Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай, балалар күніне ең көп дегенде 3-4 сағатқа далаға шығуы керек.
Қыс мезгілінде балаңыз ауырмасын десеңіз –  маманның кеңесі
1,153
оқылды

Бұл туралы ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасында аға медбике болып жұмыс істейтін Асыл Қалықова айтып берді. Оның сөзінше, қыста жалпы адамның иммунитеті көп күресетіндіктен, баланың денсаулығына жіті мән берген жөн. Сондықтан ол бізге қыс мезгілінде бала күтімі қаншалықты маңызды, оның ағзасын қандай дәрумендермен қоректендіру керек, ауа райына байланысты туындайтын сақтық шаралары туралы толығырақ айтып берді. Ендеше, төмендегі материалдың білікті маманның кеңесін пайдалана отырып жазылғанын оқырманның назарына салуды жөн көріп отырмыз.

Қыста баланы қанша уақытқа далаға шығарған жөн?

Күннің  бірінші жартысында, яғни түске дейін 1-2 сағатқа, түстен кейін тағы да 1-2 сағатқа серуендеуі керек.  4 жасқа дейінгі балалар үшін ауа райы  -15 градус болғанда және желдің ұйытқуы 15 м/с құраса серуендеу уақытын қысқарту керек. Ал 5-6 жастағы балалар үшін -20 градустан бастап далада жүруге болмайды.

Біз балаларды далаға серуендетуді қыс мезгілінде мынадай тәртіппен жасаймыз: бірінші балаларды тәрбиеші мен тәрбиешінің көмекшісі болып екіге бөліп, бөлек шығаруды ойластырдық. Себебі осылай ғана барлық баланы қауіптен қорғап, толықтай бақылауда ұстай аламыз. Сосын далаға шығармас бұрын балалардың киім киісіне жіті мән беріп, терлеп кетпеуін қадағалаймыз. Өйткені температураға сай киінбеген бала міндетті түрде терлеп, суық тиігізіп алу қаупі өте жоғары. Ересектерге қарағанда балалар жиі қозғалыста болғандықтан, өте қалың киім киінсе, ыстықтап кетеді. Сондықтан ата-аналарға балаларына өте қалың киім кигізбеуге кеңес береміз. Жеңіл киінсе де, жылы киімдер кигізгенін сұраймыз. Далаға шығар алдында балаларды толықтай киіндіріп, сапқа тұрғызып, бәрін тексеріп, алып шығамыз.

Қыстағы жиі таралатын аурулардан баланы қалай қорғау керек, қандай дәрумендер ішуге болады? 

Негізі, қыс мезгілі – иммунитеттің қатты сыналатын уақыты. Күн нұрының жоғы, жеміс-жидектің тапшылығы ағзаны өте қатты әлсіретеді. Ал әлсіз ағза аурумен күресуге қабілетсіз. Сондықтан міндетті түрде дәрігердің кеңесімен ағзаның саулығы үшін дәрумендер ішуге кеңес беріледі. Қыста негізінен А, С дәрумендері ағзада дефицит болып тұрады. А витамині тікелей иммунитетті көтеруге қажет. Ал С дәрумені жетіспесе, аскорбин қышқылын ішу керек. Қырыққабат, лимон, итмұрын, қарақат сияқты жемістер мен көкөністерді баланың күнделікті рационына қосқан абзал.

Баланың ағзасын қысқа қалай дайындауымыз керек?

Балалардың қыста иммунитеті жоғары болғанын қаласаңыз, жаз кезінде күнге күйдіріп, теңізге түсіріп, тұзды судың емдік қасиеттерінің бойына сіңгенін қадағалауымыз керек.

 Аязда баланың бетін немесе аяқ-қолын үсік шалса, не істеу керек?

Үсік – қыстағы кең тарайтын зақымдардың бірі. Дененің үсу дәрежесін алғашқы сағаттарда ажырату мүмкін емес. Егер баланың үсігенін байқайтын болсаңыз, дереу жылы жерге апарыңыз. Сонымен қатар міндетті түрде жедел жәрдем шақырыңыз. Айта кету керек, зақымдалған тері бөлігін бірден қыздыруға болмайды. Тек қолмен немесе жұмсақ жүн матамен мұқият уқалауға болады.

Балалар қыста ойнап жүргенде жарақат алса, қандай алғашқы көмек көрсету керек?

Қыстыгүні балалар ойнап жүріп жарақат алса, балабақша тәрбиешілері міндетті түрде бізді, яғни медбикені немесе дәрігерді шақырады. Ең алдымен, жарақатты ашып, қарап,  оның деңгейін анықтаймыз. Ашық жарақат, жабық жарақат немесе дереу жедел жәрдем шақыру керек жағдай болды ма, соны білуге тырысамыз.  Кейін жарақаттың түріне қарай, алғашқы көмек көрсетіледі.

 Мұздағы және жолдағы қауіпсіздік шаралары

Ең бірінші жолдан өтетін кезде міндетті түрде жан-жағымызға қарауымыз керек.  Егер жер көктайғақ болса, табаны сырғанамайтын аяқкиім киген жөн. Ата-аналарға берер кеңесіміз ауа райы қолайсыз, жер көктайғақ болып тұрғанда, баламен сыртқа шықсаңыз, балаға барынша көңіл бөлу керек екенін қаперіңізге саламыз.