5 мыңнан аса сарбаз 1 млрд 875 млн теңге сомасына кредиттік демалыс алып үлгерді.
Банктерге 3 миллиард теңге қарыз: сарбаздар 2024 жылдан бастап кредиттік демалыс алады
Фото: gov.kz
2,512
оқылды

Бүгінде 5 мыңнан астам сарбаздың 1 млрд 875 млн теңге несиесі кейінге қалдырылды. Қазіргі уақытта банктер мен микрокредиттік ұйымдарда 1,6 млрд теңге сомасына 5 мыңға жуық әскери қызметшінің өтініштері қаралу үстінде, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, сарбаздарға автоматты (проактивті) түрде кредиттік демалыс беру жөніндегі пилоттық жоба 2024 жылы іске қосылмақ.

«Қорғаныс ведомствосының бұл бастамасы заң жүзінде бекітуді және мүдделі ұйымдардың бірлескен техникалық шешімін талап етеді. Қорғаныс министрлігінің сарбаздары үшін әлеуметтік қолдау шараларын заң тұрғысында реттеу мақсатында «Әскери қызмет және әскери қызметшінің мәртебесі туралы» ҚР Заңына 50-1-бапты енгізуге бастамашы болды. Заң жобасы Парламент Мәжілісінде қаралып жатыр», – делінген министрлік хабарламасында.

Бұдан өзге, негізгі қарыз бен сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыру тәртібін белгілейтін нормаларға қорғаныс ведомствосы сарбаздардан басқа қарыз алушылар қатарына әскери жиындарға шақырылған азаматтарды да қосуды ұсынып отыр.

«Несиені кейінге қалдыру әскери жиындағы бүкіл кезеңге беріледі. Бұл ретте мәлімет алмасу мүдделі органдардың ақпараттық жүйелерінің өзара іс-қимылы арқылы жүзеге асырылуға тиіс. Процестерді автоматтандыру үшін Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен және «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ-мен бірлесіп проактивті форматта өзара іс-қимыл алгоритмін әзірледі», – делінген хабарламада.

Айта кетерлігі, жыл соңына дейін запасқа шығарылған адамдардың несиелік демалысын тоқтату алгоритмі сияқты, мұнда да әскерге шақыру күнінің орнына әскери қызметтен босату күні беріледі.