Бүгін «AMANAT» партиясында өткен баспасөз мәслихатында Мәжіліс депутаттары еліміздегі су мәселесінің түйткілі төңірегінде сөз қозғады.
Қар мен жаңбыр суын жинап, кәдеге жаратуымыз керек
1,471
оқылды

«Судың да сұрауы бар» демекші биыл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі су тапшылығы төңірегінде мәселе көтеріп, арнайы министрлік те ашып берді. Енді, міне, су мәселесімен депутаттар да шындап айналысып жатқанға ұқсайды. Еліміздегі су қорлары мен ауыз судың мәселесі бүгінде бірінші орында. Тек бізде ғана емес әлем бүгін алас ұрып су қорын жасақтап жатқаны белгілі.  Тіпті батыс елдерінің әр азаматы күніне жарты литр суды үнемдеп ішуге көше бастаған. Бұл дегеніміз үлкен мүмкіндікке бастар жол. Біз де өзгелерден үлгі ала отырып, су үнемдеудің үрдісін халыққа жақсылап түсіндіруіміз керек дейді депутаттар. 

Баспасөз мәслихатына депутаттарды бастап келген Мәжіліс депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің Төрағасы Еділ Жаңбыршин үш түрлі күрделі мәселені ортаға салды. Еліміздегі жалпы су мәселесін алдымен толықтай түсініп алуымыз керек деген халық қалаулысы су қоры, халықты ауызсумен толықтай қамту, ауыл шаруашылығы саласында суды пайдаланудың жобасы туралы ойын жеткізді. 

«Елімізде осы күнге дейін 30% елді мекенде ауызсу мүлдем жоқ. Мемлекет тарапынан жыл сайын жобалар әзірленіп, қаржыландырылу жүргізіледі. Дегенмен су тапшылығы күн сайын алдымыздан шығып отыр. Су қорын есепке алу мәселесімен айналысуымыз керек. Мысалы, еліміз бойынша 200-ден астап ұңғымадан жер астындағы тұщы су өздігінен  атқылап шығып далаға жайылып жатыр. Мұны да алдағы уақытта тексеріп, сорғылар қою арқылы пайдалану көзделуде. Сонымен бірге өндіріс өнеркәсіп саласына пайдаланылып жатқан сулардың деңгейі анықталу үстінде. Ендігі жерде алдымен өнеркәсіптік орындарда суды қайта пайдалану мәселесін қолға алу көзделу үстінде», – деді Еділ Жаңбыршин. 

2030 жылға қарай дүниежүзіндегі су тапшылығы 40 пайызға, ал Қазақстандағы су тапшылығы 15 пайызға жетуі мүмкін.

«Соңғы 10 жылда жұмсалған қаражатта есеп жоқ. Бірақ жағдай өзгермей отыр. Біз болашақта ұрпағымыздың шөлден зардап шегіп жүргенін қаламаймыз ғой. Сондықтан бүгіннен бастап көңіл аударған абзал. Су қорын үнемдеуге халық болып, ел болып күш салуымыз керек. Әсіресе қайта пайдалану жүйесін қолға алу маңызды. Мысалы, қарапайым ғана жуыну кезінде де суды ағызып қоймай тоқтатып пайдалансақ деймін. Одан бөлек көшедегі көлік жуу орындарының да жұмысын бақылап олардың көлік жууға қандай су пайдаланып жатқанын тексеру керек. Тексеріп қана қоймай кәсіп иелерін қайта пайдалану жүйесіне көшіруіміз қажет. Тағы бір айтатын мәселе, қар мен жаңбыр суын жинап, қажетке жарату да аса тиімді болмақ», – деді  Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев.

Су жер бетінің шамамен 70%-ын алып жатқанына қарамастан, ауызсу  үлесі – 3%.  БҰҰ-ның мәліметі бойынша, жер бетінде миллиардтан астам адамның суға зәру. Ал тағы 2,7 миллиард адам әр жылда кем дегенде бір ай бойы су тапшылығын сезінеді екен.

Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Мархабат Жайымбетұлы өз сөзінде елдегі өзен көлдердің суын толықтыру және сақтап қалу керектігі төңірегінде сөз қозғады. «Арал табанының семіп кеткендігі салдарынан біз теңіздегі балық түрін түгелдей жойып ала жаздадық. Өздеріңіз білесіздер, кіші Аралға су келгеннен кейін су қоры 27 млрд текше метрге молайды. Есесіне, балық та өсіп жылына 15 мың тонна балық аулана бастады. Теңізшілер қайта оралып жатыр. Сол сияқты әр жерлердегі өзен көлдерге жанашырлық танытсақ, экологиямыз реттелсе, халыққа тіршілік етуге қолайлы болады. Сонымен бірге еліміздегі өзен көлдердің табанын тазарту да кезек күттірмеуі тиіс. Бұл тұрғыда жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Көлік министрлігі бірлесіп жұмыс істеуі керек», - деді  Мархабат Жайымбетұлы.

Жиын соңында Елімізде трансшекаралық аймақтарда көрші елдермен су бөлісу бойынша нақты бір келісім жоқ екені сөз болды. Жыл сайын осы мәселе күрделеніп келе жатыр. Сондықтан біз депутаттар мен Үкімет, Су ресурстары және ирригация министрлігі мен өзге құрылымдық мекемелерді тарта отырып, өзекті мәселенің түйінін тарқату көзделу үстінде. Бұл туралы сөз қозғаған халық қалаулылары еліміздегі су мәселесіне байланысты кез келген жағдайды жіті назарларында ұстап отырғанын жеткізді. 

Бердібек ХАБАЙ