2021 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қоғамдық-саяси өмірге белсенді тарту мақсатында ерекше қажеттілігі бар азаматтарға да жан-жақты мүмкіндіктер қарастыруды тапсырған болатын.
«Кедергісіз келешек»: 12 мыңға жуық ерекше қажеттілігі бар азамат жұмысқа орналасты
1,407
оқылды

Саясаттанушы Бауыржан Серікбаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен «AMANAT» партиясы «Кедергісіз келешек» арнайы партиялық жобасы арқылы ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қалай қолдау көрсетіп жатқанын мәлімдеді.

Айтуынша, Қазақстанда жаңа саяси, қоғамдық мәдениет қалыптасып келеді. Мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты барлығына тең мүмкіндіктер жасалған, өзара диалог пен пікіралуандығының жоғары саяси мәдениетін қалыптастыру. Қазірдің өзінде республика халқының 60% тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген жаңа буынның өкілдері. Бұл динамика алдағы уақытта да еселеп арта беретіні сөзсіз. Осы орайда елімізде жастарға, гендерлік теңдікке негізделген іс-шаралар жобасы қабылданып келеді. Соның бірі сайлау процесінде жастар мен әйелдерге 30% квота бөлу болды.

2021 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қоғамдық-саяси өмірге белсенді тарту мақсатында ерекше қажеттілігі бар азаматтарға да жан-жақты мүмкіндіктер қарастыруды тапсырған болатын. Президент: «Біз инклюзивті қоғам құрып жатырмыз. Ерекше қажеттілігі бар тұлғалар әзірге еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде көп емес. Квота бөлінетін азаматтар санатының тізімін кеңейтуді ұсынамын. Онда жастар мен әйелдерден бөлек, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға да квота белгілеу керек» деп атап өткен болатын.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру бағытында «AMANAT» партиясы «Кедергісіз келешек» арнайы партиялық жобасын қабылдады. Осы мақсатта арнайы концепция бекітіліп, іс-шаралар ауқымы мен іске асыру механизмдері жасалды. Жоба мақсаты республика бойынша 771 мыңнан астам ерекше қажеттілігі бар азаматтардың еліміздің әлеуметтік, экономикалық, саяси өміріне белсенді араласуын қамтамасыз ету.

«Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында 2023 жылы 927 жұмыс жәрмеңкелері өтіп, 12 мыңға жуық ерекше қажеттілігі бар азаматтар жұмысқа орналасты.

Жыл сайын партия қолдауымен еліміздің облыстары мен аймақтарынан 350-ге жуық ерекше қажеттілігі бар спортшылардың қатысуымен инклюзивті спорт фестивалі өткізіліп келеді.

Биыл 763 арнайы тақырыптық кездесулер ұйымдастырылып, 2258 ерекше қажеттілігі бар ел азаматтары партияның қоғамдық қабылдауларында болды.

Партия қолдауымен ерекше қажеттілігі бар талантты азаматтарды қолдау мақсатында «Жан шуақ» қоғамдық премиясы тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Сегіз бағыт бойынша әрбір жеңімпазға 1 млн теңге көлеміндегі ынталандыру марапаттары ұйымдастырылуда.

«AMANAT» партиясының ұстанымы тұтас еліміздің аумағын қамтыған, қоғамның әрбір бөлігімен белсенді жұмыс істеуге бағытталған жан-жақтылығымен ерекшеленеді. Партияның сайлауалды бағдарламасында айтылған, тұжырымдамамен бекітілген іс-шаралар ауқымының сатылап іске асып жатқаны да нақты практикалық нәтижелермен көрініс беруде. Алдағы уақытта да мемлекетіміздегі үлкен ресурсқа ие партияның халықтық жобаларының іске асып, еліміздің дамуына өзіндік үлесін қосатынына сенім мол», – дейді Бауыржан Серікбаев.