Елордада «Қазақ тарихи қоғамы» қоғамдық бірлестігі құрылып, ресми түрде тіркелді. Бастамашы топ арасында Сұлтан Әкімбеков, Радик Темірғалиев, Арманжан Байтасов, Мая Бекбаева сынды танымал тұлғалар бар.
«Қазақ тарихи қоғамы» құрылды
1,559
оқылды

Қоғамдық бірлестік ұлттың тарихи санасы мен тарих ғылымын дамытуды мақсат етіп отыр. Тарихи зерттеулер мен көпшілікке арналған ғылыми әдебиеттер, сол зерттеу нәтижелерін дәріптейтін фильм, өзге де туындыларды жасау үшін үздіктерді тарту, сапалы іріктеу жүргізу көзделген.

«Қазақстанда бүгінгі күнге дейін 2 географиялық қоғам болды, ал тарихи қоғам болмаған еді. Қазақ тарихи қоғамының басты функцияларының бірі – ғалымдардың ғылыми кәсіподағы мен қоғам арасындағы көпір болу. Өйткені ғалымдар тек ғалымдар үшін жазады, оның көпшілікке жетуін ойлай бермейді. Бізде ай сайын жаңа ғылыми жаңалықтар ашылады, бірақ, өкінішке қарай, біздің азаматтық қоғам бұл туралы білмейді. Бұл мәліметтерді жұртшылыққа жеткізу біздің міндетіміз», – деді тарихшы, Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институты директорының міндетін атқарушы Жақсылық Сәбитов Sheraton қонақүйінде өткен бірлестіктің тұсаукесерінде.

Басқарма мүшесі, журналист Арманжан Байтасов тарихи бірлестік расында да қажет екенін, қазір аудиторияның Қазақстан тарихына үлкен қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.

«Мұны медиа саласының маманы ретінде толық сеніммен айта аламын. Қазақстан тарихына арналған бағдарламалардың өте көп қаралым жинайтынын, халықтың Алашорда тарихынан бастап, белгілі бір тұлғалардың өмірбаянына қызығушылығын көріп отырмыз. Енді бірлестіктің негізгі мақсаты – ғалымдар мен халық арасында көпір құрып, лайықты платформа беру. Тілшілерге тарихи сарапшы­ларды ұсынып, тарихи тұрғыда сапалы кон­суль­тация бере алсақ, бұдан бәрі ұтады», – дейді А. Байтасов.

Ал тарихшы Радик Темірғалиев көптеген елде осындай тарихи қоғамдар бар екенін айта келіп, бұл ғалымдар үшін, журналистер мен қоғам өкілдері үшін алаң құруға мүмкіндік беретін бірлестіктер екенін жеткізді. «Біздің тарихшылар, өлкетанушылар өз аймағының тарихын өз бетінше, еш қолдаусыз зерттеп жүр. Мұны жүйелеу қажет. Бірлестіктің мақ­саттары мен міндеттері уақыт өте келе түзетіледі, бірақ ең бастысы – осы күш-жігерді шоғырландыруға мүмкіндік беретін алаң құру. Біздің есігіміз барлығына ашық. Қазірдің өзінде бірлестіктің мүшесі болғысы келетіндер өтініш білдіруде. Мемлекеттік, квазимемлекет­тік тарихи ұйымдармен бәсекеге түсу ойда жоқ. Олармен байланыс орнатып, ортақ мүдде – тарихи сана мен тарих ғылымын дамытуға өз үлесімізді қоспақпыз», – дейді тарихшы.

Қоғамдық бірлестік мүшесі, журналист, документалист Әлия Әшім болса бірлестіктің алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісті. 

«Осы жартыжылдыққа жоспарланған жоспарымыз бар. Бұл Семей полигоны болсын, алаштықтар бар, ашаршылық бар, тағы да бірнеше тақырып бар. Сол тақырыптар бойынша фильмдер түсіріледі. Сол фильмдерді түсіру барысында, мысалы, мен документалист ретінде осы қоғамдық бірлестіктегі, мүше зерттеушілермен, тарихшылармен барынша ақылдаса отырып, фильмдерді барынша объективті беруге тырысамыз», – дейді ол.

Қоғамдық бірлестік ел тарихын объективті түрде зерттеу үшін өзге де ұйыммен байланыс орнатуға бейілді екенін жеткізді. Осылайша, «Қазақ тарихи қоғамы» ғалымдар мен тарихшылардың басын біріктіретін ең беделді сараптамалық ұйымға айналуды көздеп отыр. Сәтін салса, қоғамдық бірлестіктің аймақтарда бөлімшелері де ашылмақ. 

Наурызбек САРША