Тәуелсіздік, Ұлт мұраты, Ұлттық құндылықтар үшін күрескен тұлғалардың қатарында Өзбекәлі Жәнібек те бар. Оның күресі мәдениет майданында жүрді.
Өнерге өң берген Өзбекәлі
2,411
оқылды

Кеңестік идеология қадам аштыр­май тұрған «тар» заманда ұлттық құндылықтар үшін тартысу кез келген адамға да оңай соқпасы анық еді. Оның сол майданда  қанша теперіш көрсе де сағы сынып кетпей, тауаны шағылып қалмай, қазақ өнеріне ерекше леп, айрықша серпін бергенін білеміз.

Жуырда «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабы қолымызға тиген еді. Бастан-аяқ бұл жинақта ұлт тұлғасының күресі баяндалады. «Отбасы хрестома­тиясы» жобасымен шыққан еңбекте Санжар Керімбай мен Айбек Нәби Өз­бекәлі Жәнібектің күрескерлік тұлғасына басымдық беруге тырысқан. Қойшы қазақтан бастап, мәдениет пен өнерінен алшақтап, тамырынан қол үзе бастаған ұлттың осал тұсын дөп басып, соған нәр құюға тырысқан қайраткердің болмысын жазбай танисыз.

Мына бір үзіндісіне көз жүгіртейікші: «Бірде Өзбекәлі Кентауға жиынға барды. Облыс басшысы: 

– Жақында Кентаудың жастары мал бағуға аттанады. 100 қойдан 130 қозы алатын батырлар бізден де шығады, – деген ұранды түйдек-түйдегімен төгіп тұр екен. Мұны естігенде Өзбекәлінің қаны басына шапты. Шыдай алмай:

– Білдей облыс басшысыз. Сізді түсіне алмадым. Біз қазақ жастарын өнеркәсіптің сан саласына бейімдей алмай жатырмыз. Маманданған қазақтың саны санаулы. Аз қазақты тиімді пайдаланудың орнына оларды неліктен қалаға емес, қырға қуып жатырсыз? – деді. 

– Жо-жоқ, мені дұрыс түсінбедіңіз. Қой бағуға қазақтар ғана емес, өзге ұлт өкілі бірге аттанады, – деп басшы ақталғандай болды. 

– Осы сөзіңізге өзіңіз сенесіз бе? Қойшылыққа қазақтан басқа орыс не татарды, гректі жібере алмайсыз ғой. Әлде Степановты ұмытып қалдыңыз ба? – деп ұраншыл басшының аптығын басып тастады. 

Себебі мұның алдында ғана маман­дығы слесарь Степанов деген орысты Созақ ауданындағы «Құмкент» совхозына қойшы қылып жіберген. Ол соның өзінде бұл шаруаның азабына төтеп бере алмап­ты. Бір ай болмай жатып Шымкенттегі жылы ұясына тайып тұрған». 

Мәдени майдан қалай басталды?

Расында да,  ол жылдары 100 қойдан 130 қозы алу – мәртебе болып тұрған кезең еді. Жастардың бәрі қойшы болуға, жылқы бағуға ұмтылды. Бұл ұран сананы төңкеріп, қараңғы халыққа айналдыруды мақсат тұтқаны анық еді. Өйткені жастар лек-лек болып, қойшы ауылға аттанғаны­ның куәсі болғандар көп. Тіпті, әке-шешелеріміз де сол лектің алдыңғы қата­рында жүрді.

 Осындай оспадарсыз ұранға қарсы екенін Өзбекәлі де жасыра алмаған. Бүйте берсе, қазақтың санасы уланып, түбі ұлттық апатқа баратынын жақсы түсінген еді. Сол үшін де ашық күресті. Мәдени майданда ашық күрескердің болуы басшыларға да ұнамағаны анық. Ол заман Мәскеуден басқарылатын кез. Сол үшін де қайраткер бірталай қуғынға да  түсті. Алматыдан алыстатып, алыс бір түкпірге, сонау Торғай даласына жіберді. Мұндай «тепкіге» жігері жасып қалған тұлғаны көрген жоқпыз. Мұны автор да дәл байқап отыр. Сол бір Торғайдағы кезеңдер туралы былай суреттейді:

«Торғайға «өз еркімен» сұранып кел­ген ол  бір шетінен осы зерттеу жұмысын байытып алатын болдым деп кәдімгідей қуанған. 

Ең бірінші қазақтар қоныстанған Жангелдин және Амангелді аудандарын аралайды. Ондағы мақсат – мектептегі білім беру жүйесін тексеру. Себебі қараңғылық мектептегі санасыз білімнен басталады. Күдігі расқа шықты. Орыс тұрмайтын ауылдарда орыс сыныбын ашып тастаған. Қазақ сыныбында 43-45 бала сыймай отырса, орыс сыныбында 4-5 оқушы ойнап отырған. Қазақ сыныбы баланың көптігінен оқи алмайды, ал орыс сыныбы орысша сабақ беретін мұғалімнің жоғынан дүбәраға айналған. Яғни, оқушы да қазақ, мұғалімі де қазақ, бірақ оқу­лықтары орысша. Ұстаздар орысша оқулық пен дәрісті қазақша түсіндірген»... 

Өзбекәлі Жәнібек осы олқылықтың орнын толтыру үшін жанталасты. Қазақты дүбәра қылмаудың жолы – қазақ мектептерін көбейту. Мұны қайраткер жақсы түсінген еді. Сөйтіп, орыс мектептерін жауып, оның орнына қазақ сыныптарының санын арттырды. Ол заманда ақпаратты жұрт бірінші радиодан еститін. Өзбекәлі ағамыз мұның да жолын тапқан секілді. Ең алдымен радиоға басшы болатын сауатты маман іздейді. Іздегенге – сұраған, белгілі тарихшы Қойшығара Салғараұлы жас маман ретінде елге келіп жатқан. Автор жинақта Қойшығара ағаның естелігінен де үзінді келтіреді.

«Тағы бірде жерлес жігіттер: 

– Торғай радиосына бас редактор іздеп жатыр. Ана Өзбекәлі деген бәле болды. Шамадан тыс кірпияз кісі екен. 1 мамыр мерекесіне орай радиодан хабар өтуі керек. Сол хабардың сценарийін жасау керек. Неше рет жазып апардық. Жазға­нымызды бетімізге лақтырады. Бәлкім, сен жазып бересің, – деді.

Журналистика бітірген әрі оған дейін Қазақ радиосында істегені бар, қиынға соққан жоқ. Сценарийді бір түнде мөлдіретіп жазып бердім. Өзбекәліге ұнапты. Жиын біткен соң: «Шындарыңды айтыңдар, мынаны кім жазды?» дейді. Олар мойындайды. Ертесіне «Сені шақырып жатыр», – деді. Бардым. Бірден қабылдады. Қағазды көрсетіп:

– Сен бе мынаны жазған?– деді.

– Иә, – дедім.

– Бүгіннен бастап облыстық радионы сен басқарасың, – деді. 

Осылайша, ойламаған жерден бастық болып шыға келдім» деп жазады. 

Бес арыс қалай ақталды?

Гүлнәр Дулатованың «Шындық шырағы» кітабынан оқып едік. Әкесін ақтау үшін табанынан тозып бармаған жері, қақпаған есігі қалмаған айтады. Шындық түбі жарып шығатыны белгілі. Міржақып Дулатұлының да адал есімін ақтап, қуаныштан ебіл-дебілі шығып жылаған тұсын оқығанда еріксіз біз де көзге жас алған едік. Арыстарды ақтауға Өзбекәлі Жәнібектің де қатысы болғанын сол кітаптан да оқып едік. Мұны  «Өзбек­әлі және мәдени майданда» да баяндайды. 

«Серік Қирабаев естелігін әрі қарай былай деп жалғайды:

«Міржақып Дулатовтың ісі қаралды. Бұл ең қиыны еді. Өзбекәлімен оңаша пікір алыстық. Себебі Амангелдінің өліміне Міржақыптың қатысы бар деген әңгіме тараған. Сондықтан Міржақыпты батыл көтеруге жүрек дауаламады. Өзе­кеңе «қоя тұрайық, артынан көреміз» дестік.

Бір күні Өзбекәлі шақырды. Бардым. Ол әңгімені төтесінен бастады. Мір­жақып­тың қызы Гүлнардың келіп кет­кенін айтты. Ахметтерді ақтағанда өмірін сол кісімен бірге өткізген әкесін тастап кеткеніне реніш білдіріп кетіпті. Әкесі туралы біраз құжат пен қағаз әкеліп тастаған екен.  Өзекең «танысып шық!» деп оларды маған берді. Өзі де қарап отырмай, Қауіпсіздік комитетіне Аман­гелдінің өліміне Міржақыптың қатысы бар-жоғын анықтап беруді тапсырыпты. Біздің комиссияға Міржақыптың әдеби шығармаларын қарап, қорытынды жасау­ды жүктеді. 

Жабайханмен ақылдаса отырып, Мір­жақыптың әдеби мұрасы жайлы хат дайын­дадым да, Өзекеңе әкелдім. Ол кейбір жерін қаламмен толықтырды. КГБ Амангелдіні өлтірушілердің тізімінен Міржақыптың есімін таппады. Сөйтіп, Міржақып та оңай ақталды. Егер Орталық Комитеттің тізгінін Өзбекәлі емес, басқа біреу ұстаса, осы іс  ойдағыдай шешілмес еді. Құдай абырой бергенде «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, Өзекеңнің осы қызметке келуі қазақтың бағын көтерді, арыстарын ақтады, жоғын толтырды. Ендігі кезекте ақталған арыс­тардың шығармаларын ойдан, қырдан – Мәскеу, Ленинград, Қазан, Ташкент, тағы басқа жерлерден іздедік».

Оның бұл іске (ақтауға) қатысы барын кейін қазақтың көрнекті жазушысы Шерхан Мұртаза да өз естеліктерінде ай­тып өткен. Өзбекәлі болмағанда алаш­тықтарды ақтау қиынға соғатынын ашық айтады Шерағаң. «Соның қайсар­лығы­мен ғана тарихи зор істі абыроймен атқар­дық» дейді. 

Алаш зиялыларының әрқайсысының тағдыры – жеке-жеке тарихи шығарма­лар­ға арқау болары сөзсіз. Біздің айтпа­ғымыз – бұл айтулы істе Өзағаңның көзсіз ерлігін сөз ету. Мәдени майданда қандай ерлік істесе де, ұлт құндылығын түгендеу жолында қаншама күрескерлік көрсетсе де, мұның бәрін ұлты үшін істегеніне көз жеткізесіз. Ол кезде (кеңес дәуірінде) тәуелсіздікке ұмтылған қайрат­керлердің  қай-қайсысының да атқарған еңбегі ұшан-теңіз. Ал мәдени күрестің ең басында үш бірдей тұлғаның, Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібектің оқ бойы озық тұратыны даусыз. Онымен ешкім таласа алмасы бел­гілі. Біздің міндет – осынау ұлы істер­дің басы-қасында жүрген тұлға­ларымыз­дың қайраткерлік рухын бүгінге ұрпақ паш ету ғана.  Ұлт ұлыларын ұмыт­пауға тиіс!

Тағы бір пікір. Осы асыл ағаларымыз ең бір қиын кезеңдерде ұлт ұпайын түгендеуге ұмтылды. Басын бәйгеге тікті. Жанқиярлық деңгейде жұмыс атқарды. Енді ғой, мына заманда – тәуелсіздік тұсында осы азаматтардың өршіл рухы кейінгі буын өкілдерінің бойынан неге байқалмайды? Неге ұлт мұраты жолында өлермендік іс-әрекет жоқ? Төбеден қарап, қанжарын кезеп тұрған Кеңес өкіметі жоқ кезең. Не істесек те қазақтың ұлттық құндылықтарын насихаттауда аса бір кедергі туып жатпаған да сияқты... Алайда сол сұр заманнан қалған бір үркектік, бойкүйездік, немқұрайдылық, жалтақтық, жарбақайлық әлі күнге ырық бермей тұрғандай... Жарқ еткен жалын, жасымас жігер, қажымас қайратты мүлдем жоғалтып алдық па?!.

Гүлзина БЕКТАС