Тәуелсіздіктің Туын биік көтеріп, егемен ел болғанымызға 32 жыл толды. Бұл – ұзақ жыл бойғы бодандықтың құрсауын бұзып шыққан қазақ елі үшін ұлық мейрам.
Егемендік ескерткіштері
2,260
оқылды

Еліміз әлемдегі тәуелсіз 200 елдің бел ортасынан ойып тұрып орын алды. Содан бері ел Тәуелсіздігінің тарихын бейнелеп, айбынын асыратын дүние көбейді. Қазір елімізде бас-аяғы 40-қа тарта респуб­лика­лық маңызға ие ескерткіш бар. 

Еліміздің абыройын асқақтатып тұратын ескерткіштердің алғаш­қысы – Алматы қаласындағы «Тәуел­сіздік монументі». Көк ас­пан­ға қарай шаншыла орналасқан ескерткіш биіктігі – 180 метр, орта тұсында көне тарихи жазбалары бар ұзындығы 28 метр тақта орна­ласқан. Орталық діңгектің ұшар басы қауызы ашылмаған қызғалдақ тәрізді жұмырланып мүсінделген әрі оған Қазақстанның Елтаңбасы ойылып түсірілген. Үстіңгі бетіндегі қоладан құйылған қанатты барыс­тың үстіне дулығалы жас сарбаз орнатылған. Оның оң қолында қыран құсы, сол қолында садағы, белінде қанжары, асынып алған қорамсағындағы сауыты мен же­белері бар.

Шымкенттегі тәуелсіздік тұғы­ры әрі қаланың шынайы мақта­нышы – «Жер Ана» Тәуелсіздік монументі. Ордабасы ауданында орнатылған ескерткіштің биіктігі – 34 метр. Бұл ескерткіште азат­тықты аңсаған ата-баба арманы қа­зіргі кездің мақсат-мүддесімен үйлестіре бейнеленген. Діңгек тастың ұшар басында әйел бейне­сіндегі Жер-Ананың мүсіні асқақ­тап тұр. 8 метр биіктікке тең әйелдің бір қолы әсем иіліп, төмен түсірілсе, екінші қолымен күн-шеңберді көкке созып тұр. Күн-шеңберде қарлығаштар бар. Ол  самғап, еркін ұшудың символы.  Ал үш қыр­лы діңгек тас – халқымыздың бірлігінің нышаны. Діңгек тастың әр бетіне ұлы билердің даналық сөздері қашап жазылған.

Бас қалада тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы ресми түрде ашылған еді. Аспанмен таласқан зәулім ғимараттың биіктігі – 20 метр. Қақпаның сол жақ қапта­лында «Ақсақал» мүсіні орнатыл­ған. Бұл – халықтың ойы мен рухани өлшемінің көрінісі, дана­лықтың символы. Оның қазақы ерекшелігін ұлттық киімінен аңғаруға болады. Сол жақ қапта­лында Әйел-Ананың мүсіні орна­тыл­ған. Мүсіндердің әрқайсы­сы­ның астында қазақтың «Мәңгілік» дара таңбасы орын тепсе, үстінде Елтаңба орналасқан. Сыртқы бө­лік­тің жоғарғы жағында «Мәңгі­лік ел» сөзі жазылған.

Ақтөбе қаласындағы «Тәуелсіз­дік тұғыры» аталатын тұтастай сапалы бетоннан құйылған айрық­ша архитектураның биіктігі – 20, ені – 2,4 метр. Оның бір жақ қы­рын­­да Әнұранның мәтіні, екінші жақ бетінде Әнұранның нотаға  түсірілген музыкалық нұсқасы, ал үшінші жақ қырында мемлекеттік рәміздердің авторлары туралы мәліметтер нақышталып берілсе, төртінші қырында «Ақтөбе» деген сөз жазылып, осы қаланың нышан­дық белгісі – қызғалдақ көрініс тапқан. Тәуелсіздік тұғырының ең ұшында орналасқан Елтаңба екі жаққа бірдей көрінеді. Оның салмағы 250 келі болса, диаметрі – 215 см. Сондай-ақ мұнда зоомор­ф­тық және геометрия­лық элемент­тер мен өсімдік сипа­тындағы ою-өрнектер бейнеленген. Ал тұтастай сәулет өнері туындысы­ның түсі ұлы даламыздың сипатына жақындайды.

«Тәуелсіздік» ескерткіші Қара­ғанды қаласында да бой көтерген. 47 метрлік ескерткіштің ұшар ба­­­сында алтынмен апталған, шапа­ғын шашқан күн мен қыран тұр. Олар егемендікті білдірсе, стелла­ның төрт бұрышындағы 4 пырақ еркіндікке ұмтылған ел ны­ша­ны. Бұл ескерткіш – өткен күннің белгісі ғана емес, қазақ елі­нің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген зор табысының, оның жарқын болашаққа ұмтылы­сының белгісі іспеттес. 

Ел тарихындағы көптеген дәуір­лік оқиға мен оның қалыптасу кезеңдерін бейнелейтін Тәуелсіздік монументі Шығыс Қазақстан облысында 2 жыл бұрын бой көтерген. Монументтің биіктігі – 15,7 метр, диаметрі – 10,9 метр. Төбесінде Қазақ хандығының негізін қалаушылар – Керей мен Жәнібектің мүсіндері, төменгі бөлігінде Қазақстанның даму тарихы бейнеленген барельеф орнатылған. Монументтің орталық бөлігінде үш жоғары бидің – Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би мүсіні орналасқан.

Тараз қаласында Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай биіктігі 14 метр, көлемі 3,5 метр болатын «Тәуелсіз Қазақстан» монументі ашылған. Монумент бастапқыда триумфалды арка пішінде жоспарланған. Ал мону­менттегі шаңырақ мемлекеттің түп негізі – отбасының бейнесі ре­тінде бедерленген. Сондай-ақ сегіз бұрышты жұлдыз Қазақстанды болашаққа бастайтын жол іспетті жобаның мағынасын аша түседі. Арканың ортасында жер тәріздес шар орнатылып, Қазақстанның кар­тасы бейнеленген. 

Тәуелсіздікке арналған сан алуан ескерткіш пен монумент еліміздің әр өңірінен бой көтеріп жатқаны белгілі. Биікке ұмсынған ауқымды ескерткіштер болашақ ұрпаққа тарихымызды қадірлеу мен ұлы тұлғаларымызды құрмет­теуде айрықша мәнге ие болмақ. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ