«Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабының шығуына мұрындық болған жанның бірі – Азель Жәнібек. Азель – қайраткердің туған немересі.
Атамның атында мұражай ашу жоспарда бар – Азель Жәнібек
2,925
оқылды

Атасының ізгі ісін жалғастырып жүр­ген, «ол кісінің аты мен абыройы елге қызмет етсе» деп жүрген аяулы жанның бірі. Кітаптың тұсаукесерінен кейін Азельмен тілдесудің сәті түсті. 

– Өзбекәлі Жәнібек туралы жаңа кітап жарық көрді. Бұл жинақтың ерекшелігі неде?

– Санжар Керімбай мен Айбек Нәби бірігіп жазған  «Өзбекәлі және Мәдени Майдан» еңбегі жалпы ерекше жазылған дүние. Экзистенцианалды психология тұрғысынан терең сараптау талдау түрінде жазылды, жастарға кереметтей рух бере­тін­дей жерлері де баршылық. 

Бұл кітаптың тілі де ерекше екенін айтқым келеді. Оқырманды өзіне бірден баурап алады. Алғашқы болып алған оқырмандар бір түннің ішінде толық оқып шықтық деп айтады. Шын мәнінде, өте терең, маңызды мәселелер көтерілсе де, оқырманға ыңғайлы тілмен жеткізе білген. Негізінен, авторлар бір жыл бойы еліміздің түкпір-түкпіріне барып көпте­ген адамнан сұхбат алып, мәліметтер жинады. Отбасы ретінде біз өз тарапы­мыздан барынша қолда бар ақпаратпен, фото, видео құжаттармен бөлісіп, атамыз­дың көзін көрген, бірге жұмыс істеген азаматтармен байланыстыруға тырыстық. Әрине, кітап­тың қалай шыққанын қалың оқырман өзі айта жа­тар. Дегенмен қазақ ырымшыл халықпыз ғой. Осы кітаптың басты сын­шысы да, қолдаушысы да атамыздың өзі болсын деп Алматыда өт­кен алғашқы таныс­тырылымына тарихқа «Жәнібековтің цензор қайшысы» деп енген қара қа­й­шыны арнайы Астана ұлттық музейінен алғызып, кітаптың тұсауын сонымен кестік.

– Өзбекәлі аға қазақ мәдениетіне, ұлт­тық құндылықтарды жинақтауға зор үлес қосты. Ол кісінің бұл еңбегі туралы жиі ай­тылып жүр ме?

– Жиі не сирек деп айтады деу – орынсыз шығар. Ең бастысы – қандай мәселе немесе қандай тақырыпта көте­ріліп жүргені. Осы үш-төрт жылда жастар тарапынан қызығушылық артып келеді. Олардың арасында ғалым зерттеушілер бар, өнерде жүрген бауырларымыз да бар. Мысалы, жақында атамыздың 90 жылдық мерейтойына арнап жас режиссер Бей­бітжан Муслимов «Дара» атты авторлық киносын шығарды.  Бұл – шын мәнінде жастардың атамыздың еңбектеріне деген көзқарасының айқын белгісі. Екі жыл болды, Түркістан қаласында Өзбекәлі Жәнібек атындағы «Тайқазан» атты ха­лық­аралық ұлттық және этникалық киімдер байқауы өтіп жатыр. 

Академик Қ. Сәтбаевтың мемориал­дық мұражайы, Философия, саясаттану және дінтану институты мен Ш.Уәли­ханов атындағы тарих және этнология институты бірлесіп, Өзбекәлі Жәнібектің туғанына 90 жыл толуына орай  кереметтей ғылыми-тәжірибелік конференция мен атамыздың өзі реставрациясына қатысқан архи­тектура­лық ескерткіштердің көрме­сін ұйымдастырды. Астанадағы № 11 мек­теп-лицейге Өзбекәлі Жәнібектің есімі берілді.  Талдықорғанда Өзбекәлі Жәнібектің 90 жылдық мерейтойына I республикалық «Алтынай» би байқауы өткізілді. Алматы қаласында Ұлттық кітапхананың ұйымдас­тыруымен «Бек­зат­тық болмыс төрінен көрінсек» атты үлкен конференция, дәрісханалар мен көрме ұйымдастырылды.  

Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне Өзбекәлі Жәнібектің есімі берілді.  Оған қоса, Шымкент қаласында ескерткіш орна­тыл­ды.  Жақында ғана Астанамыздың төрінде Ұлттық музейде «Өзбекәлі Жәнібеков мұрасы және музей ісі» атты музей қыз­меткерлерінің алғашқы конгресі өтті.  Көктемде тағы екі кітаптың таныс­тырылымы жоспарлануда.

Бұл – мысал ретінде айтылып жатқан шаралар. Бізді қуантатын жайт, осы шаралардың бәріне жастардың белсене қатысуы. Мен өзім тек отбасы мүшесі ретінде  емес, сонымен қатар «Өзбекәлі Жәнібеков атындағы мәдениетті, тарихты және этнографияны қолдау қоғамдық қоры» өкілі ретінде осы шаралардың басы-қасында жүремін. Сіздің сұра­ғыңызға шаралардың сирек не көп өткізілуінде емес, олардың мәнді, қоғамға әкелер пайдасы мол болуында деп жауап қайтарар едім. Біз мүмкіндігінше соған көп назар аударамыз. Атамыздың есімі аталып жат­қанына, әрине қуанамыз, мақтан тұтамыз, алайда нақты мәселелер көтеріліп, олар­дың шешімі табылып жатса, атамыздың еңбегі соған бір бағыт-бағдар көрсетсе, ол кісінің аты мен абыройы соған қызмет етсе дұрыс деп санаймыз.

– Ол кісі жинақтаған мұралардың бәрі ұлттық музейге тапсырылған ба? Өзбекәлі Жәнібек атындағы мұражай жасау мүмкін бе? Егер мұражай құрылған жағдайда біз құнды мұраларды жинақтай аламыз ба?

– Атамыздың өмірі мен қызметіне қатысты жәдігерлер бүгінде  бірнеше музейдің қорында сақталған. Атап айтсам:

Астанадағы  Ұлттық музейде, Алма­тыдағы  Мемлекеттік орталық музейде, Арқалықтағы «Дала өлкесі тарихы» музейінде, Түркістандағы «Әзірет-Сұл­тан» тарихи-мәдени қорық-музейінде.

Одан бөлек, Өзбекәлі Жәнібек атын­дағы мұражай ашу жоспарда бар. Ол іске отандық мықты мамандарымызбен бірге шетелдік мамандарды тартып жатырмыз. Мұражайға көрермен ата­мыздың тұлғасы, оның өмір жолы арқылы қазақ халқының мәдениетімен танысса, шабыт алса деген мақсатпен оны заманауи модельде жаса­ғымыз келеді. 

«Құнды мұраларды жинақтай аламыз ба?» деп сұрадыңыз.Ол істі қолға алып бастап кеттік. 

– Өзбекәлі Жәнібектің оқырман біле бермейтін, әлі ешкімге ұсынылмаған тың дүниелері бар ма?

– Бар. Уақыт өте келе ол еңбектер де жарық көретіні анық. 

– Атаңыз күнделік жазған ба?

– Күнделік дегенде күн сайын  жүр­гізілетін күнделік емес. Бірақ жұмысына қатысты жазбаларды, әсерлі  кездерін, шешімін табуы керек деген мәселелер тізімін жасап жүрген. Бала кезімнен есімде қалғаны – оның сирек кездесетін сөздер жазылған блокноты. Ол да өз орнын болашақ музейден табады.

– Ол кісі жүріп өткен жолдармен экс­педиция жасай алдыңыздар ма?

– Жоқ. Қазақстанда қызмет еткен жердің барлығына дерлік  бардық. Ол кісі халықаралық қатынастар бөлімін басқар­ған кезінде де көп елді аралаған еді. Олар­дың бәрін көріп шығу – біздің арманымыз. Оны уақыт көрсетеді.