Астана қаласында дарынды балалармен жұмыс істеудің қолда бар жүйесін сақтау және одан әрі жетілдіру бойынша жұмыс жақсы жүргізіліп жатыр.
Қолдау бар жерде мейірім бар
1,124
оқылды

Мәселен, қабілетті және дарынды балалардың әлеуетін барынша тиімді іске асыру, олардың әлеуметтік қалыптасуы үшін қажетті жобалар мен бағдарламалар әзірлеп, жүзеге асырылуда. Осы бағытта жаңа нысандар мен әдістер енгізіліп, дарынды балалармен жұмыс істейтін білім беру мекемелері және басқа құрылымдардың ынтымақтастығы мен өзара байланысы ұйымдастырылды.

Дарынды балалармен жүйелі және ұтымды жоспарланған жұмыс оқушылардың оқу жетістіктерінің оң динамикасын, түрлі зияткерлік-шығармашылық іс-шараларға қатысушылар санының өсуін қамтамасыз етті. Түрлі конкурстар мен олимпиадаларға қатысқан оқушылардың үлесі өсті. Тіпті, халықаралық кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің саны арта түсті.

Елордада жалпы білім беретін мекемелерде мектепке дейінгі жастан бастап, жоғары сынып оқушыларымен жұмыс істеу жүйесі қалыптасқан.  Барлық іс-шара жас дарындардың интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттерін ерте жастан дамытуға бағытталған.

Атап айтсақ,  балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілері мен бастауыш сынып оқушыларына арналған «Жұлдызды жол» олимпиадасы, «Елорда Еркетайы» шығармашылық байқауы, «Бестемше» спорттық іс-шарасы, 2-7-сынып оқушыларына арналған қалалық ғылыми жұмысы мен шығармашылық жобалар байқауы, 2-4-сынып оқушылары арасындағы Республикалық пәндік олимпиада және т.б.

Оқушылар үшін жалпы білім беретін пәндер бойынша жасөспірімдер олимпиадасы, 5-6 сыныптарға республикалық пәндік олимпиада, 7-8 сыныптарға географиядан Ұлттық олимпиада және химия мен биология бойынша жасөспірімдер олимпиадасы өткізіледі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының дипломдарымен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Аталған зияткерлік сайыстардың барлығы – республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысуға жетелейтін қадам.

Жоғары сынып оқушылары үшін республикалық деңгейдегі президенттік және лингвистикалық олимпиадалар, жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар байқауы, қалалық және республикалық «Абай оқулары», «Ақселеу оқулары», «Қадыр оқулары», «Мағжан оқулары», интеллектуалдық және шығармашылық байқаулар: «Абай әлемі», «Менің кіші Отаным», «Менің бастамам – менің Отаным үшін», халықаралық STEM олимпиадасы, «Robotek Grand Tournament» республикалық робототехника турнирі, робототехникадан ғылыми-техникалық жобалар байқаулары өткізіледі.   

        

Жыл сайын олимпиада қозғалысының сапасы артып, қатысушылар қатары көбейіп келеді. Тек 2023 жылдың өзінде Астананың 522 оқушысы марапатталды. Оның 257-сі республикалық, 265-і халықаралық олимпиада. Оған қоса, Астана құрамасы жыл сайын «Ең үздік олимпиадалық команда» атағын жеңіп алады.

Зияткерлік олимпиадаларға сапалы дайындалу және сәтті өнер көрсету үшін «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтай отырып, каникул күндері оқу-жаттығу жиындарын өткізбек. Соның барысында өткен жылдардағы халықаралық олимпиадалардың бұрынғы жеңімпаздары мен жүлдегерлері тәжірибелерімен бөлісіп, жас зияткерлер дайындығына өз үлесін қосады.

Пәндік олимпиадаларға қатысу мектеп оқушыларына олардың тұлғалық өсуі мен дамуына мол мүмкіндік береді. Бұл – жаңа білімді меңгеру, әрі қарай мамандық таңдауға қабілеті мен қызығушылығын анықтау, емтиханға дайындалу, өз бетінше іздену, ой-өрісін дамыта түседі.

Мектеп түлектеріне мамандық таңдауға және олардың талаптары мен қажеттіліктеріне сәйкес келетін оқу орнын таңдауға көмектесу үшін Орталықта «Qabilet» кәсіптік бағдар беру қызметі жұмыс істейді. Негізгі мақсаты –  7-11 сынып оқушыларының зияткерлік қабілеттері мен кәсіби өзін-өзі тану, оның психологиясын, дағдысын, білімін, дарындылығын ескере отырып, оқушының кез келген мамандыққа бейімділігін анықтауға бағытталған.

Дарынды балаларды қолдау және ынталандыру мақсатында қала әкімі жыл сайын елорданың дарынды оқушылары  – халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздары және жүлдегерлерімен кездеседі. Оқушылар Астана қаласы әкімінің атынан алғысхаттармен және ақшалай сертификаттармен марапатталады.

Астанадағы білім беру саласының жүйелі және жемісті жұмысының арқасында елордалық мектеп оқушыларының есімдері халықаралық интеллектуалдық ареналарда жиі аталуда. Халықаралық рейтингтік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері (IMO, ICho, IPho, IGeo, IOI, IOL) қазақстандық жоғары оқу орындарының білім беру гранттарын иеленсе, сонымен қатар беделді шетел университеттеріне 100% жеңілдікпен оқуға шақырту алады.

Мемлекеттің жан-жақты қолдауы және Қазақстан оқушыларының тамаша жетістіктерінің арқасында 2024 жылы шілде айында Астанада  тарихымызда алғаш рет әлемдегі ең беделді олимпиадалардың бірі – биология пәнінен халықаралық олимпиада (ІВО) өтеді.  Кең инновациялық бағыт, бүгінде жүзеге асырылып жатқан қызықты жобалар елордалық білім беруді жоғары деңгейге көтеріп, уақыт көшіне нық қадам басып, болашаққа батыл қарауға мүмкіндік береді!