Тілсіз жауды ауыздықтауға жеке құрамнан 36 адам және тоғыз техника жұмылдырылды.
Павлодарда пәтерде өрт шығып, үй иесі қаза тапты
1,056
оқылды

Павлодардағы пәтерлердің бірінде өрт шығып, салдарынан үй иесі көз жұмды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, түнде сағат 00:37-де 101 пультіне Сұрағанов көшесі, 22 мекенжайы бойынша пәтерден түтін шығып жатқаны туралы хабарлама түскен.

«Құтқарушылар дереу оқиға орнына келген кезде бесінші қабатта үш бөлмелі пәтерде залда үй заттары, жиһаздар жанып жатқаны, пластикалық терезелер балқып кеткені анықталды. Жалпы жану алаңы 10 шаршы метрді құрайды», – дейді департаментте.

Кіреберіс металл есік арнайы құралмен ашылды. Газ-түтіннен қорғау қызметі 1977 жылы туған пәтер иесін ес-түссіз күйде шығарып, жедел жәрдем қызметіне тапсырды.

Сағат 01:15-те өрт сөндіру қызметі тұрғын қайтыс болғанын мәлімдеді. Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін 10 адам баспалдақпен өздігінен эвакуацияланды.

Тілсіз жауды ауыздықтауға жеке құрамнан 36 адам және тоғыз техника жұмылдырылды. Өрт сөндірушілердің күшімен сағат 00:59-да өрт толығымен сөндірілді.