Заңгердің сөзіне қарағанда, бірнеше сот-медициналық сараптама жүргізілген.
Салтанат Нүкенованың ісі: Бишімбаевты қандай жаза күтіп тұр?
4,643
оқылды

Белгілі заңгер Жанна Уразбахова Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты тергеудің барысы туралы мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ол әріптесі Игорь Вранчевпен бірге марқұмның отбасының мүддесін қорғайтынын айтқан.

"Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратура брифингте журналистерге ақпарат беріп келді, ал біз бұған дейін бұл туралы түсініктеме бермедік. Сондай-ақ біз бірінші күннен бастап кейбір блогерлер мен журналистер таратқан қауесеттер, болжамдар мен нұсқаларға қатысты ештеңе айтпадық. Салтанатқа деген құрметіміз үшін бұл былыққа араласқымыз келген жоқ. Бірақ тараптар арасында ешқандай татуласудың болмағанын және болмайтынын айтқымыз келеді. Бұл – отбасының ұстанымы", – деді заңгер Жанна Уразбахова.

Заңгердің сөзіне қарағанда, бірнеше сот-медициналық сараптама жүргізілген. Ішкі істер министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, олардың саны 10-нан асады. Бірнеше сараптама әлі де жалғасуда. Қылмыстық іс 99-баптың 2-бөлігінің 5-тармағы – "Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру" бойынша тергелуде.

"Бұл қылмыс 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе мүлкі тәркіленіп немесе онсыз өмір бойына бас бостандығынан айыру түрінде жазаланады. Тергеу аяқтала салысымен тергеуші дәлелдемелер, айғақтар іс бойынша жиналған барлық сараптамалардың негізінде күдіктіге қатысты түпкілікті сараптама жасайды. Одан кейін тергеуші сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы хабарлама береді және тараптарға қылмыстық іс материалдарымен танысу үшін уақыт береді. Танысу кезінде қорғаушылар өз өтініштерін дайындайды. Олар қаралған соң істі қосымша тергеу әрекеттерін жүргізу үшін қайта басталады немесе іс прокуратураға жіберілу туралы шешім қабылданады", – деді заңгер.

Сондай-ақ заңгер аса ауыр қылмыстар бойынша сотталушы сотты алқабилердің қатысуымен өткізуді талап етуге құқылы екенін атап өтті.