Күні кеше бас қаламыздағы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрында Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен «Алтын тұғыр» жүлдесінің он жылдық мерейтойы аясында, ұлттық спорт түрлері бойынша үздік спортшы мен жаттықтырушы марапатталды.
«Алтын тұғыр»: үздіктер марапатталды
1,472
оқылды

Салтанатты іс-шара «AМАNАТ» партиясы, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен өтті. Іс-шараның бас серіктесі «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктесі – Sport Qory туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры болды. 

Жиынға Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Ұлттық спорт қауымдас­тығының президенті Исламбек Салжанов, сондай-ақ Парламент депутаттары мен көрнекті қоғам қайраткерлері қатысты. Салтанатты кешке Қазақстанның барлық аймақтарынан спорт федерацияларының басшысы, спортшы, жаттықтырушы мен ұлттық спорт жанкүйерлері де жиналды. Шараға 500-ге жуық адам жиналды. Ұйымдастырушы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы келушілерге нағыз мерекелік көңіл-күй сыйлады. Қонақтар қымыз бен бауырсақтан дәм татты. садақ ату, асық ату және тоғызқұмалақтан шеберлік сабақтары ұсынылып, қатысушылар өз күштері мен шеберліктерін сынға салды.

Алдымен Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алтын тұғыр» сыйлығымен марапаттау рәсіміне қатысушыларға жолдаған құттықтау сөзін оқып берді.

«Бұл – ұлттың келешегі, ұрпақтың тәрбиесі үшін айрықша мәні бар оқиға. Төл өнерімізде қазақтың тарихы, мәдениеті, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі түгел көрініс тапқан. Ұлттық ойындарымыз халқымыздың отаншылдық, адалдық, жауапкершілік, қайсарлық, ептілік сияқты қасиеттерінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуына септігін тигізіп келеді. Ұлы даланы дүбірлеткен көшпенділер мәдениетін заман талабына сай бейімдеп, жаңғырту ұлтымыздың болмысын және бірегейлігін сақтауға ықпал етеді. Осы орайда, ұлттық ойындарға жанашырлық танытып, оны дәріптеп жүрген азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін», – делінген Мемлекет басшысының құттықтауында. Өз сөзінде партия төрағасы мемлекет спорт саласын өркендетуге мейлінше назар аударып, қамқорлық танытып келе жатқанын атап өтті. «AMANAT» партиясы да ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып, дамытуға барынша қолдау көрсететінін жеткізді.

««AMANAT» партиясы да ұлттық құндылық­тарымызды, ұлттық спортымызды жаңғыртып, дамытуға барынша қолдау көрсетіп келеді. Тіпті, партияның тұғырнамасы мен сайлауалды бағдарламасында бұл сала негізгі басымдық ретінде көрсетілген. Бүгінгі «Алтын тұғыр» байқауы да біздің партиямыздың қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Ұлттық спорт дегеніміз – қазақтың жаны, қазақтың рухы. Ал оған қамқорлық жасау халқымыздың алдындағы перзенттік борышымыз деп білемін. Бұл – ұлттың келешегі, ұрпақтың тәрбиесі үшін айрықша мәні бар оқиға. Сондай-ақ ол келесі жылы елімізде өтетін V Дүниежүзілік көш­пенділер ойынын ұлттық рухымызды көтеретін тарихи оқиға екенін айтып, 100-ден аса мем­ле­кеттің спортшылары бас қосатын әлемдік доданың табысты өтетініне сенім білдірді.

Марапаттау рәсімінде Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек және Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов сөз сөйлеп, жеңімпаздарға ұлттық сыйлықты табыс етті. Исламбек Салжанов жүлде иегерлерін құттықтап, ел тұрғындары арасында ұлттық спорт түрлерінің танымалдылығы артып келе жатқанын атап өтті. 

«2024 жылы біз барша қазақстандықтарды салт-дәстүріміз бен мәдениетімізге деген құрметпен бірге ұлттық спорт түрлерімен белсенді айналысуға шақырамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда ұлттық спорттың жүйелі дамуын қолдайды. Президент бастамасымен келесі жылы Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Осындай шаралардың арқасында елімізде ұлттық спортпен шұғылданатын қазақстандық­тардың саны жыл сайын артып келеді. Біздің қауымдастық өз тарапымыздан ұлттық спорт түрлерін дамытып, кеңінен насихаттауды жалғастыра береді», – деп атап өтті Исламбек Салжанов.

Осылайша, «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығы «Көкпар», «Бәйге», «Дәстүрлі садақ ату», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Теңге ілу», «Асық ату», «Тоғызқұмалақ», «Құсбегі» және JORYQ сынды 10 аталым бойынша үздік спорт саңлақтарына берілді.

Атап айтқанда, «Көкпар» аталымы бойынша сыйлықты Қазақстанның 13 дүркін чемпионы, халықаралық турнирлердің жеңімпазы «Әулие ата» көкпар командасы иеленді. «Аударыспақ» аталымында сыйлыққа 70 келі салмақта тұңғыш әлем чемпионы Мұхаметжан Сайлау лайық деп танылды. «Жамбы ату» аталымында Қазақстан чемпионы, әлем кубогінің күміс жүлдегері, Жастар арасындағы әлем чемпионы Батыр Бексауыт марапатталды. «Теңге ілу» аталымы бойынша сыйлық Азия және Қазақстан чемпионы Бекнұр Серіковке бұйырды. «Асық ату» аталымында сыйлықты Қазақстан және Еуропа кубогінің иегері, Ұлттық спорт түрлері фестивалінің жеңімпазы Павлодар облысының құрама командасы алды. «Дәстүрлі садақ ату» аталымы бойынша әлем кубогінің екі дүркін, Қазақстанның үш дүркін чемпионы Аяулым Аппазова марапатталды. «Тоғызқұмалақ» аталымы бойынша сыйлық Азия чемпионы Жанат Қаймолдинге табысталды. JORYQ аталымы бойынша сыйлықты «Ұлы дала жорығы – 2023» марафон-бәйгесінің жеңімпазы Жетісу облысының командасы иеленді. «Құсбегі» аталымы бойынша сыйлықты халықаралық турнирдің жеңімпазы Арманбек Күнтуған алды. «Бәйге» аталымы бойынша сыйлық республикалық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы Бекзат Ділдахан және «Секрет» есімді тұлпарға берілді.

Сонымен қатар «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Танысбай ұлттық спорт түрлерін дамытуға ақпараттық қолдау көрсетіп, «Мергендер мекені» тележобасын жүзеге асырғаны үшін «Алтын тұғыр» сыйлығының лауреаты атанды.

Жыл сайынғы «Алтын тұғыр» сыйлығы ұлттық спорт түрлері мен дәстүрлі ойындарды кеңінен насихаттау, көрнекті спортшылар мен жаттықтырушыларды ынталандыру мақсатында тағайындалатынын атап өткен жөн.

Наурызбек САРША