Жеңіс Қасымбек мектеп тапшылығы мәселесі шешіліп жатқанын айтты

2024 жылға 25 мектептің құрылысы жоспарланған.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елордадағы мектеп тапшылығы мәселесін шешу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жеңіс Қасымбек Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы қорытынды есеп беріп жатыр.

– Астанадағы білім беру жүйесінде мектептер мен балабақшалардағы оқушы орындарының тапшылығы өзекті мәселе. Әсіресе жаңа құрылыс аудандарында осыған қатысты дау көп. Биыл осы мәселені шешу мақсатында 7 мектеп пайдалануға берілді, тағы 5 мектептің құрылысы аяқталып келеді, – деді қала әкімі орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Елорда әкімінің айтуынша, 2024 жылға 25 мектептің құрылысы жоспарланған, оның ішінде жекеменшік – 3, мемлекеттік – 7 және «Жайлы мектеп» жобасы бойынша – 15.

– Жалпы «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 90 мың оқушыға арналған 24 мектеп салынады. Оның 15-і қарқынды дамып келе жатқан Есіл және Нұра аудандарында орналасады. Осылайша, 2028 жылға дейін екі ауысымда 200 мыңға жуық оқушы орнына арналған 80-нен астам мектеп салуды жоспарлап отырмыз, – деді Жеңіс Қасымбек.

Әкім инвесторлардың қаражатынан 16 жекеменшік балабақша салынып жатқанын және 2029 жылға дейін 60 мемлекеттік балабақша салу жоспарланғанына тоқталып өтті.