Полицияға алаяқтықтың құрбаны болғанын айтып Қытай Халық Республикасының екі азаматы жүгінген.
Қазақстан азаматтығын алып беремін: шетелдіктерді алдаған астаналық ұсталды
859
оқылды

Астана тұрғыны шетелдіктерге Қазақстан азаматтығын алып беремін деп жалған уәде берген, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Есіл ауданы Полиция басқармасы криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу нәтижесінде алаяқтыққа қатысы бар деген күдікпен 34 жастағы қала тұрғынын анықтады.

Тергеу барысында ер адам жәбірленушілерге әлеуметтік желі арқылы Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға көмегін ұсынғаны белгілі болды. Ол ХҚКО-да жақын танысының істейтінін айтып, құжатты қысқа мерзімде алуға көмектесемін деп уәде берген. Осылайша, күдікті көрсеткен қызметі үшін жәбірленушілерден 70-140 мың теңге аралығында ақша алған. Кейін ер адам байланысқа шықпаған, құжатты уәде етілген мерзімде ұсынбаған.

Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ер адамның қала аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі.