ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жаңа инвестор мен орталық мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен Qarmet компаниясының қызметі бойынша жұмыс тобының отырысын өткізді.
Әлихан Смайылов Qarmet бойынша өзекті мәселелерге қатысты қажетті шешімдерді бір аптада қабылдауды тапсырды
527
оқылды

Қабылданған жедел шаралардың арқасында кәсіпорында желтоқсан айында өндіріс көлемінің артқаны атап өтілді. Ферроқорытпа қоры мен көмір қоры өсті. Дайын өнімді жөнелту қайта жанданды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Кәсіпорын қызметін тұрақтандыруға 28,6 млрд теңге жеке инвестиция тартылды. Еңбекақы уақытылы беріліп, салық төлемдері, сондай-ақ МӘМС төлемдері жүргізілді. 

Отырыс барысында қатысушылар комбинатты қажетті шикізатпен қамтамасыз ету, дайын өнім экспортын қолдау шараларын қамтамасыз ету, салық салу, анықталған экологиялық бұзушылықтарды жою және басқа да бірқатар мәселені талқылады.

2024 жылы Qarmet алдындағы негізгі міндеттер қатарында – жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өндіріс көлемін ұлғайту, жаңа инвестициялық келісімшарттар жасасу және өнімсіз шығындарды азайту, т.б. арқылы өнімнің өзіндік құнын төмендету мәселелері бар.

Жалпы, жаңа бизнес-модель аясында алдағы жылдары өндірісті жаңғырту және қайта ұйымдастыру, қауіпсіздік көрсеткіштері мен экологиялық жағдайды түбегейлі жақсарту (атап айтқанда, газға көшу), шығарылатын өнім номенклатурасын қайта қарау және т. б. шаралар қабылданады.

Премьер-Министр мемлекеттік органдар тарапынан комбинаттың өзекті мәселелерін шешуде қажетті қолдау көрсетуі керек екенін атап өтті. Осыған байланысты Әлихан Смайылов бір апта ішінде ең басым міндеттер бойынша қажетті шешімдерді қабылдауды тапсырды.