Сыр өңіріндегі жалдық сипатқа ие Байқоңыр қаласында басы ашық мәселе көп. Өзге елдің заңымен өмір сүретін ғарышты қалашықтың тұрғындары хабарласып, осындай мұң-мұқтажын жеткізіп отыр.
Байқоңырдағы жұрттың базынасы бар
1,432
оқылды

Жұлдызды қалашықта тіршілік етіп отырған дүйім жұрт Ресей меншігіндегі қалада өмір сүру күннен-күнге қиындап бара жатқанын айтып ашынады. Қым­­бат­­шылық қыспаққа алған аймақта әлеу­­меттік мәселе шаш-етектен. Азық-түлік бағасының аспандап тұрғанын айт­­пағанның өзінде, коммуналдық қыз­­­­­меттегі ала-құла баға, білім, денсау­­­лық саласындағы қордаланған мәселелер шешімін таппай тұрғанға ұқсайды. 

«Өзім осы қалада 1980 жылдан бері тұрамын. Сол уақыттан бастап жұлдызды қалашықта қордаланған түйткілдер ше­ші­­­мін таппай келеді. Соның ішінде ау­­рухана мәселесі қала халқын шар­­­­шат­­ты. Қаламызда бір кездері дүркіреп тұрған аурухана ғимараты бар. Бүгінде осы төрт қабатты емдеу орны 4 жылдан бері жұмыс істемейді. Қаңырап бос тұр. Ресейдің меншігінде болғасын, Қазақ­­стан тарапынан пайдалануға рұқсат жоқ. Қиыны сол, бұл емдеу мекемесі барлық құрал-жабдықтармен, перзентхана, ги­не­кология сынды бөлімшелермен де қамтамасыз етілген еді. Бірақ жұмысын тоқтатқан. Соның салдарынан қаладағы жүкті әйелдер, науқастанған адамдар, облыс орталығына, көрші аудандарға қатынап ем алуға мәжбүр. Тіпті, жабық режимдегі қалашықта Қазақстан иелігін­­дегі жедел жәрдем қызметі де жоқ. Ре­сей­­дің жедел жәрдем қызметіне жү­гіне­міз. Қолда бар мәліметке сәйкес, Қазақ­­стан тарапынан Ресей медици­­насына биылдың өзінде 1,5 млрд теңге бөлініпті. Бұл қаржы осы жедел жәрдем, жүкті әйелдерді босандыру секілді Ресей тарапынан Қазақстан азаматтарына меди­циналық қызмет көрсетуге бағытта­лып отыр деген ақпар бар. Ал Байқоңыр­­дағы жалғыз облыстық көпбейінді ауру­хана филиалы перзентхана, жедел жәр­­дем қызметімен қамтамасыз етілме­ген. Сондықтан осындай қыруар қар­жыны Ресей медицинасына бөлмей, есесіне өзіміздің медициналық қызмет сапасын арттыруға бағыттаса екен», – деп ашынады қала тұрғыны Кеңшілік Күзенбаев. 

Қала халқы қаңырап бос тұрған емдеу мекемесін Қазақстан меншігіне қайта­руға тиіс деп есептейді. Себебі иесіз тұр­ған бұл емдеу мекемесінде дайын меди­циналық құрал-жабдықтар бар. Бірақ пайдаланылмай, бос тұр екен. Сондай-ақ жыл сайын қазақтарға қызмет көрсету үшін Ресей медицинасына қыруар қар­жы бөлу жөнсіз деп санайды. Есесіне, бұл қаражатты халықтың әлеу­меттік жағ­дайын жақсартуға бағыттауға тиіс екенін айтады. 

«Денсаулық сақтау саласындағы түйт­­кілдердің түйіні тарқатылмай келе жатқанына талай жыл болды. Аталмыш емдеу мекемесінің ғимаратын Қазақстан меншігіне қайтарса, біраз мәселе шеші­мін табар еді деп ойлаймын. Бұған дейін Ресей меншігінде болған білім мекеме­лерін елімізге қайтару жұмыстары сәтті жүргізілді. Сондықтан бұл да шеші­летін мәселе деп есептеймін. Жалпы, жұлдыз­ды қалашықта көкейкесті мәселе аз емес. Алайда кімге шағымданарымызды білмейміз. Ғарышты қала облысқа қарасты Қармақшы ауданының аума­­ғында орналасқан. Бүгінде Байқоңыр қаласы бойынша 13 участке бар. Бірақ қаламыздан Қармақшы ауданына бірде-бір сайланған депутат жоқ. Сонда біздің базынамызды кім тыңдайды? Облыс әкіміне де үніміз жетпейді. Ең болмаса, Байқоңыр халқын аймақ басшысы қа­былдаса, айтар шағымымыз аз емес», – деп ойын толықтырды қала тұрғыны. 

Негізінен, жалпы аумағы 5 497,5 гек­тарды құрайтын Байқоңыр қаласында биылғы есеп бойынша 57 мыңның үстін­де халық тұрады. Оның ішінде 40 мың 615 адам Қазақстан азаматы болып та­былады. Дейтұрғанмен, қала халқы жа­бық қалашықта қазақстандықтардың құқы толық қорғалмай тұрғанын айтып ашынады. Ең сорақысы, коммуналдық төлем жүйесінде екі елдің арасындағы айырмашылық жер мен көктей екен. Яғни, Ресей валютасына шаққанда қа­зір­гі төлемақы қалтаға айтарлықтай салмақ салып тұрғанын алға тартады. 

«Жері қазақтікі болғанымен, заты Ресейдің меншігіндегі қалашықта мем­ле­­­­кеттік тіл мәселесі ойландырады. Қа­зақтілді газет-журналдарды табу қиын. Сондай-ақ мемлекеттік тілде хабар тара­татын аудиторияның да сапасы сын кө­термейді. Әсіресе, тек қана қазақ тілінде хабар тарататын Қазақ радиосы бәріне қолжетімді емес. Бір жерде қабылдаса, қаланың екінші шетінде қабылдау қиын. Ал ресейдің радиолары қаланың барлық аумағында қолжетімді. Менің ойымша, қазақ радиосы әрбір үйде қосулы болуға тиіс. Сонымен қатар байқоңырлықтар жылу жүйесіне жыл бойына төлем төлеп отырмыз. Бүгінде қалада төрт қазандық­­­­­тың екеуі газға қосылғаны мәлім. Яғни, өзіміздің көгілдір отынға қосылған. Со­­ған қарамастан, жылуға төлейтін ақы аспандап тұр. Жылу бағасы неге төменде­­­­мей тұрғанын түсінбей отырмыз. Қала газға қосылса, ай сайын төлейтін ақы арзандайды деп үміттенген едік. Бірақ олай болмай шықты. Ең бастысы, жылу маусымы аяқталса да, Байқоңыр билігі жылуға ақы алуды тоқтатпайды. Бұл қан­­шалықты заңды? Осы мәселені реттеп берсе деген тілегіміз бар», – деп мұңын шақты қаланың тағы бір тұрғыны Күләш Сейілбаева.

Қалай дегенде де, байқоңырлықтар әлеуметтік жағдайы күн санап төмендеп бара жатқанына қынжылып отыр. Басы-ауырып, балтыры сыздаса, сапалы ме­­­дици­­­­налық көмекке зәрулік, комму­­­­налдық төлемдегі келеңсіздік, қалтаны қақ­қан қымбатшылық жүйкені жұқар­­­тып тұрғанын еш бүкпесіз, жайып салды. Ендігі кезекте еститін Үкімет елдің жа­най­­­­­қайын ескерусіз қалдырмаса деген тілегін жеткізді. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы