Тұжырымдама қалыптасқан проблемаларды кезек күттірмей шешу үшін әзірленген.
Үкіметте 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы мақұлданды
857
оқылды

Үкімет отырысында Қазақстан аумағында 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасы таныстырылды,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Құжатта мынадай маңызды шаралар көзделген:

  • халықаралық стандарттарды орындау және еңбек жағдайының сапасын арттыру;
  • деректер базасын интеграциялау арқылы ұйымдарда еңбекті қорғау саласындағы проактивті мемлекеттік бақылауды күшейту;
  • жұмыс берушілерді экономикалық ынталандыру шараларының тиімділігін арттыру;
  • өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру моделін енгізіп, жұмыс күшін үнемдеу жүйесін құру.

Үкімет мүшелері тұжырымдаманы мақұлдау туралы қаулы қабылдады.

Әлихан Смайылов өмірді сақтандыру компаниялары келісімшарт  сыйақысының  бір бөлігін қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігіне оқытуға, ұжымдық және жеке қорғау құралдарын сатып алуға жұмсау туралы ұсыныс айтты.

«Көптеген елде өмірді сақтандыру компаниялары сақтандыру сыйлықақысының белгілі бір бөлігін превентивті іс-шараларға бағыттайды. Яғни, оларда қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігіне оқытуға, ұжымдық және жеке қорғау құралдарын сатып алуға басымдық беріледі. Біз де осындай жүйеге көшуіміз керек», – деді Үкімет басшысы. 

Ә.Смайылов 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы салада қалыптасқан проблемаларды кезек күттірмей шешу үшін әзірленгенін еске салды.

«Бұл құжат ең алдымен кәсіптік қауіп-қатерлер мен өндірістік жарақаттану деңгейін және кәсіптік ауру түрлерін төмендетуге бағытталған. Барлық тәуекел алдын ала ескерілетін болады. Өндірістегі қауіпсіздік саласын цифрландыру осы мәселелерді шешуге ықпал етуі тиіс», – деді ол.