Биыл Түркі әлемі үшін айрықша: бауырлас елдердің бірнешеуінде қатарынан бір ғасырлық мерейтой аталып өтуде.
Түркі әлемінің ұлы күні
1,757
оқылды

Атап айтқанда, Түркия Республикасының құрылғанына 100 жыл толды, Әзербайжан халқының жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиев пен көрнекті қазақ жазушысы Кемел Тоқаевтың дүниеге келгеніне 100 жыл толды. 

Айтулы мерейтойларға орай, Астана қаласында Түркі академиясы Ұлттық академиялық кітапханада «Бауырластық тамыры: тұлғалар ғибраты» атты халықаралық кон­ференция ұйымдастырды. Алқалы жиынға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, дипло­матия­лық миссия басшылары, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Тағылымы мол жиында белгілі тарихшы Афет Инанның қазақ тіліне алғаш рет аударылып басылған «Ататүрікті еске алғанда» еңбегі мен кемеңгер көшбасшы Гейдар Әлиевтің қызет атқарған жылдарынан сыр шертетін Karizmatik Lider Parlak Şahsiyet Haydar Aliyev (Ұлт көшбасшысы, жарқын тұлға Гейдар Әлиев) және қазақ детектив жанрының негізін салушы К.Тоқаев туралы «Kemel Tokayev: Bir Kalem Ustasinin Yaşam Öyküsü» (Кемел Тоқаев: қаламгердің өмір жолы) кітаптарының тұсаукесері өтті.

Айта кету керек, «Ататүрікті еске алғанда» деп аталатын есте­ліктер топтамасы – Kemal Atatürk’ü Anarken атты кітабының қазақ тіліне алғаш аударылған нұсқасы. Топтаманың негізгі нұсқасын Афет Инанның Түрік тарихы қоғамы 2021 жылы жарыққа шығарған. Кітапта Түркия Республикасының негізін қалған ұлы тұлға Мұстафа Кемал Ататүрік туралы естеліктері мен ой-толғамдары жинақталған. 

Әзербайжан Республикасының бұрынғы Премьер-Министрі, мемлекет және қоғам қайраткері, ТМҰ ақсақалдар кеңесінің мүшесі Гасан Гасановтың «Ұлттық көшбас­шы, жарқын тұлға – Гейдар Әлиев» атты түрік тіліндегі сұхбат жанрына құрылған кітабында Гейдар Әлиевтің тәуелсіздік жылдары кезіндегі қызметі туралы естеліктер жазылған. 

Ал түрік тіліндегі «Кемел Тоқаев: әдебиетшінің өмір жолы» жинағының алғашқы тарауы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлемнің бірқатар тілінде жарық көрген «Әке туралы ой-толғау» атты мемуарымен басталады, кейінгі бөлімдерде түркі әлемінің белгілі әдебиетшілерінің және көптеген қазақ қаламгері мен қоғам қайрат­керінің К.Тоқаев туралы естеліктері мен пікірлері қамтылған.