Павлодар қаласы №2 сотының судьясы Ғабит Ахметов қол қойған хабарламада Бақауовтың мүліктік және моральдық зиянды толық өтеуге және еңбек, тұрғын үй және басқа да құқықтарын қалпына келтіруге құқығы бар екені көрсетілген.
Болат Бақауовқа қатысты үкім күшін жойды: сот экс-әкімнен ресми түрде кешірім сұрады
Фото: irbistv.kz
1,010
оқылды

Павлодардың №2 соты "билігін асыра пайдаланған" деп айып тағылған Павлодар облысының экс-әкімі Болат Бақауовтан ресми түрде кешірім сұрады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2023 жылғы 25 желтоқсанда іс-әрекетінде қылмыстық құқықбұзушылықтың болмауына байланысты ақталған Бақауовқа қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы заңды күшіне енді.

"Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 41-бабы  1-тармағына ("Моральдық зиянның зардаптарын жою") сәйкес, адамды ақтау туралы шешім қабылдаған қылмыстық процесті жүргізетін орган одан кінәсі үшін ресми түрде кешірім сұрауға міндетті. Сот заң нормаларын түсіндіріп, хабарлама жіберді",  деп хабарлады Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі.

Павлодар қаласы  №2 сотының судьясы Ғабит Ахметов қол қойған хабарламада Бақауовтың мүліктік және моральдық зиянды толық өтеуге және еңбек, тұрғын үй және басқа да құқықтарын қалпына келтіруге құқығы бар екені көрсетілген.

Еске салайық, бұған дейін Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауовтың ісі бойынша үкім күшін жойғанын хабарлаған едік.

"Павлодар қаласы №2 сотының 2020 жылғы 27 мамырдағы үкімімен бұрынғы Павлодар облысының әкімі ҚР ҚК-нің 361-бабы 4-бөлігі 3) тармағы бойынша қосымша есептелген салықтарды азайту мақсатында лауазымдық өкілеттерін асыра пайдаланғаны үшін сотталды. Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеушісінің 2022 жылғы 22 қазандағы қаулысымен сот үкімін шығарғаннан кейін Мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерінің салықты қате қосымша есептеуі  негізінде сараптама қорытындысы бойынша қылмыстық құқықбұзушылықтың болмауына байланысты ЖШС-ның салықты төлемеуі туралы іс тоқтатылды",  делінген хабарламада.

Тергеушінің істі тоқтатуына байланысты Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 2023 жылғы 10 мамырда заңсыз деп танылып, қосымша салықты есептеу туралы хабарламаның күші жойылды.

Осылайша, мемлекет мүддесіне айтарлықтай зиян келтірілмеді.

Бұл мән-жай сотқа үкім шығару кезінде белгісіз болған.