Қойылымның қоюшы-режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Асхат Маемиров, кейіпкерлер мен орындаушылар - театр әртістері.
«Мәңгілік мұңның әуені»: Астанада поэтикалық-музыкалық қойылым сахналанды
834
оқылды

20 желтоқсанда Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры ғимаратында белгілі ақын, бард, халық арасында «Сары тентек» атанған Қуаныш Мақсұтовтың асқаралы 60 жасқа толған мерейтойына орай «Мәңгілік мұңның әуені» атты поэтикалық-музыкалық қойылымының премьерасы өтті, деп жазады Aikyn.kz

Іс-шараны қала әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтауымен орынбасары Есет Байкен ашты.

«Қуаныш Мәжікенұлының қазақ мәдениеті мен өнеріне қосып жатқан үлесін бір қойылымға сыйғызу мүмкін емес, дегенмен осыдан екі ай бұрын жақсы бір қойылым жасауды ақылдастық. Қойылым театр сахнасынан ойып тұрып өзінің орнын алатынына һәм көрерменнің көңілінен шығатынына сенімдімін», деді Есет Берікұлы.

Мұнан соң, поэтикалық-музыкалық қойылым басталып, көрермендер поэзия мен музыка әлеміне саяхаттады. «Мәңгілік мұңның әуені» премьерасында жас актерлардың бірі ақын, бірі сазгер, енді бірі бард, тағы бірі автор рөлдерін сомдап һәм Қуаныш Мақсұтовтың шығармаларын қойылымның өң бойында шеберлікпен орындап, көрермендердің ыстық ықыластарына бөленді. Көрермен қауым біртуар тұлғаны қойылымда әр қырынан көріп, эстетикалық түрлі әсерлер алды.

Қойылым соңында мерейтой иесіне қала әкімінің ықылас гүлі тарту етілді.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітова сала министрі Аида Балаеваның құттықтауын оқып берді және мерейтой иесіне «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін табыстады.

Мерейтой иесі сөз алып, министрлік пен қала әкімдігіне, қойылымның қоюшы-режиссері мен театр өнерпаздарына және көрермен қауымға алғысын айтып, бірнеше қонаққа кітабын тарту етті.