Үйдің жертөлесінде су жерден бір метрге дейін көтерілген.
Көкшетауда ондаған үйдің жертөлесіндегі кәріз құдығы толып кеткен
974
оқылды

Көкшетауда ондаған көпқабатты үйдің жертөлелері суға толып, кәріз құдықтары ернеуінен асып төгіліп жатыр. Алайда оларды тазалауға жауапты «Көкшетау Су Арнасы» коммуналдық кәсіпорнының жағдайды реттеуге қауқары жетер емес, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі. 

Ащы жанайқайын жеткізген Абай көшесіндегі 59-шы үйді тұрғындары жертөлесінен қолқаны қабатын жағымсыз иістен қажығанын, кәріз құдығының лықа толып тіпті сыртына шығып жатқанын жеткізді. Жағдайды анықтау барысында шаһарда ондаған көпқабатты тұрғын үйлерде де дәл осындай жағдай екенін анықтадық. Назарбаев даңғылы, 2г және 2в, Әуелбеков, 178, 170, Сүлейменов, 13 в, 8 және 6 үйлердің жертөлесі суға толып кеткен. Тұрғындар мәселе қалалық деңгейде шешілмесе облыс әкіміне тікелей кіру қажет деп есептейді. 

– Әлі күнге ешкім келген жоқ. Өткен жолы машина шлагбаум жабық тұр деп кетіп қалған. Бірақ бізде аулаға кіретін екінші жол да бар. Үйдің жертөлесі суға толып барады. Иісі қолқаны қабады. Бұл дегеніңіз сұмдық, – дейді Назарбаев көшесі, 2 в үйінің тұрғындары. 

Абай көшесі, 59 үйдің жертөлесінде су жерден бір метрге дейін көтерілген. «Көкшетау Су Арнасы» жұмысшылары тұрғын үйге келген. Бірақ істі соңына дейін жөнге келтірмеген болып шықты. 

– Біз бәріміз облыс әкіміне бармақпыз. Өйткені, «Су Арнасы» жұмыс істемейді. Біздің үй міне бір айдан бері суда тұр. Жертөле суға толған. Бес күннен бері коллекторға байланысты кері айналдыру клапаны жұлынып қалды. Бұл коллекторлы магистраль Абай көшесін бойлай өтеді. Ал оны құдықтардан тазарту керек. «Көкшетау Су Арнасы» бұл былықты ай сайын тазартуы тиіс болатын. Оның үстіне жаңадан үйлер салынып инженерлік желілердің қауқары да жетер емес. Мұндай жағдай Абай көшесі, 59 ғана емес басқа үйлерде де бар, – дейді үйдің тұрғындары. 

Ал «Көкшетау Су Арнасы» коммуналдық кәсіпорны кәріз құдықтарының толып қалғаны жөнінде ондаған өтінім түсетіндіктен іс жүзінде үлгермейтінін ашық мойындады. 

– Бізге құдықтардың ернеуінен асып толып бара жатқаны жөнінде 40 өтінім түсті. Желіде төрт көлік жұмыс істеп жатыр. Оның бірі істен шықты. Коллекторды іске қостық. Мүмкіндігінше тазартып жатырмыз. Бүгін бір экипаж төрт өтінімді орындап және бір құдықты тазартты. Бір экипаж алты өтінімді орындады. Сонымен қатар Назарбаев көшесі, 2г, 2в, 2д мекенжайындағы үйлердің мәселесін шештік. Кейде біздің экипаж барғанда кірме жолдар жабық жатады. Құдықтардың үсті қарға толып тұрады. Кейде құдықтың үстінде көлік тұрады. Мұндай жағдайда әрине дау-дамай туындайды. Біз ашық құдықтарды тазартып, жауып береміз. Өтінімдерді мүмкіндігіне қарай орындауға тырысамыз, – дейді «Көкшетау Су Арнасы» коммуналдық кәсіпорнының өкілі. 

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы