Сауда және интеграция министрлігі көптен бері айтылып келе жатқан бұл мәселені қоғам талқысына шығарды.
Қазақстан 2024 жылы бір уақыт белдеуіне көше ме?
2,249
оқылды

Бүгін «Ашық үкімет» порталында талқылау аяқталды. Егер халықтың басым бөлігі өзгерісті қолдаса, келер жылы наурыздан бастап еліміздің барлық аймағы бір уақытпен өмір сүреді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Астана арнасы тілшісінің айтуынша, елордалық тұрғындардың дені келер жылы уақыттың ауысатынынан бейхабар. Дегенмен сағат тілінің артқа жылжуына қуанбаса, ешкім реніш білдіріп жатқан жоқ. Егер адам денсаулығына пайдасы тисе, неге жылжытпасқа дейді тұрғындар.

«Ұнайды ауысқаны, бір сағатқа, мен қалаймын. Мен ешқандай қарсы емеспін»,  «Дұрыс, ол да дұрыс. Қараңғыда жүргенше. Мұнда жастарға, жұмысқа баратындарға, сабаққа баратындарға ыңғайлы болуы керек қой»,  «Елімізде бір уақыт болғаны жақсы ғой. Ол бір сағат алға, бір сағат кейін деген негізі мүлде дұрыс емес сияқты, менің ойымша», – депті тұрғындар.

Қолданбалы хронобиология маманы Болат Нұрхожаев сағат ауысатын аймақтар дәл қазіргі уақытта Қытайдың сағаттық белдеуімен өмір сүріп жатқанын айтады. Маман озық уақытпен жүрген өңірлерде балалардың таңертеңгі сабаққа тұра алмауының себебін сағат тілі мен күннің атуы сәйкес келмейтінімен түсіндірді. Оның айтуынша, қазіргі уақыт балалардың маңызды қабілеттеріне жауапты тез ұйқы фазасының 60-90 пайызын жоюда.

"Біздің   Астана мен Алматының қазіргі уақытын бір сағат кейін шегеріп, 5 сағаттық белдеуге теңестіру – сол өңірлердің өзінің табиғи уақытына көшіру. Яғни, белдеулік табиғи уақытына көшеді деген сөз. Астана уақытын бір сағат шегерсе, көптеген облыстарда күннің, табиғаттың, Алланың, Жаратқанның деп айтады ғой енді, соның уақытымен өмір сүретін боламыз. Ол бізге зиян тигізеді деу, енді былайынша қисынсыз", – дейді ол.

Сауда және интеграция министрлігінің ведомствоаралық уақыт өлшемі жөніндегі жұмыс тобының зерттеу жұмыстары сәуір айынан бастап жүргізілген.

"Барлық аспектілерді зерттеп, оны барлық мемлекеттік органдарға, ғылыми зерттеу институттарына, медициналық институттарға, сосын физиология-генетикаға қатысы бар жоғары оқу орындарына жіберіп, бәрінен де қолдау алдық. Соның ішінде Онкология және радиология институты, Астрофизика институты, Адам және физиологиясы генетикасы институттары бәрі қолдап отыр", – деді ғалым.

Бір сағат белдеуін енгізу мәселесі қоғам талабынан туындаған. Жұмыс тобы шешім қабылдауда әрбір сала мамандарының пікірі ескерілгенін айтады.

Үкімет ұсынысы қолдау тапса, еліміздің барлық аймағы 5 сағаттық белдеуде болады. Сарапшылардың пікірінше, бұл нұсқа ең дұрыс және қолайлы нұсқа. Қазақстанның бірқатар өңіріне табиғиға жақын уақытты пайдалануға мүмкіндік береді.