Синоптиктер жыл соңына және қаңтар айына ауа райы болжамын ұсынды

Жаңа жылға қарсы аяздың беті қайтып, еліміздің оңтүстік өңірлерінде күн жылынады.

Жаңа жылға қарсы аяздың беті қайтып, еліміздің оңтүстік өңірлерінде күн жылынады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

"Қазгидромет" мәліметінше, осы аптадан бастап жаңа жылға дейін еліміздің барлық өңірінде аяз сынып, күн жылы болады. Нақты деректерге сәйкес, еліміздің батысында ауа температурасы түнгі уақытта -7, - 15 градус аяздан -5, +3 градусқа дейін жылы, ал күндізгі уақытта -3, -8 градус аяздан 0, +10 градусқа дейін жылы болып ауытқып тұрады.

Ал солтүстік-батыста, солтүстікте және орталықта да ай басында -12-ден -28 градусқа дейін аяз болса, соңына қарай беті қайтып, -7, -18 градусқа дейін төмендейді.

Күндізгі уақытта -5, -13 градус аяз сақталады. Шығыста да аяз сынып, ауа тепературасы -5, -13 градус 0-ден төмен болады. Оңтүстікте ауа температурасы түнгі уақытта -5, -13 градустан -5, +2 градусқа дейін, күндіз 0, -7 градустан, 0, +10 градусқа дейін ауытқуы ықтиамал.

Оңтүстік-шығыста да күн жылы болады. Ауа температурасы түнгі уақытта -8, -18 градустан -5, +2 градусқа дейін, күндіз 0, -8 градустан +3, +10 градусқа дейін ауытқуы мүмкін.

Қаңтар – жыл iшiндегi ең суық ай және желтоқсаннан қаңтарға өткенде ауаның орташа айлық температурасының төмендеуi -2, -4, ал Жоңғар қақпасы тұсында -5, -6 градус болады. Қазақстанның барлық аймақтары бойынша жыл iшiндегi ең төменгi температура орнығады.

Ауаның орташа айлық температурасы -2, -5°С-тан (қиыр оңтүстік және оңтүстік-батыста) -16, -19°С-қа дейін (Қазақстанның солтүстігі мен шығысында), ал Шығыс Қазақстан облысының жекелеген аудандарында -20, -22°С-қа дейін төмендейді.

Кейбiр жылдары ауаның орташа айлық температурасы (-6, -14°С) мөлшерде өте үлкен аралықта (+5, +10°С) ауытқуы мүмкiн. Қаңтарда ауа температурасының тәулiктiк ауытқуы желтоқсандағыдан аз, оңтүстiк-шығыстың биiк таулы аудандарында -14, -15°С, Каспий жағалауында бар болғаны -6, -8°С болады.

Арктикалық ауа енген кезде ең төменгi температура -48, -54°С аязға дейiн, ал оңтүстiк облыстарда -30, -43°С аязға дейiн жетуi мүмкiн. Ең жоғарғы температура кей уақытта +3, +9°С, Қазақстанның оңтүстiк бөлiгiнде +15, +22°С жылыға дейiн жоғарылайды.

Қаңтарда желтоқсанмен салыстырғанда жауын-шашынның мөлшерi аздау болады. Олардың аумақтық таралуы бiркелкi емес.

Қазақстанның көптеген бөлiгiнде жауын-шашын 10-нан 20 мм дейiн, шөлдi аудандар мен Зайсан маңында аз (6-10 мм) жауады, ең көп жауын-шашын (60-80 мм) Түркістан облысының таулы аудандарында түседі. Оның ең көп мөлшерi 1969 жылы Шуылдақ метеостанциясында 214 мм-ге жеттi.

Қаңтар айында солтүстiк облыстарда жауын-шашын жиi болып тұрады, мұнда есеппен жауын-шашынды күндер 11-15, орталық және оңтүстiк облыстарда 6-10 күндей болады.

Солтүстiк облыстарда айдың соңына қарай қар жамылғысының қалыңдығы 10-20 см, кей жылдары 35-45 см-ге дейiн жетедi. Қар жамылғысының ең аз қалыңдығы оңтүстiк облыстардың жазық аудандарында 5-8 см тіркеледі.

Бiрақ мұнда кейбiр жылдары оның қалыңдығы 20-25 см-ге дейiн жетуi мүмкiн. Қардың ең қалың жамылғысы таулы аудандарда – 80-168 см.

Боран республиканың солтүстiк бөлiгiне тән құбылыс: қаңтарда олар орта есеппен – 6-8 тәулік, Ақтөбе, Солтүстiк Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарында бұрқасындар – 9-14 тәулік, ал кей жылдары 15-22 тәулiкке дейiн ұласады.

Тұманды күндердiң саны республиканың көптеген аудандарында орташа есеппен – 4-7 тәулік, Мұғалжар тауының маңында және оңтүстiктiң таулы аудандарында – 10-13 тәулік, жекелеген жылдары 23-29 тәулiктi құрайды.

Республиканың солтүстiгiнде көктайғақ сирек байқалады 10 жылда 1-4 рет ғана, оңтүстiк аудандарда ол жиiлеу, орта есеппен ай бойы – 1-3 рет, кейде жылына 5-10 күндей болады.

Қаңтар айында ауаның орташа айлық температурасы республиканың басым бөлігінде нормадан -1, -2°С жоғары болады деп күтілуде. Сонымен қатар жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде нормадан көп күтіледі.

Қызылорда, Ұлытау облысы, Қарағанды, Абай облыстарында, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл, Алматы, Жетісу, Шығыс Қазақстан облыстарының басым бөлігінде, Ақтөбе облысының оңтүстік-шығысында, Қостанай, Ақмола облыстарының оңтүстігінде, Павлодар облысының оңтүстік жартысында норма шамасында болады деп болжанады.

Ауаның орташа айлық температурасы Қазақстанның басым бөлігінде -10, -17°С, еліміздің қиыр шығысында -20°С, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарында, Алматы, Жетісу облыстарының басым бөлігінде және Ақтөбе облысының оңтүстік-батысында -9+2°С дейін жетеді.