Қабылдауға Іле, Жамбыл аудандары мен Қонаев қаласының тұрғындары қатысып, толғандырған сұрақтарын қойды.
"20 жыл бойы суды дұрыс бермей отыр": Алматы облысында су тапшылығы өзекті мәселеге айналды
1,310
оқылды

Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыт «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдады.

Қабылдауға Іле, Жамбыл аудандары мен Қонаев қаласының тұрғындары қатысып, толғандырған сұрақтарын қойды.

Алғашқы қабылдауға келген Жамбыл ауданының тұрғыны екінші деңгейдегі банк қызметкерлеріне шағымданды. Оның айтуынша, 9 жыл бұрын Renault Logan автокөлігін несиеге сатып алған. 2017 жылы жол апатына түсіп, несиесін төлей алмай қалған. Кейін банк қызметкерлері автокөлікті алып кеткен. Содан бері көлік қайда екенін білмейді.

«Көліктің салығы мен несиесі төленіп отыр. Бірақ автокөліктің қайда тұрғаны белгісіз. Банк қызметкерлері қоқан-лоқы көрсетіп дұрыс жауап бермей, автокөлікті қайтармай отыр. Аудандық полицияға және прокуратураға арыздандым. Алайда мардымды жауап жоқ. Бірақ, әлі күнге дейін «автокөлік жылдамдықты асырды» деген айыппұл келіп жатыр», – дейді тұрғын.

Антикор басшысының бірінші орынбасары бұл мәселені назардан тыс қалдырмай, дереу сотқа жүгіну керектігін жеткізді. Мәселені шешімін табуға заң аясында кеңес беріп, ықпалдасатынын айтты.

Ал Қонаев қаласының тұрғыны зейнетке бір жарым жыл қалғанда жұмыстан негізсіз шығарып жібергенін айтып наразылығын білдірді.

«Ы.Алтынсарин атындағы №1 орта мектепте ағылшын пәні ұстазы болып 5 жыл қызмет атқардым. Мені зейнетке шығуыма бір жарым жыл қалғанда жала жауып жұмыстан шығарып жіберді. Бармаған жерім қалмады. Сотқа да, прокуратураға да жүгіндім. Мені заңсыз шығарғанын дәлелдей алмай жүрмін. Мектеп директоры маған қарсы көптеген заңсыз уәжін алға тартты. Менің еңбек өтіліме пропорционалды түрде зейнет алуыма балта шабылып жатыр. Маған қарсы жасалып отырған сыбайлас әрекеттерді шешуге ықпалдасуыңызды сұраймын», – дейді ол.

Сондай-ақ, Іле ауданының бір топ азаматы тіршілік нәрінен таршылық көріп отырғанын айтты. Жұртшылық осы мәселеге араласып, тексеруін сұрады.

«Нарықтық заманда диқандар жер тырмалап, бала-шағамыздың нәпақасын табудамыз. Алайда, бізге өте үлкен кедергі болып тұрған бір мәселе бар. Ол – су мәселесі. Біздің қожалықтарға жыл сайын су беру нашарлап барады. Осы орайда Алматы облысында 20 жыл бойы суды дұрыс бермей отырғанына арызданып отырмыз. Жетіген округі суының басым бөлігі өзінің бағыты бойынша жүрмей жатыр. Осы мәселені оң шешуге ықпал етуіңізді сұраймыз», – деді шаруалар.

Антикор басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыт қабылдауға қатысқан азаматтарға заң тұрғысындағы кеңестер берді. Сондай-ақ барлық көтерілген мәселелерді жіті бақылауына алып, тиісті шаралар қабылданатынын айтты.

Айта кету керек, биыл партияның қоғамдық қабылдауына облыс тұрғындарынан 3 мыңнан аса өтініш түскен. Оның 2 мыңға жуығы оңтайлы шешімін тапқан.