«AMANAT» партиясының жемісті жүзеге асып жатқан жобаларының бірі – қоғамдық қабылдаулар алаңы. Халықпен көзбе-көз кездесіп, мұң-мұқтаж, ұсы­ныс-тілегін өз ауызынан есту – мемлекеттің әлеуметтік бейнесін анық түсініп, қоғамдық тынысын айқын сезінуге бірден-бір таптырмас тәсіл.
Қоғамдық қабылдау халықтың қолын ұзартты
1,362
оқылды

Ал ол жерге Мә­жіліс, мәслихат депутаттары, әкім, министр сияқты жоғары жауапкершілікке ие лауазымды тұлғалардың қатысуы мұндағы жемісті әсерді еселей түседі. Оған жылжымалы, онлайн, оффлайн форматтарды қосыңыз. Осы ретте, қо­ғамдық қабылдаулар аясында «Құқықтық көмек», «Табысқа апарар жол. Жұмыс табуға көмектесіңіз» атты жобалардың да жүзеге асырылып жатқанын атай кеткен жөн.

Биыл партияның қоғамдық қабылдаулар алаңына жалпы саны 99,2 мың адам жүгінген екен. Соның ішінде Қоғамдық қабылдау кабинеттерінде 24 293 қабылдау өткізіліп, 65 077 адам қабылданған. Ал қа­рал­ған мәсе­лелердің 55%-ы оң шешімін тапқан. Хабар­­­ласушы азаматтардың көтерген мәселелері көп ретте әлеуметтік қамсыздандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үймен қамтамасыз ету және жер телімдерін беру, жұмыспен қамту және денсаулық сақ­тау проб­ле­маларымен байланысты болған. Осы ретте, ең бір нәтижелі кездесулер қата­­рында оффлайн қабылдаулар тұр. Оған пар­тия ықпал еткенін де атай кеткен дұрыс. Мә­селен, партияның қоғамдық қабыл­дауына хабарласқан көп адам ұзақ уақыт бойы жергілікті атқарушы органдар мен Орталық мем­лекеттік органдардың басшыларының қабылдауына жазыла алмай жүргеніне ша­ғымданған. Сол өтініштері бойынша қоғам­дық қабылдау кабинеттеріне әкімдер мен ми­нистрлер шақырылды. Мәселен, қыр­күйек айында Республикалық қоғамдық қабылдау алаңында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қабылдау өткізді. Сол сияқ­ты 4 министр де аза­мат­тармен кездесті. Осы­лайша, партия алаңын­да тұр­ғындар жоғарғы басшыларға көзбе-көз кө­кейлерінде жүрген сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.

Одан кейінгі кезекте мобильді қоғамдық қабылдау жұмысын айта кетуге болады. Ол дегеніміз бір орталықта, бір ғимаратта өтетін іс-шара емес, халықтың ортасына барып кездесу. Осы себеппен былтыр, яки 2022 жылдың 14 наурызы күні мобильді қоғамдық қабылдау топ­тары ұйымдастырылған. Мақсат – шалғай жатқан ауылдық елді мекендерге барып, ауыл тұр­ғындарының тілегін тыңдау. Осы­лайша, биыл 489 ауылда 357 қабылдау өтіп, 3 299 өті­ніш қабылданды. Оның ішінде 42% мәселе оң шешімін тапты.

«Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауылындағы мектепке күрделі жөндеу керек болатын. Ауыл тұрғындары бұл мәселені бірнеше рет көтерген екен. Бірақ тыңдар құлақ болмаған. Ал мобильді қоғамдық қабылдау тобы кездесу өткізгеннен кейін сең қозғалған. 650 орынға арналған мектепке осылайша көп ұзамай шатыр орнату, жарық­тандыру, еден төсеу жұмыстары жүргізі­ліп, су құбыры, кәріз, бейнебақылау, жылу желілері тартылды. Жаңа оқу жылынан бастап, ба­лалар күрделі жөндеуден өткен, жаңарып жаңғырған мектепке барады», – дейді Қос­танай облысы Бейімбет Майлин ауданы қоғамдық қабылдау бөлмесінің кеңесшісі Айман Қадырова.

Мобильді қоғамдық қабылдаудың арқа­сында ауыл тұрғындары берген өтініш­тердің үлесі арта түскенін атай кету керек. Бір сөз­бен айтқанда, Мққ ауыл тұрғындары үшін жеке сипаттағы мәселелерін шешуге ғана емес, ауылды дамытуға қатысты да мін­берге айналды. Мәселен, 2021 жылы ауыл тұр­ғындарынан түскен өтініштердің үлесі 11,9 мың болса, 2022 жылы бұл 16,1 мың, ал 2023 жылдың 11 айында 17 мыңға жуықтады.

«Түркістан облысындағы Аққұм ауы­­лының тұрғындары Құрасбек Тыныбеков атындағы орта мектептің спорт залын жөн­деу және жаңадан акт залын салу мәселесін көтеріп жүргеніне көп болған екен. Пар­­­тияның арқасында бұл мәселе де оң шеші­мін тапты. Енді жаңа оқу жылынан бастап мек­­­тептегі барлық іс-шара жаңа акт залында өтіп жүр», – дейді партияның Түркістан облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Берік Құлжанов.

Рас-ақ. Партияның халықпен етене жұ­мыс жүргізудегі ынтасын сөз еткенде, халық­­тың азаматтық бастамаларына да лайықты бағасын берген жөн. Өйткені қоғамның белсенді өкілдері болмаса, партияның біртарапты бастамалары «жартастан шыққан жаңғырықтай» боп қалары сөзсіз. Осы ретте, «AMANAT» партиясы осы бастамаларды нығайта түсуі үшін түрлі жобаны қолға алуда. Олар – жетістіктерді бекітудің бір нышаны ретінде танылған «Құқықтық көмек» және «Табысқа апарар жол. Жұмыс табуға көмек­тесіңіз» жобалары. Соның ішінде «Құқық­тық көмек» жобасы аясында «AMANAT» партиясы мамыр айында құ­қықтық сауаттылықты арттыру және құ­­қықтық мә­­­селелер бойынша кеңестер беру мақ­­­сатында Республикалық заңгерлер кол­­­­­леджімен, Республикалық нотариаттық па­латамен, Республикалық заң кон­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­суль­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­тант­тары кол­­леджімен және «Халық­аралық ме­диация орталығы» РҚБ-мен меморандумға қол қойды. Сол кезде партия жобаның 1 000 қабылдауын өткізуді жоспарлаған еді. Әйтсе де, 2023 жылы 2 116 қабылдау жүргі­зілгенін  және ол қабылдауға 5 831 адам кел­генін ескерсек, бұл – мұндағы сұраныс­тың өзекті­лігін білдірсе керек. Бұл қабыл­­­­дауларда 761 өтінішке толық құқықтық қол­дау көрсе­тілсе, 830 азаматқа құжаттарын рәсім­­деуге, ал 395 азаматқа медиация келі­­сімін жасауға көмек көрсетілді, 3 845 өтініш бойын­ша ауызша кеңес берілді.

«Партиялық жобаның арқасында біз көптеген адамның мәселесін шешуге кө­­­мек­тестік. Мәселен, Павлодар облыстық фи­­­лиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне бір әйел көмек сұрап жүгінді. Ол ұлының әскерге шақырылғанын, бірақ несиені төлеудің кешіктірілігеніне байланысты өсімпұлдың тоқтатылмағанын айтты. Қабыл­­­­­­даудан кейін 4 банк әскерге шақы­рылған қарыз иесінен несиені өтеу үшін ақша алу және кешікті­­­рілген төлемақыны алу тәртібін тоқ­татты», – дейді партияның Павлодар об­лыстық филиа­лы қоғамдық қабылдау бө­лімінің меңгерушісі Бағлан Айсақова.

«Табысқа апарар жол. Жұмыс табуға көмектесіңіз» – бұл партияның сайлауалды бағдардамасындағы негізгі тарауға жататын басты мақсаттарының бірі бойынша бастау алған жоба. Айталық, қоғамдық қабылдау орталықтары азаматтардың өті­­­ніш­терін үнемі зерделеп, ай сайын талдау жүргізіп, негізгі мәселелерге тоқталып оты­­ра­­­ды екен. Соның ішінде жыл сайын жұ­­мыссыздар санының айтарлықтай өсуі бай­қалған. Ал жұмыссыздық дегеніміз  – бүгінде өзекті мәселелердің бірі. Жастар жұмыс тәжіри­бесінің жоқтығынан жұмысқа орна­ласуда қиындықтарға тап болады. Одан бөлек, азаматтардың күнделікті кездесетін мәселе­лері тағы бар. Республикалық қоғам­дық қабылдау қызметі әрдайым ел тынысын на­зар­­да ұстайтындықтан, осының бәрін екшей отыра, 20 қыркүйекте «Табысқа апа­рар жол. Жұмыс табуға көмектесіңіз» жо­басын қолға алған екен. 

«Бүгінде партияның облыстық филиал­­дарының қоғамдық қабылдауларында 70 қабылдау өткізіліп, 408 адам қабылданып, оның 117-сі, яки 29%-ы жұмысқа орналасты. Бұл көрсеткіш аз шығар, бірақ партияның бастамасы мен әрекетінің арқасында бұл адамдар жұмысқа орналасқанының өзі үлкен жетістік. Осы ретте, бірнеше адамның мәсе­лесі сол жерде шешілгенін атай кеткім ке­ле­ді. Мәселен, университетті дизайнер ма­ман­дығы бойын­ша тәмамдаған жас жігіт сол «Тұран Астана» университетіне баспагер бо­лып жұмысқа орналасты. Айтпақшы, ол бір жылдай жұмыс таба алмай жүрген болатын, өйткені тәжірибесі жоқ. Сондай-ақ «Биг Стар» ЖШС-на менеджер болып қа­был­­­данған жас қыз Аиданы да жұмысқа ор­на­­­­­ластыру мәселесі осы алаңда шешіл­ді», – дейді партияның Республикалық қоғамдық қабылдау қызметінің меңгерушісі Әлия Са­дырбаева.

Тоқ етерін айтқанда, қоғамдық қабылдау қызметі тек өңірлермен шектеліп қалып отырған жоқ. Мұнда кезінде Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы кезіндегі қоғамдық қабылдаулардың жұмысы да жүзеге асты. Мәселен, жыл ба­­­сында Парламент Мәжі­­лісіне сайлау кезінде қоғамдық қабылдаулар ұсыныстар мен тілек­терді жинауға тартылған болатын. Нау­­қан кезеңінде партия барлығы 38 454 ұсыныс жинады. Ол үшін барлық қоғамдық қабыл­­­­­­­дау бойынша 6 407 іс-шара өткізілді. Алдағы жылы да осы жұмыс­тар жоспар бойынша жалғаса беретін болады.

Нұрлан ҚОСАЙ