Қазақстанда бірыңғай уақыт бел­деуі енгізілуі мүмкін. Билік­тің бұл бас­тамасы жүзеге асса және Үкі­мет­тің тиісті қаулысы қабылданса, онда ол келесі жыл­­­­­­ғы тарихта қалар оқиға­лар­дың біріне айналмақ.
«Бір белдеу, бір сағат» – үйлесім бастауы
2,016
оқылды

Бірден 15 өңірдің жұртшылығына 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 нау­рызға қараған түні, сағат 00:00-де сағат тілін 1 сағатқа кері жыл­жытуға тура ке­леді. Ғалым­дар мен сарап­шы­лар бүкіл елді бір сағат бел­­­деуіне көшіруді қолдап отыр. Ал кейбіреулер үзілді-кесілді қарсылығын біл­дірді.

Жұрт неге алаңдайды?

Жергілікті уақыт Астанада, Алматы мен Шымкент қалаларында, сондай-ақ Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Сол­­­түстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шы­­ғыс Қазақстан облыстарында өзгер­­­мек. Қалған бес облыс қана қазіргі уақыт белдеуінде қалады. 

Ендеше 2024 жылдан бастап, елі­­­міз­­­дің өңірлерінің басым көпшілігінің тұр­­­ғындары балабақшаға, мектепке, уни­­­верситетке, жұмысқа бару және бас­қа шаруалары үшін бір сағат ерте оянуға мәжбүр болады. Бұл халыққа ұнап тұрған жоқ.

Сондықтан арнайы құрылған Уа­­­қытты есептеу тәртібі бойынша ве­­­­домствоаралық жұмыс тобы «UTC+5 бірың­­­ғай уақыт белдеуіне кө­­­шуді» түсіндіру үшін аталған 15 өңірді аралап, қоғам белсенділерімен, медици­на қызметкерлерімен, билік органдары жанындағы қоғамдық кеңестер мен қоғамдық бірлестіктер басшыларымен, сондай-ақ мәслихат депутаттарымен және ҚХА өкілдерімен кездесу өткізіп жатыр. Түсіндірмек ниетте.

«Мен сағат белдеуінің ауысқанына қарсымын! Қарапайым адамдарға мұның еш керегі жоқ. Өйткені күндізгі уақыт қысқарып қалайын деп тұр. Сонда бұл кімге пайдалы? Ақты қара, сұрды ала деп атап, халықты алдарқата беруді қою керек. Жұртшылықпен жүздесуге біз бұрын атын естімеген әлдебір «Жұлдыз­­­дар мен тұмандықтар физикасы» зерт­­­ханасының өкілдерін, келімсек ғалым­дарды, физик мамандарды әкеліпті, оларды дәйектемелері сын көтермейді. Бір «ақхалаттыларды» шақырыпты, олары: «сағат тілін ауыстырмасақ, қатер­­­лі ісікке ұшырауларың мүмкін» деп қор­қытады. Онкология белең алмау үшін экологияны жақсартпай ма?» – деді қоғам белсендісі Наталья Чайкина. 

Жергілікті тұрғын Қанат Мәмбетов көп өңірде сағат тіліне сәйкес, таң тым ерте ататынын қаперге салды. 

«Біздің Шығыс Қазақстан облысында онсыз да таң сағат 4-те атады. Уақыт «ке­рі шегіндірілсе» бұдан былай күн сағат 3-те шығатын болады. Бірақ кім түнгі үште тұрады? Демек, жарық уақыт­тың тұ­тас 5 сағаты жұрт шырт ұйқыда жат­қан­­да, босқа кеткелі тұр! Сарапшы­­­лардың айтуынша, шығыс өңірлерді және Алма­­ты қаласын керісінше, қазіргі қысқы уақытта қалдырмай, жазғы уақытқа ауыс­тыру керек. Яғни, сағат тілін бір сағатқа алға жылжыту қажет. Сонда астро­­­номиялық уақыт географиялық уақыт белдеуіне жақындайды. Сол себепті мен бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге түбегейлі қарсымын!» – деді ол.

Қазақстандықтар «келер жылдан бас­тап, жұмыстан кейінгі «күндізгі жеке уақыт» қысқарады» деп мазасызданады. Өйткені кешкі 18:00-ден кейін жұмыстан шыққан еңбеккерлер үшін негізінен 1,5 сағат қана күндіз жеке уақытына қал­ғалы тұр. Содан кейін қала, ауыл қараң­ғылық құшағына енеді. Қазіргі кезде күндізгі жеке уақытқа шамамен 2,5 са­­­ғаттай бар. Оның күрт азаюы кеңсе­­­лерде, сауда орындарында, жабық бөлмелерде, зауыт-цехтарда күн көзіне шықпай отыратын адамдар үшін бұл – салмақты «контраргумент» болса керек. 

Бүгінде бүкіл елді біртұтас уақыт белдеуінде топтастыруға қарсылық та­­нытуда, әсіресе шығысқазақ­­­стан­­­дықтар белсенді. Олар шығыс өңірлерді керісін­ше, бір сағат алға жылжытуды талап етуде. 

Осы бастамаға Үкімет атынан жауап­­ты Сауда және интеграция министр­­лігінің Техникалық реттеу және метро­­­логия комитеті Фесенков атындағы Ас­тро­­­физикалық институт маманда­­­рының ақпаратына сілтеме жасап, ШҚО тұрғындарының қаупін ішінара растады. 

Институт дерегінше, мәселен, егер қазіргі уақыт қалса, онда 2024 жылғы 22 маусымда Өскеменде таң сағат 4:15-те атып, күн 20:43-те батады. Үкімет пен оның ғалымдары ұсынып отырғандай, сағат тілі кері шегерілсе, онда 2024 жылғы 22 маусымда таң 3:15-те атып, күн 19:43-те ұясына қонады. Ғалымдар Өс­кемен қаласы және бүкіл ШҚО UTC+5 пен UTC+6 уақыт белдеуінің шека­­расында орналасқанына назар аудартты. Билік болса, оларды басыбайлы UTC+5 бел­деуіне сығымдап енгізбек. 

Үкіметтің дәйектемесі қандай?

Мемлекет тартқан сарапшылардың бірі, Шығыс Қазақстан облысының көп­са­­лалы онкология және хирургия орта­­лығы бас дәрігерінің орынбасары Анна Кухарева UTC+5 бірыңғай уақыт бел­­деуіне көшудің пайдасын алға тар­тады.

– Қазақстанда бірыңғай уақыт бел­­­деуін орнатудың «сөзсіз пайдасын» атап өткім келеді. Өйткені біздің пациенттер үшін табиғи және биологиялық белдеу­­­лерді синхрондау керек. Профилактика саласында физиологиялық ұйқының ұзақтығын қалыпқа келтіру маңызды. Дұрыс ұйқы адамның иммунитетіне оң әсер етеді. Иммунитеті жақсы қазақстан­­­дықтар созылмалы ауруларға бейім бол­майды. Бізде бірыңғай сағат белдеуі ен­гі­­­зілсе, пациенттерімізге тағайын­­­дай­тын дәрілік препараттарды қабылдау био­­­логиялық уақыт белдеулеріне сәйкес, яғ­ни тиімдірек жүреді, – деді А.Кухарева.

Шығыс Қазақстан облыстық мәсли­­­хатының төрағасы Денис Рыпаков қоғам тарапынан сын айтылып жатқанын жасырмады, бірақ оның пікірінше, қоғамдық пікірді өзгерту үшін түсінік­­теме жұмыстарын күшейткен жөн. 

«Халық тарапынан: «Бұл бізге не үшін керек? Біз бұрыннан осы уақытта өмір сүріп жатырмыз, соған бой үйреттік» дегендей, көптеген қарама-қайшы пікір айтылып жатыр. Жұрт бір сағат бұрын тұру керектігіне, жарық күннің ертерек басталатынына алаңдайды. Бірақ бұл жерде біздің балалар бір сағат бұрын төсекке жатып, олардың ұйқысы қана­­­тынын ескеру маңызды. Дәрігерлерден, хронобиология бойынша сарап­­­шы­­­лардан, географтардан түсініктеме ал­дық», – деді депутат.

«Астана» медицина университетінің Қалыпты физиология кафедрасының меңгерушісі Курейш Хамчиевтің пі­­­кі­­рінше, уақыттың дұрыс белгіленбеуі созылмалы шаршауға, түрлі аурулардың пайда болуына ықпал етеді.

«Көптеген өңірде десинхроноз болып тұр. Биологиялық ырғақтардың сәйкес келмеуі – ұзақмерзімді шаршаудың, депрессияның, ұйқысыздықтың және өнімділіктің төмендеуіне себеп. Мұның бәрі жүрек-қан тамырлары, қатерлі ісік және басқа аурулардың дамуы қаупіне түрткі болуы мүмкін. Циркадиялық немесе биологиялық ырғақтар өмірі­міздің ажырамас бөлігі. Циркадиялық стрестерге қарсы тұру өте қиын. Сон­­дықтан бүкіл республика халқының табиғи ырғағын синхронизациялау қа­­­жет», – деді К.Хамчиев.

Сауда және интеграция министрлігі «Қазақстан Республикасының аума­ғында уақытты есептеу тәртібі туралы» Үкіметтің 2000 жылғы 23 қарашадағы №1749 қаулысына өзгерістер енгізу ту­ралы» Үкіметтің жаңа қаулысының жобасын әзірледі. Құжат жаңа жылдың 1 наурызынан бастап, бүкіл Қазақстанды жалғыз ғана UTC+5 сағат белдеуінде топтастыруды қарастырады.

«Уақытты» біріктіру халықты біріктірмеді

Ведомствоның түсіндіруінше, Қазақстанда бүгінде екі сағат белдеуі UTC+5, UTC+6 қолданылады. Бұл ретте ел азаматтарының едәуір бөлігі өзінің географиялық уақытынан оза отырып, UTC+6 әкімшілік сағат белдеуінде өмір сүреді. Ғалымдардың пікірінше, озық уақытты қолдану – бірқатар аурулардың шиеленісу факторларының бірі. 

Осыған байланысты Қызылорда және Қостанай облыстарының қоғам бел­­сенділері, Парламент депутаттары уа­­қытты есептеу мәселелерін мезгіл-мез­­­гіл көтеріп отырды. Соның ішінде тек Қызыл­орда өңірінің тұрғындары ғана сағат тілін ауыстыруға қол жеткізе алды. 

Әйткенмен, бұл мәселені кешенді пысықтау үшін Сауда және интеграция министрлігінің жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына 60-тан астам мүше – ғылыми институттардың, медициналық жоғары оқу орындарының өкілдері, Парламент депутаттары, орта­­лық және жергілікті мемлекеттік орган­­­­дардың өкілдері мен қоғам белсенділері кірді.

Жұмыс тобының бастамашыл мүше­­­лері арнаулы есепті әзірледі. Онда озық уақыттың әлеуметтік салдары адам ұйқы­­­­сы қанбауының созылмалы сипат алуына, физикалық және ақыл-ой бел­­­­сенділігінің, иммунитеттің төмен­­­­деуіне соқтыраты айтылған. Бұл есеп 1 желтоқ­­­­сандағы жұмыс тобының отыры­­­­сында қаралған. Нәтижесінде, есеп бекітілді және Қазақстанда UTC+5 бірыңғай уақыт белдеуін енгізу ұсынылды.

«Сарапшылардың пікірінше, елдегі уақытты есептеудің көрсетілген нұсқа­­­сы – ең дұрыс және қолайлы нұсқа. Қазақ­­­станның көптеген өңірі үшін таби­ғи уақытқа өте жақын уақытты пайда­­­лануға мүмкіндік береді. Осыны ескере отырып, еліміздің барлық аумағы бойын­­­ша UTC+5 бірыңғай сағат бел­деуін қолдану ұсынылады. 15 өңір 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні жергілікті уақытты 1 сағат артқа жылжытуы керек. Жергілікті уақыт тек Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақ­­­стан, Қызылорда және Маңғыстау об­­­лыстарында өзгермейді, олар UTC+5 са­­­ғат белдеуінде қалады. Осылайша, Қазақстанның барлық аумағында 5-ші сағат белдеуі (UTC+5) қолданылатын болады», – деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігі.

Айта кету керек, Үкіметтің қаулы жобасын «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылау тоқтатылды. Құжат меморгандардың келісімінен өткен соң қабылдануы мүмкін. Алайда әлеуметтік желіде халық өз қарсылығын білдіруді жалғастырды. Қазақстан Үкіметінің «Бір белдеу, бір сағат» бастамасы айнала­­сындағы пікірталас та келесі жылға көшетін түрі бар.

Елдос СЕНБАЙ