Eurasian Resources Group құрамындағы «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ Ақсу электр станциясы мамандары қатыса алады. Негізгі мақсат – энергетиктердің тұрғын үй жағдайын жақсарту. Сол себепті де осындай жеңілдетілген бағдарлама қолға алынды. 

Осындай игі шара Тәуелсіздік күні мен Ақсу электр станциясының 55 жылдық мерейтойы қарсаңында болды. Павлодар облысы әкімінің орынбасары Дәурен Жамбайбек, Отбасы банкі Павлодар облыстық филиалының директоры Талғат Баилов пен Қазақстандағы ERG-дің Бас директорының қаржы жөніндегі орынбасары Данияр Рахматуллаевтар өзара түсіністік пен әріптестік туралы үшжақты меморандумға қол қойды.  

Бағдарламаны іске асыруға әр тараптан 300 млн теңге қаражат бөлінеді. Нәтижесінде, оның жалпы бюджеті – 900 млн теңгеге жетпек.  Сөйтіп бір емес, әп-сәтте 55 отбасы баспаналы болмақ. Осы бағдарламаға мұрындық болған ERG өзінің өзге қалада орналасқан кәсіпорындарына енгізіп жатыр. Атап айтсақ, Ақтөбе мен Қарағанды облыстарында сәтті іске асырылуда.   

Үміткерлерді іріктеу барысында «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ-ның тұрғын үй комиссиясы әкімдіктің кезегіне тұрған мамандарға басымдық береді. Қызметкерлер сатып алатын пәтердің Павлодар облысының Ақсу қаласындағы жаңа немесе екінші нарықтан боларын өздері шешеді. 

– Өнеркәсіптегі алпауыт кәсіпорындарды біріктірген Еуразиялық Топ әрдайым өзінің әлеуметтік жауапты компания екенін айқын аңғыртып келеді, - деді Павлодар облысы әкімінің орынбасары Дәурен Жамбайбек. – «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ Ақсу электр станциясының 55 жылдық мерейтойы қарсаңында біз қызметкерлерді әлеуметтік қолдау көлемін кеңітіп, электр станциясы мамандарының тұрғын үй жағдайын жақсартуға септесер жаңа үшжақты меморандумға отырдық. Бағдарламаның операторы – «Отбасы банкі» АҚ. Ол займды жеңілдетілген шартпен рәсімдеуге жәрдемдеседі. 

Бағдарламаға соңғы 5 жылда өзінің және отбасы мүшелерінің атында ҚР аумағында баспанасы болмаған, үйге мұқтаж қызметкерлер ғана қатыса алады. Ал іріктеуден өткендер міндетті 10 пайыздық бастапқы жарнаны салған соң, Отбасы банкі оларға 5% үстемемен (жылдық тиімді үстеме ақысы 5,2%-дан басталады) займ береді. Бағдарламаға қатысушы белгіленген межеден қымбат пәтер алғысы келсе, қалғанын жеке қаражаты немесе зейнетақы жарнасынан артылған салымын пайдалануға болады екен.  

– «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ Ақсу электр станциясы – елдегі негізгі электр қуатын өндірушілердің бірі. Мұнда өз ісінің шын шеберлері еңбек етіп жүр. Біз оларға жайлы жағдай жасауға тырысамыз. Адамның бақытты болуы үшін, оның өзі үйі әрі сол үйде бақ пен береке болғаны керек. Әр отбасына ырыс пен молшылық тілеймін,- деді ERG Директорлары кеңесінің төрағасы Александр Машкевич.

Соңғы 5 жылда Павлодар облысындағы 650 еуразиялық баспаналы болған. Жалпы алғанда, 2009 жылдан бері ERG қызметкерлерінің қатарындағы 2 мың отбасы тұрғын үймен қамтылған. 

– Отбасы банк биыл 60 мыңға жуық займ берген. Тек Павлодар облысында 2 800 отбасы қоныс тойын тойлады. Біз отандастарымыздың баспаналы болуына күнделікті септесеміз. Қазір бұл іске жұмыс берушілер де үлес қосып, жәрдемдескені бізді ерекше қуантады. Соның арқасында тұрғын үйдің шаршы метрі адамдарға қолжетімді бола түсті,- деді Отбасы банктің Павлодар облыстық филиалының директоры  Талғат Баилов. – Енді таяу күндері Ақсу энергетиктері де баспаналы болады. Басында үйі бар адамның ертеңге деген сенімі артып, отбасында тұрақтылық пен береке болады, – дейді ол.