Қала әкімдігі қаланың ең негізгі көшесіндегі су құбырының жарылу себебін гидранттың ақауынан болғанын хабарлады.
«Қыстың ортасында фонтан»: Көкшетауда су құбыры жарылып, көше ортасында су аспанға атылды
715
оқылды

Көкшетауда Назарбаев көшесінің бойында су құбыры жарылып, тұтас көше бойы үлкен көлге айналды. Қазіргі уақытта коммуналдық кәсіпорындар, төтенше жағдай қызметкерлері мен полицейлер оқиға орнында жұмыс жүргізіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі. 

Қала әкімдігі қаланың ең негізгі көшесіндегі су құбырының жарылу себебін гидранттың ақауынан болғанын хабарлады. 

– Бүгін Назарбаев көшесі бойында гидранттарда ақау пайда болды. Себеп-салдарын анықтау үшін Көкшетау қаласының әкімі Б. Ғайса оқиға орнына барды. Ақауды жоюға «Су арнасы» мекемесі мен Өрт сөндіру қызметкерлері жұмылдырылды. Қазіргі уақытта су атқылауы тоқтатылды, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Көкшетау қаласы әкімдігінен. 

Қала әкімдігінің мәліметінше, қала бойынша осы жылы 23 және келесі 77 гидрант ауыстырылмақ. 

Қала тұрғындары белшесінен су кешіп жұмыс істеп жатқан жұмысшыларға аяушылық білдіріп, оларға сыйақы төленуін сұрады. 

«Жігіттерге сыйақы берілсін», «Ауыр жұмыс. Осынша ауыр жұмыс үшін тиісті ақы төленеді деген үміттемін», «Алла күш-қуат берсін осы кісілерге» деп жазды тұрғындар. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы