22 желтоқсан күні Алматыда адам түршігерлік апат болды. Қаладағы №47 автобус Райымбек даңғылының бойындағы аялдама маңайында тұрған адамдарды қағып, 3 адам қаза тапты. Тағы үш адам ауруханаға түскен.
Абайлаңыз, автобус!
991
оқылды

«22 желтоқсанда сағат 18:15-те 47-ба­ғыт­тағы қоғамдық көліктің (жеке тасы­мал­даушы – «ДуманТрансКом» ЖШС) жолаушысы жанжал барысында жүргізуші әйелді ұрған, салдарынан ол есін жоғал­тып, көлікті басқара алмай қалған. Бақы­лаудан шығып кеткен қоғамдық көлік аялдамада тұрған адамдарды қағып, төрт көлікпен соқтығысты», – деп хабарлады Алматы Полиция департа­ментінің баспа­сөз қызметі. Кейін белгілі болғандай, автобус жүргізушісі мен жолаушының арасындағы кикілжіңге жолақы төлемі себеп болған. Полиция департаментінің мәліметінше, қоғамдық көлік жүргізу­шісін ұрған ер адам ұсталып, екі ай мерзімге қамауға алынды. Аталған дерек  ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, сараптама тағайындалды. Оқи­ғаның басқа да мән-жайлары анықталып жатыр.

Жолақы төлеміне байланысты мәселе еліміздегі екінші мегаполис – елордада жиі тіркеледі. Қалалық Көліктік бақылау департаментінің дерегінше, Астанада күн сайын 90 мыңдай жолаушы жолақысын төлеймейді. 2023 жылдың 11 айында төлем жасаудан жалтарған «қояндардың» саны 181 мыңнан асқан. Мұны пайызға шағып қарасақ, жолаушының 20%-ы тегін жүргенді тәуір көретін болып тұр. Осының кесірінен автобус парктері күніне 8 млн теңге, жылына 2,9 млрд кірістен қағылады екен. Жалпы, қалада  алты автобус паркінде 1 286 автобус бар. Оның 260-тан астамы жөндеу жұмыстарына байланысты тұрақты бағдарларға шықпағанымен, 1 мыңға жуық  қоғамдық көлік күнделікті жүреді. 

Елімізде қоғамдық көліктердің қатысу­мен болатын жол-көлік оқиғалары (ЖКО) азаймай тұр. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне сүйенсек, былтыр автобус жүргізушілерінің кінәсінен 382 ЖКО тіркеліп, 37 адам қайтыс болған. 

Естеріңізде болса, былтыр 8 сәуірде Шымкент қаласында қараусыз қалған авто­бус жүріп кетіп бір топ адамды қаққан болатын. Төрт адам сол жерде тіл тартпай кетіп, бір бала ауруханада көз жұмған. 2023 жылы 8 қарашада Алматыда №98 ав­то­бус бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кетіп, 1 адам қайтыс болды.

 

Болат АЛДАБЕРГЕНОВ,

 «ҚР Автокөлікшілер одағы» 

ЗТБ директорының орынбасары:                                                                                                              

– Жолаушылар тасымалында екі мәселе бар. Бірі – жүргізушілердің жетіспеуі. Екін­шісі – жол қауіпсіздігі. Жолаушылар та­сымалы саласында заңсыз тасымал өте көп. Пандемия кезінен бастап көбейіп кет­ті. InDrive, Яндекс платформалары қалаара­лық тасымал көп жасап жатыр. Олар­дың қызметі көп жағдайда бақылаусыз. Жер­гілікті атқарушы органдар тасы­мал­дау­шы компанияларды мүлдем бақылау жа­самайды. Әрбір автобус, таксиге техбайқау, жүргізушілеріне медтексеріс жасалуы керек. Кейбір парктерде ол қызмет мүлдем жоқ. Сол себепті Қазақстанда ТМД бойынша жол қауіпсіздігі өте төмен көрсеткіш көрсетіп отыр.  Екіншіден, көптеген өңірде жолаушылар тасымалы қызметі субсидия төлемейді. Субсидиясыз қазір қызметті жүргізу мүмкін емес. Онда жол ақысын көтеруге тура келеді. Алматы қаласында ғана толық төлем жүргізіліп отыр. Басқа облыстарда аз төлейді, тіпті кейбір облыстар мүлдем аз төлейді. Ол тасымал қызметіне қатты әсер етеді. 

 

Берік МЫРЗАЕВ,

 №3 автобус паркі директорының орынбасары:

– Қазір D санаты бойынша көлік жүргізу құқығы  25 жастан беріледі. Бұрын ол 21 жас болатын. Осыдан кейін автобус жүргізгісі келетін жастар ол уақытты күтпей басқа жұмысқа ауысып кетеді. Осыны қайта қалпына келтірсек, жүргізуші жетіспеушілігін шешуге септігін тигізер еді. Қазір жүргізушінің айлығы жаман емес, орта есеппен алғанда бір күнгі еңбегі 40 мың теңге көлемінде. Биыл жалақы 40% көтерілді, келесі жылға тағы 30-40% қосамыз деген жоспарымыз бар.

Райымбек ҚАБИБОЛЛА,

Астана қаласы Көліктік бақылау департаменті

директорының орынбасары:

– Жыл басынан бері 181 мың адам жо­лақысын төлеуден жалтарғаны анық­талды. Оның ішінде 9 мың 400 адамға әкім­шілік хаттама толтырылды. Айыппұлдың жалпы сомасы 65 млн теңгені құрады. Бұл былтырғы жылғыдан аз болды. Себебі  полиция қызметкерлерімен бірлесіп өт­кізе­тін іс-шараларымыз азайды. Біз автобустарға кіріп тексергенде жолақысын төлемеген адамдарды анықтап, оларға аялдамадан түсуді талап етеміз. Сол жерде 102 нөмірін теріп, полиция қызметкерлеріне хабарласамыз. Олар келеміз  дегенше жолаушылар күтпей, кетіп қалады.  Бізде оларды ұстап тұруға болмаса өз бетімізше әкімшілік хаттама толтыруға құзыретіміз жоқ. Егер де біздің мекемеге ондай құзырет берілсе, құқықбұзушылық та азаяр еді деп ойлаймын. Жолаушылар барлығы бірдей жолақасын төлеп отырса, қаладағы қоғамдық көлік қызметі де дамып, күнделікті жолаушылар ағымы туралы толық мәліметті алып отырар едік. 

 

Елбек ТАСБОЛАТҰЛЫ,

ҚМДБ шариғат және 

пәтуа бөлімінің маманы:

– Автобусқа мініп, ақысын төлемеу халықтың ақысын жеумен бірдей саналады. Себебі түскен түсім халықтың игілігіне жұмсалады. Тіпті, автобус паркі мекемесін жекеменшік компания деп қарағанның өзінде мінген адам автобустың қызметін пайдаланды ғой, дінде оны жалға алу деп айтылады. Пайғамбарымыз айтады «Жалшының ақысын терісі кеппей беріңдер»  деп, яғни мінген адам көлікті жалдаған есеп болады. Демек, жолақыны төлемеу біреудің ақысын арам жолмен жегенмен бірдей.

 

Жаңагүл ҚАЙЫРОВА,

психолог:

– Жолақысын төлемеу өзіндік сананың төмендігінен, өзімшілдіктен болады. Ережені басқалар ұстансын, бір менің төлемегенімнен ештеңе өзгермейді деген түсінік. Үкімет маған қарыз, мені тегін тасысын деген де ойлар болуы мүмкін, бұл – өзім жеке бір жолаушыдан естіген дәйектеме. Әр отбасында ішкі мәдениет (басқаныкін рұқсатсыз алмау, отбасы тұрмысындағы жауапкершілікті бөлу, оны мұқият орындау) қалыптаспағанда, адам оны сыртқа шыққанда да жасайды. Көшеде түкіру, подъезге қоқыс тастап кету де осы жолақысын төлемеумен бірдей жауапсыз­дық. Ал мұндай өзімшілдік тұлға ретінде өспегендіктен болады, бұл, өкінішке қарай жалпы біздің қоғамның қазіргі сипаты. 

Ұлағат БЕКБОЛАТ