Министрліктің спортты қаржыландыру мәселелері жөніндегі қызметіне талдау жасалмақ.
Антикор Туризм және спорт министрлігін тексеруді бастады
663
оқылды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі спорт саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізеді, - деп хабарлайды Aikyn.kz  

ҚМА баспасөз қызметінің мәліметінше, талдау шеңберінде Туризм және спорт министрлігінің, оның ішінде оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының спортты қаржыландыру мәселелері жөніндегі қызметіне талдау жасалмақ.

«Бұдан басқа, спорттық іс-шараларды, жиындарды, жабдықтарды, спорттық тамақтануды сатып алуды, шетелдік іссапарларды ұйымдастыруды, сыйақыларды, спорт объектілерін салуды, сондай-ақ спорт федерациялары мен кәсіби клубтарды ұстауды қамтамасыз ететін бюджеттік және бюджеттен тыс көздер зерделенетін болады», - делінген Антикор хабарламасында.

Талдау агенттіктің, мүдделі мемлекеттік органдардың қызметкерлерімен және азаматтық қоғам өкілдерімен жүргізілетін болады.

Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет азаматтарды талдау жүргізуге қатысуға шақырады.

«Егер Сізде жемқорлық тәуекелдері туралы ақпарат болса немесе спортты қаржыландыру саласын жетілдіру бойынша ұсыныстарыңыз болса, оларды электрондық поштаға жіберуіңізді сұраймыз karipova.a@antikor.gov.kz», - деді Антикор өкілдері.