Көкшетау қалалық полиция басқармасы қызметкерлері аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғады.
Аурухананың қабылдау бөлімінде көз жұмған жүкті әйел жайлы тың дерек шықты
1,140
оқылды

Көкшетауда қаза болған айы-күні жеткен жүкті әйел жайлы тың дерек шықты. Көкшетау қалалық полиция басқармасы қызметкерлері аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғады, - деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі. 

Естеріңізге сала кетсек Көкшетауда ауруханада айы-күні жеткен ЖРВИ-мен ауырған әйел қаза болған. Өкінішке орай іштегі шарана да анасымен бірге көз жұмған. Қаза болған әйелдің артынан екі бірдей баласы қалды. Осыған дейін қайтыс болған жүкті әйелдің іші ауырып және дене қызуы болғаны және оны бірнеше мәрте жедел жәрдем алып кеткені хабарланған.  Полицияның мәліметінше, 23 желтоқсан күні таңғы сағат 05.53-те Көкшетау қаласының полиция басқармасының кезекші бөліміне облыстық көпбейінді аурухананың мейірбикесі телефон шалған. Ол аурухананың қабылдау бөлімінде жүкті әйелдің қаза болғанын хабарлаған. 

Аталған факт полицияда тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалып, оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады, - деді Ақмола облысы Полиция департаментінен. 

Осыған дейін Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала өлімі сенбі күні таңғы бесте тіркелгенін хабарлаған. Алдын ала ауыр дәрежедегі ЖРВИ және өкпе артериясы эмболиясы диагнозы қойылған. 

Үлкен медициналық энциклопедия мәліметтері бойынша тромбоэмболия тиісті органдар мен ұлпаларды қан тамырларының тромбпен бекітілуі делінеді. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы