Бір айдан кейін Ұлттық қор қаражатынан түскен табыс әрбір қазақстандық баланың есеп шотына аударылады.
Өсіп-өнген мемлекетті қалыптастыру екіжақты жүретін процесс – Бауыржан Серікбаев
1,285
оқылды

Әділдікті әркім өзінше түсінеді. Қоғамның бір бөлігі үшін әділдік – барлық ресурстарды, ел байлығын, қаржыны елге таратып беру. Бірақ, бұл популистік ұстаным. Әлемнің нарықтық қатынасқа түскен ешбір елінде мұндай қадамдар оңды-солды жасала бермейді, тиімсіз әрі мемлекеттің ресурстары да жетпейтін қадам. 

Енді бір бөлігі үшін әділдік – барлық азаматтарға тең мүмкіндік жасау. Ол білім беруде, денсаулық сақтауда, кәсіпкерлік саласында, құқықта заң үстемдігінің сақталып, әрбір азамат үшін тең мүмкіндіктер шарттарын қамтамасыз ету. Өркениетті елдердегі тиімді басқару формаларына қарасақ мемлекеттің негізгі функциясы да осы. 

«AMANAT» партиясының төрағасы, Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов мырзаның қараша айында жарияланған мақаласында бүгінгі таңда Қазақстанда азаматтарға тең мүмкіндіктер жасау бағытында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан, президент бастамасымен қолға алынған жобаларға нақты мысалдар келтіріліп өткен. Олардың қатарында:

«Ұлттық қор балаларға» жобасы. Енді бір айдан кейін Ұлттық қор қаражатынан түскен табыс әрбір Қазақстандық баланың есеп шотына аударылады. 

Мемлекеттік бағдарлама аясында 2025 жылға дейін Қазақстан халқын 100% таза ауыз сумен қамтамасыз ету жобасы қолға алынды. 

Ауыл-аймақтарда 700 жаңа медициналық пунктер салу бастамасы іске асуда.

Президент тапсырмасына сай мемлекетке қайтарылған қаржы есебінен еліміздің аймақтарында 70 жаңа мектеп салу шарасы қабылданды. Алдағы уақытта жалпы саны 1000 мектеп салынып, апатты жағдайдағы, үш ауысымдағы мектептер мәселесі еліміз бойынша толығымен шешілуі тиіс.   

Бұл шаралардың бәрі барша халқымызға тең мүмкіндіктер қалыптастыру бағытында президент бастамасымен іске асып жатқан реформалардың бір бөлігі. 

Сұхбатта атап өтілгендей бұдан өзге Әділетті Қазақстанды қалыптастыру бағытында ауыл, аудан, қала әкімдерін халықпен сайлау, мемлекеттік басқаруды реформалау мақсатында саяси реформалар сатылап, ғылыми зерттеліп, жүйелі түрде жүргізілуде. Экономикалық, әлеуметтік салдағы оң реформалар да кең ауқымда іске асуда.

Ендігі мәселе азаматтардың белсенділігі маңызды. 2023 жылы қазанда мемлекет басшысы «Қоғамдық бақылау туралы» заңға қол қойды. Заңның негізгі мақсаты - мемлекеттік басқару органдары мен квазимемлекеттік сектор қызметінің ашықтығын, тиімділігін арттыру мақсатында қоғамдық бақылауды күшейту. Бұл заңның мүмкіндіктерін пайдаланып ел азаматтарының мемлекеттік басқарудың тиімді жұмыс істеуін бақылауға құқықтық мүмкіндігі бар. 

Сұхбатта кеңірек атап өтілгендей ауыл, аудан, қала әкімдерін сайлауға азаматтардың белсенді қатысуы да көп мәселені шешеді. Бүгінгі президент реформаларының мүмкіндігімен халқымыз жергілікті ауыл, аудан, қала әкімдерін өзі сайлап, жұмысын да толығымен өзі бақылай алады. Әкім өзін сайлаған халыққа есеп береді. Ендігі кезек осы оң реформалардың күшін халқымыз белсенді, құқықтық тұрғыда сауатты қолдануы өзекті. 

Сұхбаттың негізгі месседжі мен идеялық мазмұны - ел өміріндегі оң өзгерістерге немқұрайлы қарамау, мемлекетіміздің дамуына қатысты жауапкершілікті барша халқымызбен бірлесе көтере отырып, ортақ Отанымыз Қазақстанды өркениетті елдердің қатарына қосу ісіне әрбір Қазақстан азаматының өзіндік үлесін қосуға барынша ат салысуы. 

Өркениетті Қазақстанды бір тұлға, үкімет қана құрмайтыны да белгілі. Қоғамның реформалармен жете танысып, құқықтық, қаржылық тұрғыда белсенді әрекет етіп, мүмкіндіктерді өзара жауапкершілікпен тиімді пайдалана алуы да өте маңызды фактор. Себебі, дамыған, өсіп-өнген мемлекетті орнату барлық өркениетті елдердегідей екі жақты жүретін процесс.

 

Бауыржан Серікбаев