Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан­ның экономи­калық бағдары» атты биылғы 1 қыр­күйектегі Жолдауында «жаңа эко­номикалық бағдар» ая­сын­да өңдеу саласын жедел дамы­туға баса мән беруді жүктеді.
Өңдеу секторы елдің өңін кіргізеді
1,742
оқылды

Биыл бұл салада бірнеше салмақты жоба іске қосыл­ды. Ал келесі жылы сер­пінді жоба­лардың үлкен тобы өмірге жолдама алмақ. Қазірдің өзінде сала қарқыны жақсы. Үкіметтің дере­гінше, биыл шикізаттық емес сектор эко­номи­калық өсудің негізгі драйвер­лерінің біріне айналады.  

Ел Президенті шикізаттық емес са­лаларды өркендетуде бірнеше мақсат-міндет белгіледі: осы арқылы біріншіден, еліміздің мықты өнеркәсіптік негізі қа­лыптастырылады, екіншіден, қажетті тауарлармен өзімізді толық қамти алатын жағдайға жетуіміз қажет. Үшіншіден, жаһандық мамандануда Қазақстан тез таусылатын шикізаттың қоймасы болып қалмайды, дүниежүзілік нарықтарды дайын өнімдерімен жаулайды.

Мемлекет басшысы «ел тағдыры үшін айрықша мәні бар» бірқатар жобаны жүзеге асыруды тапсырды. Үкімет соның ішінде бастапқы 15 жобаны 2024 жылы жүзеге асыруға тиіс. Бұл ретте мемлекет қа­зақ жері­нің қойнауынан шығатын металдарды шикізат пен руда күйінде шетелге тасымай, терең өңдеуі, сондай-ақ мұ­най-газ және кө­мір химиясына, ауыр ма­шина жасауға, уран­ды конверсиялап, байытуға, автобөл­шек­тер, тыңайтқыштар шығаруға айрықша назар аударатын болады. Қ.Тоқаев жаңа эко­номикалық саясат аясында жоғары дең­гейде өңделген өнім шығаратын кластерлер құры­латы­нын мәлімдеді.

Кластер құруға Үкімет бұған дейін де белсеніп көрген. Ештеңе шықпады. Сон­дық­тан Президент «бұрын болған қа­телік­терді қайталауға болмайтынын» нық­­­тады. Бұл үшін жобаларды тиімді қолдау шара­ларын және оларды орындау мерзім­­дерін нақты айқындау керек. Оны іске асыруға шетелдік инвесторларды, еліміздің бизнес өкілдерін барынша тарт­­­­қан жөн. Жұмысқа өзі­міздің шикі­затты, тауарлар мен кад­р­ларды, басқаша айтқанда, барлық ішкі мүм­кіндігімізді пайдалану қажет.

Мемлекет жаңа өнеркәсіп саясаты ар­қылы жаңаша даму үлгісіне көшуі шарт. Ірі кәсіпорындармен бірлесіп, өндірістің бар­лық сатысы өз елімізде болуын қамта­масыз етуі керек. Ол үшін өндіріс саласын рет­тейтін және ынта­ландыратын түрлі тәсіл­ді қолдану қажет. Өңдеу өнеркәсібі шикізатты көңілге қонымды бағамен жет­кілікті көлемде алуы керек.

Бұл іске кіріспес бұрын ел Үкіметі өң­деу өнеркәсібін дамыту саласына талдау жүргізіп, әрбір сектордың бәсе­келі артық­шылықтарын және халық­аралық нарықта алуы мүмкін орнын айқындады. Белгілі болғанындай, соңғы бір жыл ішінде рес­пуб­­­лика шетелден 47,2 миллиард доллар­дың дайын өнімін импорттапты. Осы кө­лемнің жартысына жуығы немесе 20 мил­­­­­­­­­­­лиарды – машина жасау секторының еншісінде. Ары қарай химиялық өнер­кәсіпке – 4,5 миллиард, тамақ өнер­кә­сібіне – 3,8 миллиард, қара металлургия өнім­деріне 2,8 миллиард доллар тиесілі. Осы­ның бәрі болмаға­нымен, үлкен бөлігін Қазақстан өзінде өндіре алады. Себебі қажетті шикізаттың бәрі өзінде бар. 

Осыдан өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін аң­ғаруға болады: ол ішкі нарықтың мұқ­таж­ды­ғын өтеп, елдің экспорттық мүмкін­дік­терін өрістетуі керек. 

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, ве­­домство талдау нәтижелеріне жүгіне оты­­рып, өңдеу өнеркәсібі салаларындағы сер­пінді инвестициялық жобалардың пу­лын түзді. 

– Ол жобалардың бір бөлігі қазірден бел­сенді түрде жүзеге асырылып жатыр. Тағы бір бөлігі – дайындық кезеңінде. Олар жоғары дәрежеде өңдеуге құрылған клас­терлер қалыптастыруға мүмкіндік береді және алдағы уақытта «елдің өнер­кәсіптік каркасына» айналады. Біздің министрлік ірі жобалар пулына іріктеу үшін шамамен 20 жобаны алдын ала ұсынды. Олар метал­дарды терең өңдеуді, ауыр машиналар жасауды, автомобиль­дердің бөлшектерін және тыңайтқыш­­тарды өндіруді қарас­тырады, – деген Қанат Бисимбайұлы ақыр­ғы 15 жобаның тізіміне енетін жоба­ның бәрі мол ин­вестиция тартатынына және жоғары тех­нологиялы болатынын уәде етті. 

Өрге бастар серпінді жобалар

Қара металлургияда ыстық брикетті темір өндірісін жолға қоятын жоба ұсы­ны­лып отыр. Оған 920 миллиард теңге инвес­ти­ция құйылады деп күтілуде. Бұл өндіріс­тің іске қосылуы темір рудасы шикі­­­затын елі­мізде терең өңдеуге мүм­кін­дік береді және отандық болат бал­­­қытушы зауыттар­ды қажетті шикізатпен қамта­масыз етеді. 

Сарапшылардың айтуынша, ыстық брикетті темір – соңғы ширек ғасырда қол­­­­даныла бастаған жаңа өнім: болат жа­сау­­шы кәсіпорындар бұл өніммен шойын мен металл сынықтарын ауыс­тырады. Бұл материалды болатқа не темірге қосса, ме­талл жоғары темпера­ту­ра­­ларға мейлінше шыдамды, берік бо­лады, деформациялану мен зақымда­­нудан сақтайды. 

Шарлапаев ұсынып отырған тағы бір жоба – арнаулы мақсаттағы болат өн­діретін электрлі-металлургиялық жоба. Оған шамамен 300 миллион доллардай ин­вестиция салынбақ. Кәсіпорын ши­­кізат ретінде әлгінде аталған ыстық бри­­кетті темірді тұты­­­натын болады. Да­йын өнімнің ша­мамен 80%-ы ішкі нарыққа жеткізіледі деп жоспарланған. Мысалы, одан рельс­тер, вагондар, теміржол ма­ши­на жасау жә­не оның құрауыштарын шығару көзделуде. 

Түсті металлургияда мыс балқыту зауы­­тының құрылысы қолға алынуы мүм­кін. Оның құны шамамен 2,4 мил­лиард доллар тұрады. Осының арқасында сыртқа арзанға кететін мыс шикізатының жылына 300 мың тоннасы елімізде ка­тодты мысқа дейін толығымен өңде­леді. Бұл өнімге әлем­дік нарықта сұраныс өте жоғары. 

Кәсіпорын мыс шикізатын өңдеу ба­ры­сында одан алтын мен күкірт қышқы­­лын бөліп алады: олар ішкі нарықта өт­кізіледі. Дәл осы жобаны іске асыру нә­­­ти­­­­­же­сінде қазақ елі мыс өндірісі бойын­ша жаһандық бестіктің құрамына енеді. Ал­дымызда тек Қытай, Жапония, Чили және Ресей болады. 

15 серпінді жоба пулына швейца­­­рия­лық Stadler Rail AG компаниясымен бірге жолаушылар вагондарын шығару кіреді деп жоспарланған. Өнеркәсіп министрінің сендіруінше, бұл 100 пайыз импорт алмас­тыратын, Қазақстанда жаса­­­латын өнім бо­лады. Жылына отан­дық 540 вагон жа­салуға тиіс. 

Мұның бәрі алда қолға алынуы мүм­кін жобалар. Ал бүгінде өңдеу саласы не­сімен мақтана алады? Ресми мәліметке жүгінсек, биыл елімізде өңдеу өнеркәсі­­бінде жалпы құны 488 миллиард теңге тұратын 126 жаңа жоба іске қосылды. Оларда 8,9 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. Үкі­мет соның ішінде жұ­мысқа орналастыру ша­раларымен моноқалалар және ауыл тұр­ғындары да қамтылып жатқанын мәлім­деді. 

Жаңа отандық брендтер құрылуда

Ілкімді жобаларына тоқталсақ, биыл­ғы тамыз айында Дөң тау-кен байыту комби­натының жиналған шламдарын өңдейтін Байыту фабрикасы іске қо­­сылды. Зауыт­тың қуаты жылына 400 мың тонна хром концентратын құрайды, жалпы инвести­ция көлемі – 96 миллиард теңге. Жоба аясында 400-ге жуық жұмыс орны ашы­лыпты. Жо­баны жүзеге асыру нәти­жесінде бұрын­нан жинақталып қалған 14,5 млн тонна қалдық өңделетін болады.

Қараша айында Қарағанды ​​облы­­­сында «спецкокс» шығаратын ауқымды жоба тех­никалық түрде іске қосылды. Қуаты жы­­­лына 400 мың тонна өнім шы­­ғаруға жететін кәсіпорында 184 жұ­­­­мыс орны ашылды. Арнайы кокстан бөлек, зауытта жылына 72 мың тонна көмір шайы­ры мен көмір майын өндіру де жоспарланып отыр.

Қарашада сондай-ақ осы облыстағы Сораң (Сарань) қаласының индус­­­триялық аймағындағы Silk Road Electronics зауы­тында отандық тұрмыстық техника өндірісі ашылды. Автомат­­тан­дырылған осы кәсіп­орында Artel бренді­мен жартылай авто­матты кір жуғыш машиналар мен теле­ди­дарлар, су жылыт­қыштар, шаңсор­ғыштар, асүй плита­­лары, шағын пештер, асүй ауата­зарт­қыштары сияқты 7 түрлі өнім шы­­ға­­­­­­­­ры­­­лады. Зауыт 2025 жылға қарай толық қуа­тына шыққанда жылына 1,1 миллион дана өнім шығаратын алмақ.

Мысалы, Көкшетау шаһары ел ау­зында «Аристондар қаласы» деп ата­латыны мә­лім. Өйткені орта­лықтан­­­­дырылған жылу жүйесі дамымаған бұл облыста Көкшетау, Шучинск және басқа да қалалар мен ауыл­дар қалпымен ресейлік «Аристон» бойлер­лерін пай­даланады: суды жылытып, суға түседі. Әрине, олардың бәрін орталық­­танды­рылған желіге қосу маңызды. Ол мүмкін емес жерлерде жатжұрттық бой­лерлерді отандық Artel ауыстырып жатса, бұл да жаңа экономикалық бағдардың бір игілігі болмақ. 

Қыркүйекте Жетісу облысында жаң­­ғыртудан кейін керамикалық тақтайша өндірісі ашылды. Оның қуаты жылына 1,2 миллионнан 3,5 млн шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Бұл еліміздегі осы өнім импортының 10%-ын өтеуге мүм­кіндік береді. 226 жұмыс орны құрылды.

Қостанайда әлемдік өндірушілермен өнеркәсіптік кооперация аясында бір­­қатар жоба жүзеге асырылды. Атап айт­­­қанда, жылына 10 мың дана қытайлық Jetour автокөліктерінің сериялық өнді­рісі, сондай-ақ жылына 15 мың дана че­хиялық Skoda автомобильдерінің өнді­рісі іске кіріскен.

Қазақстандық үлесті, локализацияны өрістету аясында қуаты жылына 25 мың кореялық Kia Sportage және Kia Cerato ав­томобильдерін дәнекерлеу мен шанақ-кузовын бояуды қоса алғанда, ұсақ торап­­­­тық әдіс арқылы құрастыру ұйым­­дас­­­­ты­рылады. Қуаты жылына 30 мың дана Chevrolet Onix автокөліктерін ұсақ тораптық әдіспен шығару жобасы қолға алынды. 

Қостанай индустриалдық аймағында қуаты жылына 70 мың автомобильді құ­рай­­тын жаңа Kia зауытының құры­лысы бас­­­тал­­­­­ды. Сонымен қатар шағын және орта бизнес­­тің қатысуымен автоком­поненттер шы­­­ға­­­­­­­ра­­тын орталықтың құрылысы жүріп жа­тыр.

Алматыда Hyundai Trans Almaty зауы­тын жаңғырту аяқталды: Golden Dragon қалалық автобустарын, сондай-ақ Hyundai жүк көліктерінің барлық моделін дәне­керлеу және бояу бойынша техно­логиялық операциялар іске қосылды.

Мұның сыртында Алматыда авто­крес­ло, мультимедиа жүйелері мен плас­тика­лық бөлшектер шығаратын Hyundai авто­мобильдік локализациялау паркінің құры­­лысы басталды. Локализациялауды тереңдету аясында инвестиция көлемі 12,4 млрд теңгені құрамақ. 400-ден астам жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Шымкентте жалпы құны 4,9 млрд тең­ге инвестиция салынған дымқыл майлықтар, сұйық және қатты сабын өнді­рісі өмірге жолдама алды. Зауыт жылына шамамен 15 мың тонна өнім шығара алады. Батыс Қазақстан облы­сында жалпы инвести­­­циясының көлемі шамамен 1,3 млрд тең­­геге жеткен бигбег (жұмсақ контей­­нерлер) шығару жобасы іске қосылды. Кәсіп­орынның қуаты – жылына 5 млн өнім. 

Биыл Қазақстанда бұған дейін елі­мізде өндірілмеген жаңа тауарлардың өндірісі жолға қойылды. Олардың қата­рында мұнай-химиялық реагенттер, айны­малы жиілікті жетектер, күн бата­реясының кар­­­тридждері, жоғары тұ­рақты электр үнем­дейтін кварцтық гене­раторлар, электронды температура түр­­­лендіргіштері және мем­­брандық бөлгіштер жүйелері, сондай-ақ жо­ғары вольтті вакуумдық автоматтық ажырат­қыштар және көпфункциялы есепте­гіштер бар.

Қарқынды кедергілер шектейді

Сенатор Сүйіндік Алдашевтың ай­туынша, 15 ірі жобаны жүзеге асыру ар­қылы басым бағыттарда терең өңдеу кластерлерін құру ісі кедергілерге жолы­ғуы мүмкін. Түйіні тарқатылмай тұрған күр­­­меулі проблемалардың ішінде басты үшеуін бөліп көрсетуге болады. 

Бірінші базалық проблема – жоба­­лардың шикізатпен жете қамтамасыз етіл­меуі, ресурстық базаның, газдың, электр және жылу энергиясының өсіп келе жат­қан тапшылығы, қым­бат­шылығы, инф­рақұрылымның қол­жетімсіздігі. 

Сондай-ақ кәсіпорындар салынатын алаңдардың жеткіліксіздігі, дайын бол­мауы. Атап айтқанда, Үкімет бәсекеге қабі­­­­летті өндірістер өркен жаюы үшін арнайы экономикалық аймақтар мен индустриалды аймақтарды қаптатып құрды. Алайда бүгінде барлық 13 АЭА-ның тек үшеуінде инфрақұрылымды құру жұ­мыстары то­­­лыққанды аяқталған. Қал­ған АЭА-ларда қажетті инфра­­­­­құ­ры­лымды қам­­та­­­масыз ету үшін кем де­генде 378 мил­лиард теңге талап етіледі.

Бюджетте сонша басы артық қаражат жоқ. Бұл бағытта бюджеттен жыл сайын 3,6 миллиард теңге немесе мұқтаждықтың 1 пайызынан азы ғана бөлінеді. Со­нымен бірге АЭА-лардың басқарушы компа­ния­­­лары төл функ­цио­нал­дық міндет­темелерін толық­қанды орындамай отыр. 

Дәл осы проблемалар топ­­­­тамасын шеш­­пей, бір­де-бір жоба табысты жү­зеге аспайды, ашыл­ға­н­ның өзінде артынша жа­былып тынуы мүм­кін. Әсіресе, кәсіп­­­орындарды шикі­зат­пен жеткілікті кө­лемде және ба­рын­ша арзан, тиім­ді бағамен қам­ту мәселесі өт­кір тұр. 

Проблема­лар­дың екінші топ­тамасы – жо­ба­ларды іске асыру барысында туын­дай­­тын мә­се­лелер. Бұған озық тех­­ноло­гия­­­ларды қолдану, қар­жы­­­­ландыру көз­де­рі мен жоба оператор­ла­рын анық­­тау, құрылыс нормативтерін жетіл­діру, өнеркәсіптік қауіп­сіздік, білікті кадр­­­­ларды даяр­лау, кластерлер құру, EPC-контрактілерді қол­­­дану жә­не тағы басқа мәселелер кі­реді. 

Үшінші топтама – маркетинг мәсе­лелері. Қазақстан экономикасы үшін өнім­ге қажеттілікті айқындау, өнімді экс­портқа жеткізу, шетелдік клиенттер табу, сондай-ақ оффтейк-келісім­шарт­тарды пайдалана отырып ішкі на­рыққа тасымалдау, өткізу сияқты мәсе­лелер бар.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев осы және басқа мәсе­­­лелер зерделеніп жатқанын жеткізді.

«Министрлік жобаларды жүзеге асы­ру жағдайларын пысықтайтын болады. Бір­­­қатар жобаны біз «қолмен басқару ре­жи­мінде» сүйемелдейтін боламыз. Мыса­­­лы, олар­дың жобалық құжатта­маларының сараптамадан өтуіне, энергетикалық ре­сурс­­­тармен және өзге­сімен жабдықта­­луына жәрдемде­семіз. Бірінші кезекте, шикізатпен қамтуға көңіл бөлінеді. Бұл бағытта үлкен жұмыс жүргіздік, бүгінде үш базалық металды – алюминийді, мыс пен қорғасынды жеткізу бойынша 25 келісім бекітілді», – деді министр. 

Мемлекет басшысының серпінді жобаларды, өңдеу өнеркәсібін шикі­затпен жеткілікті көлемде және тиімді бағамен қамтамасыз ету тапсырмасын орындау мақсатында шикізат өндіру­­шілерге қо­­сымша міндеттеме жүктеледі. Олар отан­­­дық өңдеуші кәсіпорындармен шикізат жет­кізу жөнінде өзара шарт жасасуға мін­деттеледі. Мұның бәрі табысты жүзеге ас­са, онда салада жылдар бойы қатқан «тоң» жібіп, өңдеу өнер­­кәсібінің өнімі «жас өскіндей» жаппай өнуі мүмкін.

Айхан ШӘРІП