Динара Нұрышева – «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Бір кез­дері ол Ұлыбританияда білім алып, тұманды Альбионнан үлкен тәжі­рибе жинақтап келді. Бүгінде өске­лең ұрпақты шетелде білім алудың барлық мүмкіндігін пайдалануға шақырып жүр.
Динара Нұрышева: Іздегені – ілім, көздегені – білім
2,087
оқылды

Динараның мектеп қабырғасында жүр­ген кезден бері шет мемлекетте білім алып, тәжірибе жинақтасам деген арманы бол­ған. Әсіресе, ағылшын тілі мен геогра­фия сабақтарында қиялға беріліп, сая­хаттауды армандайтын білімпаз ару Аты­раудағы Абай атындағы №15 орта мектебін бітірген.

«Сол кездегі мектеп бағдарламасында ағыл­шын оқулықтары негізінен бри­тандық ағылшын тіліне бағыт­тал­ған­дықтан, Ұлы­британиядағы сәулет өне­рінің тарихы, мәдениеті, қала өмірі ту­ралы көп айтыла­тын. Сол арманмен Алматыдағы Абылай хан атындағы ха­лықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне оқуға түстім. Ма­­гис­тра­тураны шетелде оқуға бел будым. Бала арманымды «Болашақ» бағдар­ламасы орындады. Бұл бағдар­лама – ұлт бола­шағына салынған ин­вестиция. Олай дей­тінім, шетелде оқып келген көп­те­ген жас бүгінде сапалы, маңызды идея­ларын елімізде жүзеге асыруда. Сол арқы­лы ел­дің әлеуметтік, экономикалық, мә­де­ни дамуына ықпал етуде. Әдетте бо­ла­шақ­тықтардың көбі Ұлыбританияны таң­дайды. Себебі ондағы универси­тетте­ріндегі оқу бағдарламасы тиімді. 2011 жыл­­дың жазында Лондон универ­ситетінен шақырту алып, «Бола­шақ» бағдарламасына құжат тапсырдым», – дейді ол.

Алыстан іздегені – ілім, көздегені – білім болған қазақ жастарының мента­­литеті бізге жат елдерге барып, сіңісуі оңай емес. Динараның айтуынша, өзге мемле­кетке үйренісуге кедергі көп болса да, қиындыққа мойымайсың. Өйткені әрбір жасты арман жетелейді. 

«Шетелде университет, кітапхана, тіптен жолдан өтіп бара жатсаң да,  ке­зекте тұрсаң да технологиялық жаң­ғы­рудың адам өмірін қаншалықты жеңіл­деткеніне куә боласыз. Әдетте Ұлы­бри­таниядағы ма­гистрлік бағдар­ламалар бір жылға созыла­ды. Бір ғана жыл­дың өзі жеке тұлға ретінде қа­лып­тасуыма және кәсіби тұрғыда да­муыма зор ықпалын тигізді. Түйгенім –жауапкершілікті оқу орнына артуға бол­майды, өзің ізденуің шарт. Сапалы білім алу студенттің өзіне де байланысты. Көп­те­ген батыс елінің уни­верситеттерінде жұ­­мысы «үштікке» баға­ланған студент пен еліміздегі осындай бағамен оқитын студенттердің айырма­шылығы жер мен көктей. Айталық, батыс елдерінде күн ұзаққа кітапханада отырып, консуль­тациялық сабақтарға қатысып, сарапшы­лармен кездескен студенттер үштік алуы мүмкін. Ал Қазақстанда дәл осы бағаны сабаққа мүлде келмегені өз алдына, курс бойынша тіптен материал оқымайтындар алуы мүмкін», – дейді Динара. 

Оның айтуынша, Ұлыбритания елін­­де студенттер семинар, лекцияға қатысу дең­­гейіне қарай емес, жазба жұмысты орын­­дау сапасына қарай бағаланады. Ол елдің оқу жүйесі негізінен студенттің жеке жұ­мы­сын салмақтауға бағытталған. Әр сту­дентке жеке супервайзер бекітіледі. Кез келген уақытта оқу ғана емес, өмірлік мә­се­­­­лелерге қатысты сұрақтармен де оның көмегіне жүгінуге болады. Оқы­­тушыларға артылатын жүктеменің ара­­сында да айырмашылық бар. Мәселен, Лондонда оқып жүрген жылдары біздің универ­ситетке қазақстандық жоғары оқу орын­дарының бірінен Phd дәрежесіне кандидат оқытушы келді. Университет өмірімен же­те танысқан ол жүктеме мәсе­лесін кө­терген еді. Айталық, қазақ­стан­дық оқыту­шының жүктемесі 1 400 сағат болса, бри­­тандық оқытушының жүктемесі 140 сағат екен. Міне, осы бір ғана шағын мысалдан уақыт ресурсын бөлудегі айыр­машылықты байқауға болады. Жүкте­медегі айырма­­шы­лық Ұлы­­­британиядағы оқытушының ғы­лыми жобаларға қаты­суына, түрлі дала зерт­теулерін жүргізуіне, қаржыландыру көзін табумен айна­лы­суына мүмкіндік береді. 

«Өзіңе жақсылық жасамасаң, саған ешкімнің жаны ашымайды». Лондон уни­верситеті бізді осы принципке берік болу­ға үйретті. Тіпті, магистрлық дис­­серта­­цияны жазардың өзінде ғылыми же­­текші­­міздің үлесі тек бес пайыз болды. Ал жұмыс сапасының 95 пайызы түгелімен студенттің өзіне байланысты. Әрине, бұл жағынан келгенде студенттерге барлық жағдай жасалған. Әдебиетке бай кітапха­­­налардың есігі таңнан қас қарайғанға де­йін ашық тұрады. Сессия кезінде кітап­ханалар тәулік бойына үзіліссіз жұмыс істеуге дайын. Ал егер сіздің оқу ор­ныңыз­­да қажетті кітап табылмай жатса, кітапха­­наңыз ол кітапты портал арқылы өзге білім шаңырағынан уақытша қолда­ныс үшін алып бере алады. Бұдан Ұлы­­британияда университеттер мен кі­тап­­­ханалар арасын­дағы байланыс жақсы жолға қойылғанын аңғаруға бола­ды. Қазақ­станға қажетті ин­фра­құрылым да – осы. Отандық оқу орын­дарының кітап­хана қоры көп жағдай­да тым жұтаң және бір сәтте қаумалаған адам­­дардың бәріне бірдей қызмет көрсе­туге дайын емес. Осы кезге дейін жинақ­тал­ған тәжі­рибемді сараптай отырып, бар­шаңыз­ды әлемдегі ең басты құндылық болып саналатын ада­ми ресурсты бағалай білуге шақыра­мын. Мысал үшін айта кетсек, Лондон автобус­тарында кетіп бара жатып, дүние­жүзілік жылыну, белгілі бір елдегі мәдени шаралар немесе Африкаға сапар туралы әңгіме­лерге әбден қанығуға болады. Ал бізде ше? Бізде де қоғамдық көліктер және оған тұрақты мінетін жолау­шылар бар. Тек олар­дың әңгімесі негізінен тұр­мыс-тірші­ліктің проблема­сынан аспай жатады. Яғ­ни, біз әлі күнге күйбең тірлік­тің, қазан-ошақ әңгімесінің айналасынан шыға ал­май келеміз», – дейді ол.

Динара Лондоннан оралғаннан кейін Алматыдағы Саяси-гуманитарлық конъ­юн­к­тура орталығында, одан соң Аста­нада­ғы «Синопсис» Қытай және Орталық Азия­ны зерттеу орталығында жұмыс істе­ді. Кейін жарты жылдай Америкада тұрып келген.  Сондай-ақ Орталық Азия зерттеу­шілеріне арналған жоба аясында  Амери­каға жолы түскен. Джордж Ва­шингтон университеті базасындағы бағдарламаға үшінші сектор, сонымен бірге мемлекеттік органның кез келген маманы қатыса ала­ды. Динара Алматы облысына қарасты Те­келіде салынып жатқан Орталық Азия университетін мысалға ала отырып, жер­гілікті басқару мәселесімен айна­лысқан. Қазір Алматы қаласында орналас­қан Ор­талық Азияның Еуразия қорында жұмыс істейді. Қор әлеуметтік жобаларды жүзеге асырумен айналысады. 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА