Былтыр отандық өнеркәсіп өкіл­дерін марапаттау рәсімінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда өңдеуші өнеркәсіп экс­портының көлемі $26 мил­лирад­тан асқанын атап өткен болатын.
Экспорт артып келеді
1,862
оқылды

Ал биыл қаңтар-қараша аралығында елімізде өңделген тауарлардың экспорты 21 млрд АҚШ долларына жетті. Мемлекет басшысы биыл жаңа экономикалық модельге көшу басталғанын еске сала келе, бизнес өкілдері мем­ле­кеттің серіктесте­ріне айнала­ты­нына сенім білдірді.

Экономикасы шикізат өнімдеріне арқа сүйеген ел үшін бұл рекордтық көр­сеткіш. Жалпы, биыл 65 млрд АҚШ дол­ларының өнімі экспортталған. Соның ішінде металлургия және химия өнер­кәсібі, атап айтқанда, мыс және мыс катодтары, ферроқорытпа, уран, мұнай өнім­дері, өңделмеген мырыш пен алю­миний, ыстықтай жаймаланған табақ бұйымдар, табиғи газ ең көп сұранысқа ие өнімдер қатарында. 

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, шетелдік тұтынушылар да Қазақстанда өндірілген бидай ұнын, күн­бағыс майын, минералды тыңайт­қыштарды белсенді түрде сатып алуда. Оның ішінде алғашқы жартыжылдықта 155,9 мың тонна күнбағыс майы экспорт­талды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңі­мен салыстырғанда 33,4%-ға артық. Жалпы, былтырдан бері күнбағыс майын сыртқы нарыққа жеткізуді арт­тыру үрдісі байқалуда. 2021 жылмен са­лыстырғанда былтыр күнбағыс майының экспорты 3 есе өсіп, 346,4 млн АҚШ дол­ларын құрады. Сонымен қатар өткен жылы отандық өндірушілер маргарин жеткізу көлемін 2,7 есеге арттырып, 88,8 млн АҚШ долларына жеткізді. 

Президент өңдеу өнеркәсібіндегі көрсеткіштер соңғы жылдары индус­трия­ландыру бойынша жоғары қарқын­мен жүргізілген жұмыстардың нәтижесі екенін айтқан еді. Былтыр бұл салаға 1,5 триллион теңге инвестиция тартылды. Қайта өңдеу кәсіпорындарын дамыту үшін барынша жағдай жасалған. Нәти­жесінде, респуб­ликалық бюджетке тө­ленетін салық сомасы 5 есеге өскен.

Индурстрияландырудың жемісін статистикадан ғана емес, отандық дайын өнімдерді импорттаушы елдердің геогра­фиясынан да аңғаруға болады. Мәселен, қаңтар-маусым аралығында олардың саны 114-тен 125-ке дейін кеңейген. Атап айтқанда, экспорттық жеткізілім­дер­дің ең көп көлемі Ресейге, Қытайға, Өзбекстанға, Түркияға, алыс шетел­дерден – Нидерланды, Ұлыбритания, Жапонияға жөнелтіледі. Отандық тауар өндірушілердің сыртқы нарықтарға шығуын қамтамасыз ету үшін Сауда және интеграция министрлігі экспорт­таушыларға мемлекеттік қолдау шара­ларын көрсетуде. Бұл – сауда миссия­ларын ұйымдастыру, халықаралық көр­мелер мен бизнес-форумдарға, оқыту жобалары мен бағдар­ламаларына қатысу.

Осылайша, акселерация бағдар­ламасы қазақстандық компания­ларға жаңа нарықтарды тиімді игеруге кө­мектеседі. Биыл бағдар­ламаға қатысу үшін тамақ, химия, тоқыма және қызмет көрсету салаларындағы экспорттаушы 111 кәсіпорын таңдалды. Сонымен қатар 2023 жылы IT-қызметтерді шетелге экс­порттауға дайын қазақстандық компа­ниялардың саны да едәуір өсті.

Дүниежүзілік банк деректеріне сүйенсек, Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің ауқымды бөлігі қызмет көрсету саласына тиесілі. Ел экономикасының құрылымында сервистік қызметтердің үлесі 55,8 пайызды құрайды. Анығырақ айтқанда, қызмет көрсету саласы шаш­тараз немесе сауда-саттықпен шек­тел­мейді. Бұл ірі бизнеске арналған қыз­меттер, яғни мұнай мен газ өндіру сала­лары. Одан бөлек, 27 пайызы өнеркәсіп­тің, 5,3 пайызы ауыл, орман және су шаруа­шылығының үлесінде.

Тауарларды ілгерілетудің тағы бір өзекті құралы – халықаралық Alibaba.com электрондық сауда платформасы. Мемлекет отандық тауар өндірушілер мен сауда компанияларына өз өнімдерін осы алаңда сатуға мүмкіндік береді. Ми­нистрліктің мәлімдеуінше, 2023 жылы Қытайдың ең ірі В2В маркетплейсіне «Алтын жеткізуші» премиум мәртебесі бар 70 жеткізуші қол жеткізген. Нәти­жесінде, қаңтар-қыркүйек аралығында Alibaba платформасы арқылы сату көлемі $300 млн-нан асып жығылды. 

Сонымен қатар қазір экспортқа бағытталған компанияларға арнайы В2С алаңы – JD.com платформасы қол­жетімді. Электрондық коммерцияның қарқынды дамуын ескерсек, платфор­мада қазақстандық тауарлардың Ұлттық павильоны құрылғаны орынды-ақ. Ведомство өкілдері отандық азық-түліктің бірінші партиясының бір апта ішінде сатылып кеткендігі сапалы азық-түлік тауарларына деген жоғары сұра­нысты және қазақстандық тамақ өнім­дерінің жоғары бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді деген пікірде. Мұның бар­лығы шикізаттық емес тауардың экспортын ұлғайтуға бағытталған кешенді шара­лардың қатарын толықтырады.

Дәнді дақылдар тұрғысынан Қазақ­стан әлемдегі жетекші бидай өндірушілер мен экспорттаушылардың бірі екені даусыз. Елдегі ең көп таралған дақыл түрлері – жаздық бидай. Ол жоғары сапалы және ұн тарту қасиеттерімен ерекшеленеді. Halyk Research талдау орталығы мамандарының мәлімдеуінше, Қазақстан әлі де ауыл шаруашылығы саласы бойынша әлеуетін толыққанды пайдаланбай келеді. 

«Айта кету керек, елдегі жауын-ша­шын деңгейі бидай өсіру үшін жеткілікті, әсіресе Солтүстік Қазақстанда. Бірақ Ресей және Украи­намен салыстырғанда, әлі де жоғары көрсеткішке жете алмадық. Майлы дақылдар арасында күнбағыс тұқымын өндіру және экспорттау басым. Ол үшін ауқымды егістік алқаптары бө­лінген. Сонымен қатар елде рапс, жүгері, қарақұмық, мақта, қант қызыл­шасы, зығыр, картоп, күріш, арпа, сұлы, кө­кө­ніс және бақша дақылдары өсіріледі», – делінген хабарламада. 

Сарапшылардың айтуынша, Қазақ­стандағы ауыл шаруашылы­ғының экс­порттық әлеуеті айтарлықтай үлкен. Бұл оның ірі өткізу нарықтары Қытай, Ресей, Иран, Өзбекстан, Ауғанстан, сондай-ақ Парсы шығанағы елдеріне жақын орналасуына байланысты. 

«Қазіргі геосаяси оқиғаларға бай­ланысты ауылшаруашылық өнімдерінің экспортын одан әрі ұлғайту үшін ай­тар­лықтай әлеует бар. Шамамен есептеулер бойынша оның әлеуеті 2030 жылға қарай жылына 20 млн тоннаға дейін баға­ланады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайтудың басты қиын­дық­тарының бірі – теңізге шығатын жолдар­дың болмауы. Қазақстан-теңізге шыға алмайтын әлемдегі ең ірі ел, әлемдік мұ­хит­тан ең алыс нүкте де ел аумағында орналасқан. Экспорттаушылар инфра­құ­рылым мәсе­лелеріне байланысты жоғары көлік және транзакциялық шы­ғындармен шектеледі. Сонымен қатар жол желісінің көп бөлігі нашар жағдайда, ал ұлттық жолдардың жартысынан көбі жөндеуді қажет етеді», – дейді мамандар.

Ұлттық экономика министрлігінің мә­лімдеуінше, экспортты дамыту мақса­тында көптеген елмен байланыс орнату бағытында жұмыс атқарылған. Мысалы, ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Үрімжі қаласында өткен «Қытай–Еуразия»: тауарлар және сауда» халықаралық көрмесіне 40-тан астам қазақстандық тауар өндіруші қатысты. Қазақстандық делегация құрамындағы кәсіпкерлер шетелдердің мемлекеттік мекемелерін, сауда желілерін, қойма­ларын, ұлттық компанияларын аралап, сатып алу қабілетін зерттеу үшін әлеуетті серіктестермен кездесті. 

Сонымен қатар Қазақстан мен Тәжікстан арасында эконо­миканың түрлі секторы бойынша өзара тиімді ын­тымақтастық артқан. Еліміз Тәжікстан­ның ең ірі 3 сауда серіктестерінің қата­рында. Соңғы уақытта Қазақстан авто­мобиль өнімдерін Тәжікстан нарығына сәтті экспорттап келеді. Атап айтқанда, Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» ЖШС зауытында құрастырылатын JAC маркалы автомобильдер Душанбе так­со­паркін құрайды. Тәжікстан Қазақстан­да құрастырылған жалпы саны 200-ден астам автокөлікті импорттады.

Ведомствоның мәлімдеуінше, Қа­зақстан-Ауғанстан арасындағы сауда 2023 жылдың бес айында $233,3 млн құрады. Оның 225,1 млн-ы қазақстандық экспортқа тиесілі. Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 2022 жылы $1 млрд-қа жетіп, 2021 жылғы көрсеткіштерден екі есеге артты. Тауар айналымының 90%-ы қазақстандық экспортқа, негізінен өңделген өнімге тиесілі. 

Қазақстан үшін Ауғанстан ұн өткізу­дің негізгі нарығы: ұн экспортының жалпы көлемі 70% құрайды. Еліміздің Ауғанстанға азық-түлік, мұнай-химия, химия, металлургия, көлік жасау, жеңіл өнеркәсіп салалары бойынша $500 млн-ға тауар жеткізуге экспорттық әлеуеті бар. 

 Мемлекет басшысы елдегі индуст­рия­ландыру процесін жалғастыру қажетін тапсырған еді. Нәтижесінде, келесі жылдан бастап ірі шикізат өндіру­шілер ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге міндетті болады. Мұн­дай ірі кәсіпорындар шикізатты отандық қайта өңдеу кәсіпорындарының сұра­нысын то­лық қамтамасыз еткен жағ­дайда ғана экспорттай алады. Осылайша, келер жылы да шағын және орта бизнесті қолдау және отандық экспорттаушылар үшін жаңа мүмкіндіктер жасау мақ­сатында жұмыстар жалғасады.

К.ЕРКІН