«AMANAT» партиясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады.
Көлік сатып алу үшін біз өз қолымызбен өзге елдің бюджетіне қаржы құйып отырмыз – Нартай Сәрсенғалиев
1,163
оқылды

Депутат ескі көліктер мәселесін айтты. Жаңа көлік сатып алудың қиындығына тоқталды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстандағы автокөліктер адам тасудан әуелде ада болуы керек. Себебі әбден тозығы жеткен, санмен сөйлейік: қазір Қазақстанда 4 миллион жеңіл автокөлік, 454 мың жүк көлігі мен 95 мың автобус бар. Стандартқа салсақ, темір тұлпардың талқаны шықпай жүріп беретін уақыты ең көп дегенде – 10 жыл. 

Қазақстанда тіркелген жеңіл автокөліктердің 49 пайызының зауыттан шыққанына 20 жылдан асқан, 21 пайызына 10 жыл толған, осылай кете береді. Жаңа деп саналатын 3 жылға дейінгі жеңіл автокөліктердің үлесі елімізде 6 пайыз ғана екен. Осыдан-ақ Қазақстандағы автопарктің мүшкіл жағдайын білуге болады. 

Қазақта: «Шабатын көлік күй тілейді» дейтін бар. Бірақ 4 миллион жеңіл автокөліктің тең жартысының тасжолға табаны тигеніне 20 жыл толған болса одан қандай күй сұраймыз? Үйсіз-күйсіз жүрген азаматтарымыздың ең болмағанда дұрыс көлік мінгісі-ақ келеді. Бірақ оған ақылға сыймайтын кедергілер қойылған. 

Себеп, Қазақстанға шетелден автокөлік әкелу үшін бірнеше төлем жасау керек. Бірінші, көлік бағасының 12 пайызын құрайтын қосымша құн салығын төлеу керек. Екінші, автокөлік бағасының 15 пайызына тең мемлекеттік баж төлеу керек. Үшінші, сәйкестендіру сертификатын төлеу керек. Яки, шетелден қандай автокөлік әкелсең де олардың Қазақстандағы диллерлерінен сертификат алу шарт, оның құны 60 мың теңгеден 140 мың теңгеге дейін. Төртінші, кедендік алым төлеу керек, шамамен 20 700 теңге. Бесінші, автокөліктің қозғалтқышының көлеміне қарай утилалым төлеу шарт. Ол 258 750 теңгеден басталып қымбаттай береді. Қозғалтқыш көлемі 3-тен асса 1 983 750 теңге төлеу керек біздің азамат. Оған қоса шамамен 350 000 теңге акциз төлеу керек. 

Әрі қарай, көліктің шығарылған жылына қарай төлем бар. "Первичка" дейді. Егер Қазақстанға әкелінген көліктің шығарылғанына 3 жылдан асса тағы 1,8 миллион теңге төлеу керек. Оған СВХ мен порттың және брокерлердің ақшасын қосыңыз. Осынша міндетті төлемнің салдарынан шетелдегі сапалы автокөлікті Қазақстан азаматтары әкеліп міне алмайды. 

Азаматтарымыз міндеттемелерді төлемейміз деп отырған жоқ, бірақ басты проблема кедендік "сетка". Яки, міне, мына құжатта Қазақстанға кіретін барлық автокөліктердің ең төменгі бағасы белгіленген. Бір ғана мысал, Қазақстандағы су жаңа «Хюндай Элантраның» құны ресми сайтта 11 миллион теңгеден басталады. Ал шетелде сол автокөлікті кемінде екі есе арзанға алуға болады. Бірақ кедендік сеткада аталған көліктің бағасы 13 800 доллар деп бекітілген. Сіз оны шетелден 10 000 долларға сатып алсаңыз да Қазақстанға тек 13 800 доллар деген бағамен кіреді. Және барлық салықтық және міндетті төлемдер осы бағадан есептеледі. 

Ең сорақысы, таусылмайтын төлемнен арылу үшін шетелден алған автокөліктерін алдымен Қырғызстанға әкеліп тіркейді. Ол жақтағы төлем бізден 2 есе аз екен. Сосын Қазақстанға кіргізеді. Осылайша біз өз қолымызбен өзге елдің бюджетіне қаржы құйып отырмыз. 2023 жылдың қаңтары мен сәуірі аралығында Қырғыз еліне 41 мың автокөлік кірген. Кейін соның біраз бөлігі біздің елге өткен делінеді ашық дерекөзде. Осылайша Қазақстан азаматтарын жақсы көлік міну құқығынан қағып және қазынаға түсуі тиіс қыруар қаражаттан да қағылып отыр. 

Осы тұста менің атыма толассыз келіп жатқан отандастарымыздың 3 талабы бар:

1. Қазақстанға шетелден кіргізілетін автокөліктердің шектік құны бекітілген кедендік сетканың бағасын төмендету. 

2. Алғашқы тіркеу бағасын түсіру. Қазір Қазақстанға әкелінетін көліктердің шыққанына 3 жылдан асса оған 1,8 миллион төлеу міндеттеледі, осы мерзімді 7 жылға дейін созу. 

3. Утилалымның бағасын төмендету.