Астана халықаралық әуежайы соңғы күндері рейстердің кешігуінің үш себебін мәлімдеді.
Астана әуежайында 150-ден аса рейс неге кешігіп жатыр?
1,116
оқылды

11-15 желтоқсан аралығында Астана әуежайынан ішкі және халықаралық бағыттарда 341 рейс жоспарланған. Алайда, елордада ауа райы қолайсыз болып, термометр бағаны – 30 градусты (желдің әсерімен -44) көрсетті. Салдарынан жоспарланған рейстің 152-сі түрлі себеппен кешікті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Астана халықаралық әуежайының баспасөз қызметі рейстерді кейінге қалдырған ТОП-3 себепті жазды.

1-себеп: Ұшақтың Астана халықаралық әуежайына кеш келуі. Осындай себеппен 5 күн ішінде 96 рейс кешіккен. Яғни әуе компанияларының ұшақтары Астанадан белгілеген бағытқа ұшпас бұрын, одан алдыңғы рейстен кеш келеді де, ұшақты қайта жарақтау, тазалау, жанар-жағармай құюға біраз уақыт жұмсап, белгіленген уақытта ұшуға үлгермей жатады.

2-себеп: Ұшақты қардан не мұздан тазарту, мұзға қарсы сұйықтықпен өңдеуге ұзақ уақыт қажет болғандықтан 17 рейстің уақыты өзгерген. Астана халықаралық әуежайында мұзға қарсы сұйықтықтың 2 түрі қолданылады.

3-себеп: Қолайсыз ауа райы. 11-15 желтоқсан аралығында ауа райы қолайсыз болып, елорда әуежайындағы 12 рейс кешіктірілген.

"Рейстердің кейінге қалдырылуына, не кешігуіне себеп болатын жағдайлар сан түрлі. Мәселен 5 күн ішінде 10 рейс ұшақтағы түрлі ақауға байланысты кешіккен. Көп жағдайда ұшақтардың қозғалтқыштары дер кезінде іске қосылмай қалған.

Бұл тізімге рейске белгіленген ұшақтың ауысуы, экипаж мүшелерінің толық болмауы, жолаушыларды отырғызу кезінде қайта түгендеу, тізімді нақтылау сияқты өзге де себептерді қосуға болады", – делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, Астана – Ұлан Батордан кейінгі әлемдегі ең суық астана болып есептеледі.

"Сондықтан қолайсыз ауа райында рейстер кешігеді. Алайда барлық жолаушы ҚР "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" заңының 86-бабында тасымалдаушының рейс болмаған немесе кідірген кездегi жолаушы алдындағы жауапкершілігі негізінде өзіне тиесілі қызметтерді толығымен алуға құқылы.

Қолайсыз ауа райы кезінде авиация саласының қиыншылығы мен жауапкершілігіне түсіністікпен қарап, әуежай қызметкерлерінің қызметіне қолдау білдірген әр жолаушыға алғысымызды білдіреміз", – деп түсіндірді ведомстводан.